- Advertisement -

Жайдарманшылардың астарлы әзілдері жарасым тапты

317

- Advertisement -

«Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімінің кубогы үшін республикалық жайдарман ойындары өтті. Жайдарман ойынына еліміздің аумағынан – 5, облыс аумағынан 5 команда қатысты.
Жайдарманшылардың бұл кезекті ойыны Қазақстан құрамасы мен облыс құрамасының арасындағы жекпе-жек ретінде өтті.

Алдымен «Медиум – Тараз» бен «Эверест – Алматы» командалары өнер көрсетіп, алматылық команда басымдық танытты. Мұнан соң «Мәдениет жігіттері – Тараз» және «Арнайы әділет үшін – Алматы» командаларының өнерпаздары көпшілікті күлдіре отырып, санқилы ойға жетеледі.
Нәтижесінде тараздық команданың басымдығын қазылар алқасы анықтады. Мұнан соң «С акцентом – Жуалы» командасы мен «Байқоңыр – Қызылорда» командасы өнер көрсетті. Бұл жекпе — жекте байқоңырлықтар басым түсті. Байқоңырлықтардың: «Осы жайдарманға тігілген 1 миллионды біз алып, Байқоңырдан 6 сотық жер аламыз. Ертең Түркістаннан 1 миллион ұтсақ, тағы 6 сотық сатып аламыз. Сөйтіп бірте — бірте Байқоңыр жерін өзімізге қайтарып аламыз» деген астарлы әзілдеріне көрермен қошеметпен қол соғып, ризалықпен қабылдады. Бұл тартыста жеңіске байқоңырлықтар жетті.
Ал жерлесіміз «Шу -Чу – Шу» командасы шеберліктерімен ерекшеленіп, биылғы республикалық «Жайдарман» жоғары лигасының күміс жүлдегері «Рудный құрамасы – Қостанайды» ұтып кетті. Келесі кезекте «Тараз 2000 – Тараз» командасы мен биылғы «Жайдарман» жоғары лигасының чемпиондары «Миллион –Шымкент» командасы өнер көрсетті. Олардың: «Тараз халқы миллион адамға жетсін» деп әзілдеуі көңілдерден шықты.
Ойын барысында әділқазылар алқасының мүшелері, облыстық мәслихат депутаты Уәлихан Болатбек пікір білдірді.
Қазылар алқасының мүшелері Саят Төлепберген «Тараздан чемпион шықса екен» деген ойын іркіп қалмады, ал облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы командалардың әзілдерінде кемшін тұстардың болғандығын жасырмады.
Жарыс соңында сахна төріне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек көтеріліп, өнер көрсеткен командаларға алғысын білдірді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін, құттықтауын жеткізді. Соңғы ойында «Миллион – Шымкент» командасы ұтты. Сөйтіп, жекпе-жекте 3:2 есебімен Қазақ елінің атынан шыққан командалар жеңіске жетті. Жеңімпаздарға облыс әкімінің кубогы, диплом, қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Жайдарман жүргізушісі командалар атынан осындай тамаша әзіл кешін ұйымдастырған жергілікті әкімдікке алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support