- Advertisement -

Бостандық пен Аққұмның игі істері басқаларға жұғысты болғай!

48

- Advertisement -

Нұрғазы Шәріпбаевты көптен бері білетінбіз. Ол осы өңірге белгілі кәсіпкер. Оның кірпіш шығарумен айналыса бастағанына 10 жылдан аса уақыт өтті. Қазір оның кірпіш шығаратын кішігірім зауытын ұлы Олжас басқарады. Нұрекең зейнетке шыққанымен қол қусырып отыра алмайтын азамат. Ардагерлер оны биыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады.

Аз уақыт ішінде-ақ ел сеніміне бөленген ол жұмысты жаңаша бастады. Ауыл ардагерлерімен бірлесіп «Игілік» деп аталатын қор құрды. Сол қорға жиналған қаражатты ауылдағы қордаланып қалған мәселелерді шешуге жұмсады. Атап айтқанда, ауыл судың басында отыр дегенмен оншақты жылдан бері көшелердегі арықтар арқылы ағын су ақпайтын. Шаруалар Таластың табанына матор қойып, суды егістік алқабына зорға шығаратын. Жөн білетін, іс білетін ежелгі мұраптармен ақылдасқан Нұрекең «Ұзын» каналын тазалап, ауылдағы екі көшенің бойындағы арықтарды қайта қалпына келтіртіп, ауылға су әкелді. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Енді сәтін салса қалған көшелерге де ағын су беріледі.
– Елдің басын біріктіріп, елеулі іс тындырған Нұрғазы ағамызға алғысым шексіз, – дейді Аққұм ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов, – бұрын қараусыз қалған бабаларымыздың қорымдары қоршалды. Көккөлдегі қорымды қоршау да қолға алынуда. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген осы.
Нұрғазымен сөйлестік. Ол өз сөзінде бір кездері атақ-даңқы алысқа кеткен Бостандық ауылының соңғы кездері көріксіз күйге түскеніне қыңжылатынын айтып, осы ауылдың перзенттері неге бірігіп, елдің еңсесін көтермеске деп ойландым деді. Ол ойымды жүзеге асырмаққа ел ағаларымен бірлестім. Оларға рақмет, ұсынысым қолдау тапты. Енді ауылдың сыртында әр жерде шашылып жатқан күл-қоқыстарды жинақтап, тазаласақ деп отырмыз.
«Ардагер болсаң осындай бол» деп біз оның ізгі-ниетін құп көрдік. Ардагерлер ұйымы қаржысы жоқ қоғамдық ұйым ғой. Бірақ соған қарамастан Нұрғазының өзі бас болып тағы бір игі істің ұйымдастырушысы болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ауылдың көркеюіне елеулі үлес қосқан 10 ардагерді Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Олардың арасында бүгіндері 90 жасты алқымдаған Қамшыбек Жазықбаев сияқты ақсақал бар. Осынау салтанатты іс-шараға облыстық ардагерлер ұйымының жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов қатысып, ауыл ардагерлерінің үлгілі ісіне ризашылығын білдірді. Жаңадан сайланған ауылдық билер кеңесінің мүшелері Жаңабек Есімовке, Бодаубек Айтбековке, Рәт Айғараевтарға арнайы куәліктер табыс етілді. Жүрек тебірентерлік жиында Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов және осы жолдардың авторы сөз сөйлеп, ынтымақ пен бірлік жүрген жерде береке мен молшылық болады десті. Осы жиында Ж.Әсемов ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге «Ауданның Құрметті ардагері» атағын табыс етті. Жиыннан соң аумақтағы билер көршілес Аққұм ауылындағы билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсеновтің «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында атқарылып жатқан іс-тәжірбиесімен танысып қайтты. Мұнда Оңласын Есіркепов дауларды шешудің жолдары жайлы семинар-кеңес өткізді.
Жиынға қатысушылар Бостандық және Аққұм ауылдарындағы асарлатып салынған үйлерді барып көрді. Әсіресе Бостандық ауылындағы үй көздің жауын алғандай. 108 шаршы метрді алып жатқан үйдің табанындағы төсенішін кілем дерсің. Тіпті, терезелеріне тұтылған перде мен люстраны да демеушілер орнатып беріпті. Үйді газбен жылытады. Бір сөзбен айтқанда, қаладағыдан еш кем емес. Тұрмысы төмен отбасыларға берілетін екі ауылдағы үйлердің қоныс тойы сәтін салса жақын күндері өткізілетін көрінеді. Міне елдік, міне бірлік.
Бір сөзбен айтқанда Бостандық және Аққұм ауылдарының ақсақалдарының игі ісі өзге елді мекендерге де жұғысты болса екен деп тілеп қайттық.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас аудандық
билер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support