Өмірі – өнеге, өнері – үлгі

Өмірі – өнеге, өнері – үлгі
ашық дереккөз
Өмірі – өнеге, өнері – үлгі
ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-драматург, ақын, талантты актер Болат Бекжановтың есімі елімізге кеңінен таныс. Әсіресе, әдебиетсүйер, мәдениетке жанашыр азаматтар жақсы біледі. Көзі тірі болғанда Болат Үмбетәліұлы осы қараша айында 63 жасқа толып, 45 жылға жуық ел үшін атқарған қызметіне шүкір деп, зейнетке шығып жататын еді-ау! Қырық жылдан астам өңірдің мәдени, рухани өміріне өлшеусіз үлес қосқан нар тұлғаны жерлестері ұмытпай, Талас ауданындағы Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылдық клубында оның рухани інілері және Ш.Смаханұлы атындағы негізгі мектеп ұстаздарының ұйымдастыруымен «Өмірі – өнеге, өнері – үлгі» атты еске алу кеш өтті. Іс-шараны Ойық ауылдық округінің әкімі Нұржан Мұхтаров ашып, жазушының қоғамдағы биік орнын, туған жері үшін де ерекше мақтаныш тұлға екенін айтып, мұралары елдің керегіне қашанда жарай беретініне тоқталды. Ақпарат саласының үздігі, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының аға ғылыми қызметкері Ерман Әбдиев өзінің сөзінде Болат Үмбетәліұлының өлеңге, өнерге барша көпшілікке, ағайын-туысқа жанашырлық қасиеттеріне тоқталып, қаламгердің мұраларын, шығармаларын өскелең ұрпаққа жеткізу, қастерлеу оның рухани інілеріне, шәкірттеріне, мәдениет пен руханиятқа жауапты кісілерге аманат екеніне жиналғандардың назарын аударды. Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлы да, ақынның замандасы Жақсылық Тұрсынбайұлы да ағынан жарылып сөз сөйледі. Ал Ш.Смаханұлы негізгі мектебінің мұғалімі Айсұлу Жолтаева қаламгерге құрмет толастамайтынын, өзі жақында облыстық, аудандық басылымдарға Болат Бекжановтың биік тұлғасы жайлы мақала жазғанын айтып, алдағы уақытта да бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіле беретінін жеткізді. Қаламгердің жары Жалғат Айтуева 18 жасында үлкен әулетке келін болып түскенін, елу жылдан астам отандасқанда Бөкеңнің тек биік тұлғасын, азаматтық деңгейіне куә болғанын, отбасына да сән беріп, ұл-қызына жанашыр әке, немерелеріне мейірімді ата болғанын айтып, көпшіліктің көңілін елжіретті. Осынау еске алу кешінде мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтып, шексіз құрметтерін көрсетіп жатты. Еске алу кешінің маңызы жерлестері үшін де, жас ұрпақтар үшін де ерекше болғаны анық. Енді еске алу кеші өзі соңғы уақытта еңбек еткен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында кеңінен жалғасын тапса деген тілегіміз бар.

Есет ДОСАЛЫ,

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар