- Advertisement -

Өнім жәрмеңкесі енді өнер жәрмеңкесіне ұласса…

156

- Advertisement -

Ежелден еншісі бөлінбеген, татулықтың іргесі сөгілмеген қазақ пен қырғыз егіздің сыңарындай бір-біріне жақын халық. Оған ешкімнің таласы болмаса керек. Тамыры бір, көрші жатқан екі ел асқақ Алатауды да бірге еншілеп, ұзын аққан Таластың суын да қатар ішіп отырғаны белгілі. Мәдениет, руханият, спортта да қаншама өзара берік байланыс бар десеңізші!

Мұның барлығын қопарып айтып, еске алып отыруымыз бекер емес. Жақында Тараз қаласында Қырғызстанның Талас және Шу облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл іс-шара көрші облыстардың Жамбыл облысындағы күндері деп те  аталды. Бұл күні қырғыздың картоп, алма, қызанақ, көкөніс, жеміс-жидектері, жалпы біршама ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағамен сатылды. Тараздың тұрғындары картопты қабымен, алманы, қызанақты жәшігімен алып қарық болып жатты. Яғни, бұл екі тарапқа да өте тиімді іс-шара болғаны анық. Айыр қалпақты бауырлар ауыл шаруашылығы жәрмеңкесімен шектелген жоқ, «Көне Тараз» этномәдени кешенінде концерт қойып та берді. Тараздықтар қырғыздың әуезді әндерін тыңдап, билерін тамашалап, ғажайып әсерге  бөленді.

Қалай айтсақ та көрші елден арзан бағамен азық-түліктің келуі тараздықтардың қыс маусымына біраз қор жинап алуына сеп болды. Енді алдағы уақытта осынау өнім жәрмеңкесі өнер жәрмеңкесіне жалғасса, бауырлас екі ел арасында мәдениет пен өнер күндері  (өнер жәрмеңкесі) тұрақты жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Бұған негіз болатын жағдайлар да көп. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елдің өнері мен мәдениеті ежелден қойындасып кеткен. Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстары әдебиетіміздің алтын қорына айналғалы қашан. Содан болар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың біраз айтыстары, жарияланбаған жырлары Қырғыз елінде, оның ішінде көршілес Талас облысында да сақталып қалған екен. Мұны «Aq jol» газеті мәселе етіп көтеріп жазды. Одан бөлек қазақ пен қырғыз жазушыларының, ақындарының, жалпы өнер, мәдениет адамдарының достығы, ынтымағы, қарым-қатынасы, барыс-келісі туралы жиі жазылады. Бұл киелі байланыс, мәңгілік достық ешқашан үзілмеген. Қазақ пен қырғыздың қазіргі айтыскерлері арасында да жақсы, тату байланыс бар. Қырғыздың кейбір айтыскерлері біз жаққа келіп жүрсе, Ахметжан Өзбеков, Алик Бекмұсаев, Нұрлыбек Құрманов, Бақытбек Жұмабеков бастаған біздің өңірдің айтыскерлері де қырғыз жеріне айтыстарға барып тұрады. Өңіріміздің маңдайалды әншілері Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев қырғыз әнін орындап үлкен құрметке бөленіп жүрген жоқ па?

Міне, осыдан кейін қырғыз ағайындардың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өнер жәрмеңкесіне ұласса деген ниетте жүрген кісілер аз емес. Бұл  ойды алғашқы болып өңіріміздегі белгілі өнер жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан айтты. «Қырғыз әні мен қомузының үнін естісем балалық шағыма ораламын. Бүгін де сондай күй кештім. Біз туып-өскен Қордай жері қырғыз елімен тым араласып кеткен өңір ғой. Арамызды сарқыраған Шу өзені ғана бөліп жатыр. Баяғыда шекара жоқ кезде, Шуды кешіп өтіп Тоқмаққа күнәра барар едік. Біздің ауылдың жартысына жуығы қырғыздармен құда-жекжат. Жәрмеңкеден картоп, алма, жүзім сатып алған ол да жақсы. Керек нәрсе. Енді шіркін, рухани байланыс жанданса. Өнер мен мәдениет, әдебиет арасына алыс-беріс, барыс-келіс орнаса. Осы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі болашақта өнер жәрмеңкесіне жалғасса ғажап іс болар еді» депті ол әлеуметтік желідегі өз парақшасында. Асқарбек Сейілхан ағаға арнайы хабарласып та пікірін білдік.

– Біздің Асқар Тоқпанов атындағы драма театр Бішкекке соңғы рет 2012 жылы барған екен. Содан бері екі елдің өнер шеберлері бір-біріне ат ізін салмапты. Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық тойына тамаша қойылым дайындаған едік. Апарып қойып берудің сәті түспеді. Екі ел арасында рухани байланыс, өнер байланысы болса, сыйластық бұрынғыдан да бекем болар еді деп ойлаймын, – дейді Асқарбек Сейілхан.

Асекеңнің әлеуметтік желідегі жазбасына белгілі актер Алтай Сәтібеков:  «Қазақ қырғыз бір туған» деген сөз бар. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде  қаншама қырғыз жігіттері  «Қазақстанға барамыз. Қолдаймыз, біз де қарап отырмаймыз» деп дүрбелең салған. Өте бауырмал сыйластығымыз, арамыздың жақын екені осыдан да көрініп тұрған жоқ па? Қырғызда өте көп іссапармен жүрдім. Қаншама қырғыз достарым бар» деп қолдау білдіріпті.

Шынында да өңіріміздің өнері мен мәдениеті, филармониясы, театры, музейі мен кітапханалары қырғыздың көршілес облыстарына барып жатса, олардың делегациясы бізге келіп жатса қандай жарасымды болар еді.

Біздің  айтарымыз қазақ пен қырғыз достығы бүгіннен басталған жоқ. Баяғыдан бар, тамыры терең. Сол достық  мәдениет пен өнер жағынан да жалғасын тауып, екі араны ынтымақтың алтын жібі жалғап жатса деген тілегіміз бар. Бұл ұсыныс аталған салаға жауапты азаматтар тарапынан қолдау табады деген үміттеміз.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support