- Advertisement -

Табиғи гранитті қайта өңдеу арқылы жағдайын жақсартып алды

40

- Advertisement -

Өңіріміздің жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм ауданы кейінгі жылдары аграрлы аймақтан өндірісті өңірге айналып келеді. Өткен ғасырда құмды өлкенің маңғаз даласын жайлаған малшы қауымның шаруасы шалқып, жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері әлі күнге дейін көптің есінде. Аты аңызға айналған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың есімін елге танытқан да осы Мойынқұмның малға жайлы даласы деуге болады. Бұдан бөлек, Жазатаның ауылынан Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің де біразын кезіктіруге болады. Дәлірек айтқанда, бұл аймақта бірнеше химиялық элементтердің қосындысынан құралған гранит қорының мол екенін айта кету керек. Бүгінгі күнге дейін кен орындары аумағында байырғы әдіспен өңделіп келген гранит өндірісі аудандағы «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты табиғи гранитті қайта өңдеу зауытының ашылуымен жақсара түскендей.

Соңғы жылдары еліміздегі құрылыс нысандарында дәл осы Мойынқұмның граниті пайдаланылған ғимараттарды көптеп кездестіруге болады. Тіпті шетелдік туристерді таңдай қақтырған «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі сәні мен салтанаты келіскен зәулім ғимараттардың ажарын ашуда да Мойынқұмнан өндірілген гранит көп кәдеге жараған көрінеді. Ол аз десеңіз, көршілес Ресей мен бірқатар ТМД елдерінде де «Оргстройдың» граниті қолданылған нысандар баршылық.

Аталмыш өндіріс орны шикізатты Желтау, Майкөл және Жалғыз сынды кен орындарынан алады. Серіктестік барлау жұмыстары барысында ондағы шикізат қорының алдағы онжылдыққа жететінін анықтаған. Ал бұрнағы жылдары гранит өндіру ісі дәл осы кен орындарының аумағындағы шағын ғана цехта жүргізіліп келсе, осыдан үш жыл бұрын «Оргстрой» ЖШС Мирный ауылы жанынан заманауи үлгіде жабдықталған табиғи гранитті қайта өңдеу зауытын іске қосыпты. Бүгінгі таңда  озық технологиялық құрылғылармен жабдықталған кәсіпорынның жұмысын ауыз толтырып айтуға боларлықтай. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін көп көрген «Оргстрой» табиғи гранитті өңдеу ісінде жаңа технология енгізудің алғашқы кезеңін табысты аяқтаған.

– Cеріктестік Мойынқұм даласында 1993 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ұзақ жылдар бойы өнім кен орындары аумағындағы шағын ғана цехтар арқылы алынды. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына қомақты инвестиция тартылды. Нәтижесінде, аумағы үш негізгі блоктан тұратын заманауи үлгіде жабдықталған кәсіпорын бой көтерді. Жуырда біз гранитті кесуге арналған екі бірдей жаңа цехты іске қостық. Оған қоса гранитті өңдеу ісінде жаңа технологияны пайдалануға көштік. Алғашында гранит игеріле бастаған сәттен шикізатты алуда жару әдісі қолданылып келген еді. Оның салдарынан жердің гранитті қабатына орасан зор нұқсан келетін. Тіпті шикізаттың 30-40 пайызы пайдалануға жарамай да қалатын. Ал қазіргі қолданыстағы технология өте тиімді, әрі мұндай шығынға жол бермейді. Арнайы құрылғылардың көмегімен тас керегінше кесіліп алынады. Сондықтан да гранитті қабаттың төменгі қабатына ешқандай нұқсан келмейді, – дейді «Оргстрой» ЖШС директорының орынбасары Қанат Мұратбек.

Цехтарға гранит өңдеудің жаңа технологиясын енгізу арқылы кәсіпорынның еңбек өнімділігі бірнеше есеге артқан. Нақтырақ айтқанда, күніне 1000 текше метр гранитті плита мен төсемдердің барлық түрлерін  әзірлеуге қауқарлы. Сондай-ақ мұндағы шикізаттан дайын өнім алу үрдісі бірнеше сатыдан тұрады. Кен орындарынан алынатын шикізаттар  арнайы станоктарда қажетінше кесіліп дайындалады. Құрылысқа пайдаланылатын плитаның стандартты көлемі көбінде 60 шаршы сантиметрді құрайды. Дейтұрғанмен кейбір тұтынушылар еңбек өнімділігін арттыру үшін ұзындығы 2-3 метрді құрайтын плиталарға да тапсырыс беруді жөн санайды.

Өндіріс ошағындағылардың айтуынша, гранитті өңдеу жұмыстарына өте көп мөлшерде су жұмсалатын көрінеді. Алғашында шөлді аймақта орналасқан кәсіпорын гранитті блокты кесетін станоктарды суытуға қажетті судың тапшылығын сезінген. Расымен де, жерасты суы тым тереңде орналасқан Мойынқұмда бұл мәселе өзінің өзектілігін әлі де жоя қойған жоқ. Десе де, бірнеше жыл бұрын «Оргстрой» ЖШС бұл түйткілдің түйінін тарқатқандай болды. 150 метр тереңдіктен табылған суды өндірісте пайдалану үшін итальяндықтардың тәжірибесі қолданылыпты.

– Өндіріске қажетті су көздерін игеру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде 150 метр тереңдіктен қазылған құдықтан су табылды. Алайда оның да қоры шектеулі. Сондықтан да өзіндік құнының тым жоғары болуына қарамастан, итальяндық технологияны қолдануды бастадық. Оның тиімділігі – өндірістік мақсатта жұмсалған судың 98  пайызын қайта қолданысқа жаратуға мүмкіндік беруінде болып отыр.

Сонымен қатар еліміздегі алдыңғы қатарлы өндіріс орнында шешімін күткен бірқатар мәселелер де бар. Айталық, кейінгі жылдары пандемияға байланысты орын алған төтенше жағдай серіктестіктің жұмысына айтарлықтай қолбайлау болды. Бұл мәселе әлі де бар. Сонымен бірге біздің жұмыс маусымдық болғандықтан қараша айында жұмысты толығымен тоқтатып, көктемде қайтадан кірісеміз. Өйткені арнайы құрылғылардың барлығы су арқылы жұмыс істейді. Ал күн суытқанда су қатып қалады.

Ондағы жұмысшыларға қажетті ауыз су мәселесі де өзекті болып тұр. Қазіргі кезде ауыз суды Шу ауданынан темір жол арқылы алудамыз. Оған қоса, өзіміздің жеке көлігімізбен де тасып жатырмыз. Бұл түйткіл тек біздің ғана емес, кәсіпорын маңындағы ауылдардың да бас ауруына айналған, – дейді Қанат Мұратбек.

Дайын өнімдерін республиканың барлық өңірі мен Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы секілді көршілес мемлекеттерге жөнелтетін серіктестік әзірге темір жолдың мүмкіндіктерін кәдеге жаратуда. Бүгінде өнімнің жартысына жуығын алыс-жақын шетелдерге шығарып отырған кәсіпорын өзінің көліктік-логистикалық кешенін жетілдіруге күш салуда. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне сай «Оргстрой» жақын маңдағы Мирный ауылына көмек көрсетуге мүдделі. Мәселен, серіктестік тарапынан жыл сайын аталған ауылдың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттері тұрақты түрде таратылып тұрады екен. Одан бөлек, төтенше жағдай кезінде де аудандық ауруханаға медициналық құрылғы алып беруге жәрдем көрсетіпті. Қазірдің өзінде аталған өндіріс орнында жұмыс істейтін 100-ге жуық жұмысшының көбісі осы ауылдың тұрғындары екен.

Қорыта айтқанда, бұрнағы жылдары мал шаруашылығымен даңқы шыққан  Мойынқұмның тасын өңдеп, оны алыс-жақын шетелдерге экспорттауды қолға алған серіктестіктің бүгінгі тіршілігі ауыз толтырып айтарлықтай. Жуырда ғана заманауи технологияларды іс жүзінде қолданысқа енгізген кәсіпорын облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданның индустриалды аймаққа айналуына тың серпін береді деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support