- Advertisement -

Көрген-баққан

351

- Advertisement -

Күнделік жазу – күн сайынғы тірлігіңді көз алдыңнан өткізіп, естен шығып қалмау үшін қағазға түсіріп отыру ғана емес қой. Күнделік жазу – сол сәтте сарқырап кеп қалған тасқын ойды жоғалтып алмай, күнделікті өмірде көрген-баққаныңа байланысты ішкі сезіміңді, тебіренісіңді, эмоцияңды жасырмай қағазға түсіріп, содан бір түйін жасап, ой түйе білу болса керек. Сарғайған қағаздағы жазулардың маңыздылығы осында… Қазақ баспасөзінде бұған дейін де талай мықтының күнделіктері жарияланған. Сол ескі дәстүрді «Aq jol» газеті де жалғастырып, жазушы Рахымжан Отарбаевтың қаншама жылдардан бері қағазға түсіріп отырған күнделіктерін нөмір сайын жариялап отырмақ. Марқұм Рахымжан Қасымғалиұлының қысқа да нұсқа жазылған осынау ой орамдары оқырманды бей-жай қалдырмай, ғажап бір әлемге жетелейтіні анық.

«Көп адам мені түсінбеді. Менде түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой, деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш» деп жазған екен Рахымжан Отарбаев өз күнделігінде… Топ бастаған арландай кеудесін биік ұстап, намысына тигенді алып ұратын, рухы биік, жаны нәзік, тілі қарапайым Рахаңды шынында көп адам түсінбеді ғой деймін. Рахаң шынында көпке жағайын, көпке ұнайын деп жақсы көрінуге тыраштанбаған адам. Күнделіктерінен-ақ ағаның мінезі құйын сияқты алай-дүлей болғанын, айтар ойын ірікпей, бетке айтатын, талайды тәубесіне түсіріп және ешкімнің көңіліне қарамай, адамдардың пенделік қылықтарын сол қалпында қағазға түсіріп, ашық айтып, ешкімнен жасырып қалмаған жазушы екенін байқаймыз.

Ендеше құрметті оқырман, марқұм Рахымжан Отарбаевтың осы өмірден көзі тірісінде не ой түйіп, не көрген-баққанын назарларыңызға ұсынамыз.

Тырна-көкте, тұзақ-жерде. Құрғанмен түсе қоя ма? Қазақтың арманы да соңғы кезде осыған ұқсас.

*   *   *

Абай атам айтқандай, ішіп өліп қалса керек. Соңғы 15-20 жылда рақаттанып бір күлгенімді есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Анекдоттан басқа. Ол күлкі емес қой.

*   *   *

– Мына мақтауың буыныма құрт боп түсті-ау. Үш ұмтылып орнымнан тұра алмай қалдым. Тілдің бояуы дейсің бе? Қазақтікі ғой, – дедім бір сыншыға.

– Тұнығынан қанып ішкен шығармын. Уызына жарыған ұрпақпыз ғой. Әрі ұстаздарым да мықты еді. Атам-әжем және батырлар жыры. Кішкентайымнан ойынға жоқ едім. Үйге қонақ келсе, ата-әжемнің қасында шошайып отырып алам. Ескілікті әңгімелерін, көрген-баққандарын, әркімнің алуан қылық, мінезін  көңіліме тоқимын да отырам. «Апыр-ай, осы бала сөз аңдиды. Мал танымайды. Шаруаға қыры жоқ», – деп сыртымнан уайым қылатын. Сол сөз маған мал болды ғой.

Кешкісін ата-әжем батырлар жырын оқытады. Шам жарығымен. Алдыма аттың тоқымындай нән кітапты өңгеремін. Оқи-оқи көбін жаттап алғанмын. Атам үнсіз зер салады. Әжем тосандау оң құлағын кимешегінен босатады. Ал,  кеп заулатайын. Алуан оқиғаның ішінде өзім жүргендей даусымды құбылтамын кеп. Мақтаған сайын көмейім ашыла түседі.

…Дінсіз шал ақылы жоқ өрге қашты,

Қызымды жетім ұлға бермеймін деп.

Әжем тап осы тұста:

– Өткен жолы берем деп еді ғой, – дейді күйгелектеніп. – Сен осы дұрыс оқып отырсың ба?

– Кітаптағы жазу өзгере ме? Баянды бәрібір Қозыға бермейді. Қарабай қазір малын айдап қашады.

Әжем Қарабаймен жау. Қарғап-сілеп дымын қоймайды. Бәйбішесі де сыбағасын алады. «Жүзіқара байына неге айтпайды, анттан тайма. Аруақ атады. Қызың Қозыдан артық кімге тимек? Батамызды беріп, ұзатайық» деп…

Қыз Жібек, Ақжүніс, Гүлбаршын сұлу мен Айман, Шолпанды да аяп: «Байғұстардың бақтары бір ашылмады-ау», – деп отырғаны. «Алпамыс батырдағы» Жәдігер боп:

…Досың кетіп қасыңнан,

Дұшпаның келіп басыңа,

Мендей болып қақсағыр,

Тарта бер, жұртым, тарта бер! – дегенде өзім де өксіп жылап алам.

Тілімнің бояуы өзгеге ұқсасын, ұқсамасын менің ұлы ұстаздарым осылар.

*   *   *

«Екі кеме құйрығын, ұста жетсе бұйрығың», – деп бір ағамыз күшеніп қоятын. Қазірде құйрық та жоқ, бұйрық та жоқ суға бір батып, бір шығып жүр.

*   *   *

Абай атамның өсиеті есіме түсіп, бір күні өзімді-өзім бақтым. Сөйтсем, айтқанымның бәрі өтірік. Жиналыстан кешігіп бастықты, кітабың керемет деп досымды, ақшаны желге шашып әйелімді алдадым. Содан соң өзіме-өзім таңғалдым. Осы шынымен мен бе? Жоқ, әлде?..  Бір қызығы, сол өтірігімді әлгілер асқан сүйіспеншілікпен тыңдайды. Ал, шынымды айтсам, ашулы арадай талап тастары хақ. Келесі күні жұртты бақтым. Сынықшыдай сылап, сәмбіталдай майыстырған өңшең жалған алдыңды бермейді. Шындық жоқ. Анда-санда жар басында жанынан безген жалғыздай боп жолығады…

Осы өміршең өтірік қазірде жекелеген адамнан ұжымға ауысып, одан топтанып шығып биік-биік мәртебелі мекемелердің дәлізінде бауырымен жорғалап жүргендей көрінеді де тұрады. Одан қағаз бетіне көшеді, одан іс-әрекетке ауысады, одан ұранға айналып бір күні төбемізде ілулі тұруы мүмкін-ау. Қауіпті… Мемлекетіміз үшін!

*   *   *

Әр атқан таңды өзіме олжа көрем. Жас  дәурендегі алкеуделік те, батылдықта жоғалған. Адам қартайған сайын жаны түскір тәтті бола түседі білем.

*   *   *

Сексенінші жылдардың басында ауылдан келген мені жанына ерткен Жұмекен аға кезекті кітабын шығарғалы жатқан баспаға келген. Жинақтың редакторы шандыр бет сары әйел әр сөзге бір байланып, қызыл қарындашын сүйреңдетіп, қолжазбаның бетін емес, ақынның жүйкесін сызып жатты. Жұмекен уытты әзіл айтты. Шандыр бетке күлкі жұқпады, шынын айтты – сенбеді, мұңын айтты – көнбеді. Әсіресе «бір тал» деген сөзге келгенде қасарысып, көлденең түсіп жатып алды.  Тіпті «қазақтың тілдік қорында жоқ, диалекті» деуге дейін жетіп қалды. Дағдарған ақын салалы майда қоңыр шашына қол апара берді. Кірш еткізіп түбінен жұлып алды да, қолжазбаның бетіне қойды.

– Қалқам, міне бір тал шаш…

Есік үн-түнсіз жабылды.

Ошақ басында сүрініп жүрген біреулердің тағдырыңа таразы болғаны қандай қиын!

*   *   *

Ақынның жүрегі жарылып, бақи кешкен соң бір күні  Шерағаң (Шерхан Мұртаза) өзіне шақырды.

– Сенде Жұмекеннің «Темірқазығы» бар ма?

– Бар.

– Әкеліп берші.

Қос елі қоңыр кітапты қолтығына қысқан атақты қаламгер мөлттей мұртын бір сипап, аяғын санап басып, ойлы қалпы Жазушылар одағының өтіп жатқан секретариатына кіріп кетті.

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатындардың көкпар додасы басталып кеткенін білуші ек, ақырын тостық. Кешікпей көктегі «Темірқазықты» жердегі бәйгеден сүрінгенін көріп шыққан Шерағаң шаршаулы еді.

– Мә. Өлгендерді қатарға қоспайтын қағидасы бар екен…

Шығармаң үшін емес, тірі жүргеніңе бола сыйлық берілетін сол жолы түсінгендей болдым.

Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,

Жапырағымды күз ғана шашып төккен.

Қиып түссе арман не,

Қайзалағыш

Бір көк – топас балтадан қашып кеткем.

*   *   *

Орыстардағы сияқты қазақ әдебиетінің де күміс, алтын ғасыры өтіп кетті. Енді ондай құбылыс ешуақытта қайталанбайды.

*   *   *

Ешкімге табынған емеспін. Бірақ тәлім алған аға жазушыларым аз емес. Ә.Нұрпейісовтың өз шығармаларына өгей көзбен қарайтын қатыгездігі, Ә.Кекілбаевтың әр сөйлемінен менмұндалап тұратын жан шуағы, Д.Исабековтың сәтті юморы, Т.Нұрмағанбетовтың оқиға ойнатуы, М.Байғұттың әдемі баяндау тәсілі, Н.Дәутаевтың өткір ойлары кейінгі толқынның қайсысына болса да үлгі боларлық. Менде шама-шарқымша солардан сөз мәнерін алған шығармын. Бірақ әркімнің өзіндік ойлау жүйесі, ой нәрі болары хақ. Менің шығармаларымда нәзік көңіл-күй мен астаң-кестең асау толқын жағаласып жатса, бәлкім туынды табиғаты соған сұранып тұрған шығар. Мінезім де бірде – қатты, бірде – тәтті-ау деймін. Жалпы авантюристік қанымда бар. Қайбір жетіскеннен дейсің…

*   *   *

Чехов айтқандай, әр ит өз даусымен үруі керек қой. Өзге иттің айтағына ерген өңшең қандендердің шәуілдейтіні несі?

 

(Басы. Жалғасы бар).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support