- Advertisement -

МЫҢ ЖЫЛҚЫ АЙДАТҚАН ЕЛБАСЫҒА МЫҢ АЛҒЫС

743

- Advertisement -

Бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, ата-бабадан қалған кәсіпті дамытудың арқасында тұрмысын түзеп, біраз адамды жұмыспен қамтып, ерен еңбегімен көпшілікке үлгі болып жүрген азаматтың бірі – «Байелі болыс» шаруа қожалығының төрағасы Жұмасейіт Нұрбаев. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Және екі жоғары оқу орнын бітірген өресі биік азамат. Зейнетке шықса да Жұмекең бүгінде оннан астам адамға жұмыс беріп, жастарға жол көрсетіп, ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Тәуелсіз еліміздің тұғырының берік болуына өз үлесін адал еңбегімен қосқан жан. Яғни ерен еңбегімен құрмет пен алғысқа бөленген бұл азамат кез келген марапатқа лайық.

Жұмекеңнің бір ерекшелігі – қоғамды толғандырған әрбір мәселеге «менің не қатысым бар?» дегендей бойын аулақ салып, теріс қарап жатып алмайды. Өзіндік пікірін үнемі ашық айтып жүр. Баспасөз бетінде жиі көрінеді. Және ауыл шаруашылығы саласын жетік білгендіктен үнемі тосын, тың ойлар айтады. Соңғы жылдары осы салада қызу талқыға түскен мәселелердің ешқайсысы Нұрбаевтың назарынан тыс қалған емес. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деген Жұмасейіт Асаналыұлының өзі бес саусағындай білетін саланың кез келген мәселесіне ой қосуы қоғам үшін де құнды екенін мойындау қажет.

– Жылқы бағуды ә дегеннен қолға алғанымыз жоқ, – дейді бізбен әңгімесінде Жұмасейіт Асаналыұлы. – Осыдан 25 жылдан астам уақыт бұрын бауырларыммен бірге өз алдымызға жеке шаруа қожалығын құрдық. Алдымен қой бақтық. Әлі есімде… Бір аста осы өңірге белгілі азамат Нәби Момынов маған бір байтал жетектетіп жіберді. Сенесіз бе, сол байталдан бүгінде 40-қа жуық қылқұйрықты тарады. Жылқы малының өз төлінен тез көбейетінінің дәлелі міне, осы. Қайбір жылдары ауыл шаруашылығы саласы басымен қайғы болып, бір қой бір қап ұнға айырбасталып жатқан заманда кәсібімізді жаңартып, жылқы бағуды қолға алдық. Және жоқтан барды құрамай, бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, Солтүстік облыстардан, Ресей, Қырғызстаннан асылтұқымды жылқылар алып келдік. Сіз білесіз бе, біздің елде ауыл шаруашылығымен айналысқандарға қолдау өте зор, көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Асылтұқымды мал сатып алсаң, субсидия береді, дәрі-дәрмегін береді, тіпті жем-шөбіне дейін жеңілдіктер қарастырылған. Қымыз өндірсең, оған да көмек қаржы береді. Тек ерінбей еңбек ету керек. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында аздаған жылдар ішінде шаруамыз дөңгелеп, мал басы күрт өсе түсті. Нәтижесінде қой және жылқы бағумен айналысатын 3 шаруа қожалығын құрдық. Әрине айтуға оңай. Әйтпесе осы жылдар ащы терге, тынымсыз еңбекке толы болды. Кей жылдары еттің бағасы тым арзандап кетіп, шығынға батып қалған кездеріміз де болды. Негізі бүгінде ет өндірушіден арадағы алыпсатарлар бай тұрады. Бағаны да көтеретіндер осылар. Қ а з і р а ғ а м Д ә у л е т е к е у м і з д і ң шаруашылығымызда мыңға жуық жылқы жайылып жүр. Біздің шаруашылық қоныс тепкен Қыршынды жазығы малға өте ыңғайлы мекен. Қыстың күндері жылқы ну қамыстың ішінде жайылады. Әрине бұл дүниенің бәрі Алланың жазуымен ерен еңбектің арқасында құралғаны белгілі. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы салаға деген қамқорлықты ары қарай жалғастырып келе жатқанын ерекше атап өтіп, мың жылқы айдатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс айтқым келеді.

Бүгінде «Байелі болыс» шаруа қожалығы жыл сайын иелігіндегі мың бас жылқыға 4000 тоннаға жуық сабақты мал азығын әзірлейді. Мұнда етті және сүтті көп беруімен ерекшеленетін асылтұқымды қазақтың «жабы» жылқысы өсіріледі. Олар ыстыққа, суыққа төзімді. Қыстай өз аяғымен жайылып шығады. Басқа тұқымдарға қарағанда етті көп береді. Қожалық бұрын жыл сайын 250 бас жылқы семіртіп, одан бөлек ірі қара мен қой етін де сойып, сауда нүктелеріне 100 тонна ет жөнелтеді. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» деп, тауып айтқан ғой. Қазіргі саудада делдалдардың дегені болып тұр. Тіпті өнімді өндірушіден гөрі арадағы делдалдар көп пайда таба ма деген ойға қалатының анық. Қалай айтсақ та, тиімсіз алыпсатарлардың кесірінен баға екі және одан да көп есеге өсіп жатыр. «Бұл жағдайды өзгерту үшін әр облыс орталығында көтерме – тарату орталықтарының желісі қажет» дейді Жұмекең.

Еліміздегі жайылым, бос жатқан жерлер мәселесі жыл сайын көтеріледі, бірақ, содан оң нәтиже шығып жатқаны шамалы. Кеше ғана сенатор Ольга Булавкина еліміз бойынша жайылым тапшылығы 29 миллион гектардан асқанын айтты. Сенатордың пікірінше, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да жағдайды жақсарта қоймаған. Шынында бұл миллиондаған гектарлардың иесі жоқ, ұшы-қиыры жоқ жазық дала деп ойлап қалуыңыз мүмкін, – дейді Жұмасейіт Нұрбаев. – Бірақ шын мәнінде сол жерлерге малыңызды шұбыртып, көшіп бара қалыңызшы, иесі табыла кететініне еш күмәнім жоқ. Олар да Үкімет қашан жол салады, қашан құдық қазады деп дайын асқа тік қасық салуды асықпай күтіп жатқандары анық. Меніңше осынау миллиондаған гектарларды малшы ғана игереді. Яғни бұл дегеніміз мал басын көбейтуге деген таптырмас мүмкіндік.

Дүниежүзінде ет немесе ет тағамдарын тұтынбайтын адам сирек. Ол – дәмі тіл үйірумен қатар құнарлы, әсіресе белокқа бай тағам. Әлемде әрбір адам жылына орта есеппен 68 келі ет тұтынады екен. Демек, кез келген үйдің дастарқанында әрбір үшінші яки төртінші күні еттен жасалған ас тұрады. Олардың арасында ет жемесе көңілі көншімейтін, екі күннің бірінде ет асатын қазақ сияқты ұлттар да бар. Мал өсіру – бизнес әрі табыс көзі. Америка, Австралия және Англия сияқты өркениетті мемлекеттер оны өсіріп, экспортқа шығарудан орасан табыс тауып келеді. Австралияда 1 миллиардтан астам қой бар. Онда қой өсіру дұрыс жолға қойылған. Мал сырты қоршалған, арнайы шөп егілген жайылымдарда ұсталады. Бұл мемлекет те еті мен жүнін экспорттап үлкен табысқа кенеліп отыр. Басқа да мемлекеттерде бұл шаруа компьютермен басқарылады, барлық жұмыс автоматтандырылған. Оларда мал бағатын адамдар тапшы деген проблема жоқ.

Кейінгі кезде шетелдіктер Қазақстанда өндірілетін азық-түлік тауарларына үлкен қызығушылық танытуда. Бұл орынды да. Бізде тек қана шөптің мыңнан астам алуан түрі өседі. Даламыздың ауасы мен суы таза, шөбі шүйгін. Экологиялық жағынан таза өнімге көрші мемлекеттерден сұраныс та көбейіп келеді. Мал басы да үздіксіз өсуде. Облысымызда қойдың басы 3 миллионға жеткен. Ірі қара, жылқы және түйеде де үлкен өсім бар. Егер біз осыларды ұқсата білсек, өңдеп, экспортқа шығарсақ, табысымыз молая түсетіні айтпаса да түсінікті. Бұл, әлбетте, әуелі халқымыздың бақуатты тұрмыс кешуі үшін қажет. Ал біздің елде қазір қайда қарасаң да, қайда барсаң да қолындағы малын бағатын адам таппай зар илеп жүрген шаруа қожалықтарының иелерін көресің. Айдап салдың малы өспейді. Егер оған қарамасаң, бір күнде айырылып қалу ғажап емес. Қазіргі жастардың мал баққысы келмейді. Мұны да түсінуге болады. Бұрынғы игі дәстүр үзіліп қалды. Малшыға деген қамқорлық кеңес үкіметімен бірге кетті.

Шаруа қожалықтарының иелері малшыларға ауыр да азапты жұмысы үшін арзымайтын тиын-тебен төлейді. Олардың не үйі, не күйі жоқ. Мемлекеттік марапат деген мүлде ұмыт қалды. Әлбетте, марапат оларды ынталандыру үшін керек. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, енді біраз жылдардан кейін малшы таппай масқара болып қалуымыз ғажап емес. Әрине далада да, қалада да төрт түлікті баққысы келетін жөні түзу азаматтар жоқ емес. Олар шалғайдағы жайылымдарға барып осы кәсіппен айналысайын десе, балаларын ойлайды. Бұрын малшылардың балалары арнайы мектеп-интернатта оқитын. Олардың ата-аналары алаңсыз күй кешетін. Қазір ол да жоқ. Сондықтан да көп адам мал бағуға ыңғай таныта бермейді. Демек, жайылымға жақын жерлердегі елді мекендерден малшылардың балаларына интернат ашу керек.

Орыстарда: «Тұйықтан да шығатын жол бар» деген қанатты сөз бар. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін үлкен қаржылай демеу көрсетіп жатыр. Анабір жылдары мүлдем құлдырап кеткен жемісті көбейту үшін алма бақ өсірушілерге қомақты субсидия берілді. Қызылша өсірушілерге де осындай жағдай жасалуда. Шаруа қожалықтары иелеріне мал өсіріп, өнімін өткергені үшін субсидиялар берілуде. Қазір көптеген шаруа қожалықтарының жағдайы жаман емес. Сондықтан тағы да айтамын, субсидияны тікелей мал бағушыға беру керек.

Ол мәселе жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асуы тиіс. Еңбегі бағаланбағаннан кейін, жасаған жұмысы үшін жарытып жалақы алмаса ондай жұмыста кім тұрақтап қалады? Демек бізге де кеңестік кезеңдегі ескі дәстүрді қайта жаңғыртуымыз қажет. Әуелі малшылардың жағдайын жасау керек. Оларға жайлы өмір сүру үшін үй салып беру керек. Жалақысы жоғары жұмысқа кім ұмтылмайды? Иә, көптеген шаруа қожалықтарыбасшыларының малшы жоқ деп еңірегенде етектері жасқа толады. Алайда оларға жағдай жасау керектігі алдынан шыққанда, кежегесі кейін тартады. Малшыларға арнайы киім тігілсе де артық емес.

Малшы да моншаға жиі түсіп, дәрігерлік тексеруден жиі өтіп тұруы керек. Сөйтіп біз малшыға жағдай жасалмағандықтан оларды тұрақтандыра алмай отырмыз. Барлық нәрсе салыстыру арқылы бағаланады. Көршілес Өзбекстан мемлекетінің 6 миллионнан астам азаматы Ресейде жұмыс істеп жүр екен. Қазақстанға 2 миллионға жуық өзбектер көктемде келіп, қар түскенге дейін еңбек етеді. Олар отбасынан, үй-жайдан жетіскенінен безіп жүрген жоқ. Нәпақа табу үшін барлық ауыр жұмыстарға төзуде. Ол үшін жетісіп тұрған жалақы да алмайды. Егер біз малшыларға жағдай жасасақ, ежелден мал баққан елміз ғой, жастар бұл салаға көптеп келер еді. Мұның өзі еліміздегі жұмыссыздықты азайтуға да игі әсерін тигізері сөзсіз.

Енді біршама уақыттан кейін елімізде соғым уақыты басталады. Ел ішінде «Мал базар – халық тұрмысының барометрі» деген сөз бар, осы жағынан алғанда мал базарларда жылқы малының бағасы қымбаттап, соғымның жаппай сойыла бастауы бұл да халық тұрмысының жақсы бір көрсеткіші болса керек. Дегенменде жылқы союдың да өз тәртібі, өз ережесі бар. Қарапайым халық осы тәртіпті қаншалықты сақтап жүр?

Жасыратыны жоқ, қазір соғым союшылар малды кез келген жерде бауыздап, кез келген жерде қан қылып, мүшелей береді. Нақтырақ айтсақ, далада да, қалада да жылқыны көпшілік орында соя беру дағдыға айналды. Бұл іс үйінің алдында, баубақшасының ішінде, көшенің бойында атқарыла береді. Оларға «Мұның қалай? Қойсаңдаршы…» деп жатқан бір пенде жоқ. Ал шын мәнінде кез келген жерде сойылған малдан ауру тарамасына кім кепіл? Сондықтан жұртшылықтың мал сою тәртібін сақтауына бақылауды күшейту қажет.

– Соңғы жылдары субсидияға қатысты дау көбейіп кетті, – дейді Жұмасейіт Нұрбаев. – Ақпарат құралдарынан осы қаржыға қызығып, құқық қорғау органдарының құрығына ілігіп жатқан шенеуніктер туралы көп оқимыз. Әрине, мемлекеттің субсидия берудегі мақсаты дұрыс. Шаруаға көмектескісі, жеңілдік жасағысы келеді. Бірақ, жасыратыны жоқ, дүбірлеп басталған осынау тірлік қазір күбірлеп айтатын жағдайға жетті. Қолында билігі барлардың барлығы осы көмектің ит рәсуасын шығарды. Тіпті, кейбір дәніккен шаруалардың тек субсидия алу үшін ғана жер жыртып, алма егіп, қайтарымсыз ақшаны алғаннан кейін басталған тірліктің бәрін тастап кеткендерін көзіміз көрді. Сондықтан субсидия мәселесін қайтадан жақсылап талқыламаса, бұл оңай олжа талайды жарға жығатыны анық. Ең жаманы, мемлекеттің шаруаға болсын деген ақ адал ниеті қолында билігі барлардың батпан құйрығына айналды. Одан шаруа оңып жатқан жоқ. Осының бәрін сараптай келе, өзім субсидия алудан саналы түрде бас тарттым. Әйтпесе, біздің шаруашылықтың мемлекеттің осынау көмегін алуға молынан мүмкіндігі бар. Жалпы алғанда субсидияны ақшалай бергенді қою керек. Техника түрінде беруді жандандыру қажет. Мен өз көшімді өз күшіммен, адал еңбегіммен сүйреуге бел будым. Біздің мемлекетте шын ниеттеніп әрекет етсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Биыл еліміздің шаруаларын қуаңшылық қатты састырды. Мал қырылды. Көп болып көмектесті. Әрине жұт, қуаңшылық қазақ шаруалары үшін тосын жағдай емес. Қазақ тарихында мал түгілі адам қырылған көптеген ұлы жұттар болған.

Рас малдың мәселесі табиғаттың мың құбылуына да байланысты. Дегенменде шаруа адам ешқашан босаңсымауы керек. Мал азығының қымбаттауына бір жағы бейғам отырған шаруалардың өздері де кінәлі. Сұраныс болғаннан кейін баға қымбаттайды. Нағыз шаруа адам қуаңшылық жылдары да малын аман алып шығады. Оған қазір мүмкіндік мол. Ол үшін бәрін дұрыс жоспарлау керек. Шөп мол болған жылдары да арқаны кеңге салмау керек. Былайша айтқанда, нағыз шаруа адам бір жылмен ғана өмір сүрмеуі тиіс. Шаруалар құқықтарымен бірге міндеттерін де ұмытпауы қажет. Бізде тек қарақан басы үшін ғана жұмыс істейтін емес, өндіруші, өнім шығарушы шаруалар көбеюі керек.

Иә, шынында жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің көзін табу қиын емес. Тек ынта мен талап болса болғаны. Сол талап пен ынтаның үдесінен шыға білген Жұмасейіт Нұрбаев Тараз қаласынан ет сататын сауда нүктесін де ашқан. Жаңа ашылған сауда орталығында қой, сиыр, жылқы мен тауық еті, балық, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен көкөністер, сүт өнімдері сатылады. Бағасы да жүйелі, нарық бағамынан 10-15 пайызға төмен. Бұл дүкеннің ашылуына Жамбыл ауданының әкімдігі ұйытқы болды. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы: – Бұл сауда орнын ашудағы мақсат – аудандағы шаруашылықтар малының етін дүкенге делдалсыз өткеруге жол ашу.

Шаруалар алыпсатарларға малын арзан беріп жібермес үшін кәсіпкермен келісе отырып, осындай қадамға бардық. Біз облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындарын табиғи ет және сүт, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды көздеп отырмыз, – дейді. Бүгінде кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаев жетекшілік ететін «Байелі болыс» шаруа қожалығында екі мыңға тарта қой, мың жылқы, 500-дей мүйізді қара бар. Малдың қыстан күйлі шығуына бар жағдай жасалған.

Шәмші ҚАЛДЫБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support