- Advertisement -

«Пандемия кезінде намаз оқушылар үшін ішімдік ішу күнә емес» деген әңгіме қайдан шықты?

786

- Advertisement -

Түбі бір түркі жұртының асыл діні Ислам екені баршаға мәлім. Ислам – ізгіліктің діні. Сондықтан да мұсылман халықтары асыл дінімізде айтылатын барлық ізгі қасиеттерге сай болып жүргені ләзім деп түсінеміз.

Ж а р а т у ш ы барша пенделеріне а р н а п қ а с и е т т і Қ ұ р а н к і т а б ы н түсірді, заманында Пайғамбарлар жіберді. Пайғамбарлар да адамзаттың жақсы жолда жүруі үшін жіберіліп, Құран адамдардың адаспауы үшін түсірілді. Дін өкілдерінің айтуынша, қасиетті Құранда адамзат баласының дұрыс жүруі, адал және ақиретке лайық болып өмір сүруінің бағыттары тегіс жазылған. Жаратушы: «Қаншама ғасыр, дәуірлер өтсе де Құран кітапты өзім қорғап, бір әрпін де өзгертпей сақтаймын» деп уәде беріпті. Негізі, балиғатқа толған кісілерге күніне 5 уақыт құлшылық ету – парыз. Парыз, амал деген қолдан келгенше міндетті түрде орындалуы тиіс. Енді өзің тәубеңе келіп, Тәңірді танып тұрып, айналаңа жаман көзқарас қа лыпт астырс аң, иманыңның әлсіздігін көрсетсең не болғаны?

Барлық мақтаулар бір Аллаға тән. Асыл дінімізде осылай айтылатыны белгілі. Біз қазіргі қоғамда Ислам дінінің талабымен емес, өзіміздің нәпсіміздің қалауымен жүріп, нәпсі қалауымен сөйлейтін жағдайға жеткенімізді қалайша жасыра алмақпыз. Әйтпесе, төңірегімізден жаға ұстатар жағдайларды естіп, төбе шашымыз тік тұрмас еді. Өкініштісі де сол болып тұр.

Бір танысым: «Жақында бір қонақта болып едім. Намаз оқып жүрген кісі арақ ішіп алды. Себебін сұрап едім: «Мешіт имамдары өздері рұқсат етті» деп соғып тұр. Сөйтті де маған сұраулы жүзбен қарады. Мен ішімнен: «Құдай өзің сақтай гөр!» – деп жерге қарауға мәжбүр болдым. «Мешіттегі дін өкілдерінің олай деуі мүмкін емес. Арақтың харам екені қасиетті Құранда жазылған ғой», – дей бердім сасқалақтап. Оған қоса, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында бір ауылдың молдасы індетке ем болады деп, жаназаға жиналған «әр адамның аузына қасықпен арақ тамызыпты» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Бесіктің түбегіне арақ құйып, шүмек арқылы әркімнің аузына ащы зәһарды құйып жатқандар туралы бейнематериал да әлеуметтік желі арқылы талай жерге тарап кеткенін көз көрді. Ең таза, періште пейілді сәби жататын бесікті бұлай былғауға бола ма? Оған қалай дәттері барды екен?

Осындай жағдайлар жиілеп кеткен соң, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевке хабарласып, өзім естіген осы бір жайтты айттым. Бұл ақпарат облыстың бас имамына да ауыр тиді. Күтпеген жерден айтылған осы бір әңгімені мұқият тыңдаған Бейбіт Мырзагелдиев: «Өкінішке қарай, мұндай мәліметтер менің де құлағыма жетіп жатыр. Әрине өте өкінішті жағдай. Бұл енді дінді дұрыс түсінбеушілік деп есептеймін. ҚМДБ тарапынан «Арақ ішуге болады» деген еш рұқсат берілген жоқ. Имамдардың олай айтуы мүмкін емес. Бұл – көпшіліктің шығарып алып жүргені. Пайғамбар өзінің хадистерінде арақ ішкен былай тұрсын, тіпті оны құйып берген, сатқан, сатып алған, оны көтеріп апарған, соны саудалап, түскен пайдасына азық-түлік алған адамдардың өзіне Алланың лағнеті болатындығын айтқан ғой. Мұны есті адамның барлығы да білуге тиіс деп ойлаймын. Бәлкім кейбір адамдар кезінде арақ-шараптың харам болу барысында, яғни өткен кезеңдерде түскен Құран аяттарын алға тартып жүрген болуы мүмкін. Бірақ ол аяттар соңғы нақты Мәида сүресінің 90-91 аяттары түскен уақытта өз үкімдерін жойған болатын.Алла тағаладан ондай жандарға дұрыс түсінік, ынсап нәсіп етсін деп сұраймыз», – деген жауап берді.

Сонда қай өңірде, қай мешіттің имамы шалыс басып, әлгіндей сөзді айтты екен деген ой бізге тыныштық бермей тұр. Әлде әлгі ішімдік ішкен «намазхан» кісі нәпсісінің қалауымен айта салды ма екен? Ол жағын кім білсін? Қалай болған күнде де өзінің иман ахуалы толық емес сондай адамдар айналасындағы жүздеген кісілерге теріс түсінік тарататынын түсіне алар ма екен деген ой сананы шарлап кетті. Мешіттен, намаздан аулақ жүрген жан болса, амалсыз түсінуге болады. Тәубесіне келген соң, мынандай деңгейде нәпсіге берілуі – өте қателік. Осыны сезінер. Әлде толық тәубесіне келмеген кісі ме екен? Ел ішінде тағы да мынандай бір түсінік бар. Адам баласының бәрі де – пенде.

Пендеге кемшілік, қателесу тән құбылыс. Кейбір кісілер 40-50 жасқа дейін Жаратушыны танымай, арақты суша сіміріп, қамсыз ғұмыр кешетіні жасырын емес. Бірақ 45-50 жасында өзінің жасаған күнәларына қатты өкініп, тәубесіне келіп, Алланы танып, имандылық жолына түсетіндер де аз емес. Олардың ішінде медреседе оқып, мешіттің имамы, ауыл молдасы болып кететін кісілер де болады. Мұның бәрі өте жақсы іс қой дейміз. Бірақ қазақтың жүрген жері әңгімесіз болған ба? Мұндай кісілер туралы да құрдастары немесе ауылдастары: «Е, соны қойшы. Ол екеуміз жиырма жыл бірге арақ ішкенбіз. Ішкенде де көшеде домалап ішкенбіз.

Енді періште бола қалыпты, имам бола қалыпты» деп көкіп жатады. Осындайымыз тағы да бар ғой. Бір ойланарлығы, әр адам әртүрлі таным иесі. Әнеу күні әріптесімнің бірі: «Несі бар екен? Мен де намаз оқимын. Бірақ ауырған сәтімде, әсіресе, қазіргі індет жағдайында арақты аз мөлшерде ем ретінде қолданамын. Артынан ыстық сорпа ішіп, терлеп, ертеңіне аттай шауып жазылып кетемін. Бұл жұртқа арақ ішіңдер деген сөз емес. Мен өзім өте аз мөлшерде қолданамын. Ем үшін. Ол жағына шариғат рұқсат береді деп айта алмаймын. Мысалы, екпе салуға да рұқсат етілді. Оның да құрамында спирт бар деп жатады ғой. Ойланатын мәселе көп-ақ. Мүмкін, менің ойым қате болар, дұрыс жасамайтын шығармын. Тек өзім жасаған істі ашық айтып отырмын. Бәлкім, бұл иманымның әлсіздігі шығар» дегені де бар. «Молдалар бүйтіпті, сөйтіпті» деген де жақсылықтың белгісі емес. «Молда айтқан соң ішпей қайтеміз?» деп соғатындар бар.

Қазір өзі ақпарат ағыны андыздап тұрған уақыт қой. Бір орын алған жағдай екі минутта әлемге тарап жататынын білеміз. Адамның ойланып, өз-өзіне келіп үлгеруіне уақыт бермей жатып, мәлімет таратуға шеберміз. Көп мәселе сол шала-шарпы ақпараттардың таралуынан да шығып жатқан болар. Қалай болғанда да мұндай мәселені ортаға таратпай, адамдар өз пікірін қоса салмай, кәдімгі заңды мешіт имамдарынан жөнін сұраған дұрыс болар деп пайымдаймыз. Енді Құранның аяттары, Пайғамбардың хадистері намазхандар түгілі, жалпы адамзаттың ішімдік ішуіне қарсы екенін білмеу – ұят.

Мен хабарласқан имамдардың бәрі бұл мәселеге қапаланып, таңданып, жағаларын ұстап: «Астағфирулла, Астағфирулла! Алла сақтай гөр!» деп отыр. Сондықтан қарапайым адамдар, әсіресе, намазхан кісілер бұндай жалпыға әсер ететін мәселеге жеңіл-желпі қарамаса екен деген тілек көкейде атой салып тұр. Бұл жерде сауаттылық та қажет екені айтпаса да белгілі. Өзіміз толық ұстана алмасақ, оны өз деңгейімізге қалдырып, барша көпшілік қастерлеген асыл дінімізді ойыншыққа айналдырмасақ екен, ағайын! Қысқасы, «Ішімдік ішуге болады» деп пәтуа айтты деп жүргендердікі бос сөз. Мұндай әңгімені жиі-жиі құлақ шалған соң, жанымыз ауырады. Ең дұрысы, жалған сөйлемей, әр қадамымызды абайлап басқанымыз абзал.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support