- Advertisement -

Мойынқұм мен Сарысуға барғандар неге жиі тұрақтап қалады?

88

- Advertisement -

Маман тапшылығын шешу – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай 2010 жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өзінің оң нәтижесін беріп келеді. Әйтсе де әлі де болса кейбір аудандарда маман тапшылығы толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.

– Бізде әлі де кадр тапшылығы бар. Әсіресе денсаулық, білім, спорт және ауыл шаруашылығы салаларында байқалады. Бағдарлама қабылданған он жылдың көлемінде 2293 жас маман келсе, оларға 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Дегенмен бұл осы салалардағы маман жетіспеушілігінің толықтай шешімі бола алмай отыр. Сол үшін бүгін осы сұрақты күн тәртібіне шығарып отырмыз, – деді Бердібек Машбекұлы кеңестің кіріспесінде.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Оның айтуынша, он жыл аралығында ауылдық жерге 5240 маман тартылып, оларға 872,8 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы беріліпті. Жұмысқа тұрған 2293 денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешені мамандарына, өткен жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға, салуға 7,2 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие берілген. Несиемен қамтылған 2024 жас маман (88,3 пайызы) ауылда тұрақтап қалған. Жас мамандардың ауылда тұрақтануының ең жоғары деңгейі Қордайда – 96,3, Мойынқұмда – 93,9, Сарысу ауданында 92,7 пайызды құраған. Ал ауылдан көшіп кеткен 269 маманның (12 пайызы) басым бөлігі үш жыл міндеттеме мерзімін аяқтап, несиелерін мерзімінен бұрын жауып кеткендер.

Биыл республикалық бюджеттен 270 маманға, атап айтсақ, денсаулық сақтау саласы бойынша – 58, білім – 122, әлеуметтік қамсыздандыру – 2, мәдениет – 17, спорт – 18, агроөнеркәсіптік кешен – 39 және 14 мемлекеттік қызметшіге тұрғын үй сатып алуы үшін 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген не сие қарастырылған. Бүгінгі таңда 192 маман несиемен қамтылған. Сондай-ақ жергілікті (аудандық) бюджет есебінен 515 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 150,5 миллион теңге қаралып, 351 маманға 102,5 миллион теңге берілген.

«Қай салада қандай мамандық, қанша маман жетіспейді деген ақпарат бар ма?», деді Бердібек Машбекұлы баяндамашыға. Гүлдана Жауынбекова: «Жаңа оқу бітірген жастар «Азаматтарға арналған үкімет» порталына кіріп өз өтініштерін қалдыра алады», деді.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінің денсаулық, білім, спорт және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларынан қанша маман жетіспейтінін сұрады. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев 179 маманның жетіспейтінін айтты. Былтыр 279 маманға қажеттілік туындаса, биыл ол 100 маманға кеміген. Яғни, басқарма биыл 112 адамды жұмысқа алған. Жұмысқа жаңа қабылданғандардың 79-ы қалалық жерде тұрады. Өткен жылы 12 маман ауылдан үй алған. Ал білім саласында биыл маманжеткілікті екен. Жаңа оқу жылында 752 жас маман жұмысқа қабылданса, оның 288-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасқандар. Ал спорт саласында әлі 18 маманға қажеттілік бар. Мектеп мұғалімдерінің жалақысының көтерілуі нәтижесінде спорт мектептерінен мектепке ауысқан жаттықтырушылардың саны артыпты. Ауыл шаруашылығында баяғысынша агроном, механизаторлар мен технологтарға деген сұраныс жоғары.

– Маман дайындау өзекті мәселенің бірі. Біз колледждерде ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға бейімделуіміз керек. Облыстан университеттің филиалын аштық. Бұл алдағы уақытта маман тапшылығын шешуге өз көмегін тигізеді деген сенімдеміз. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерді өздері білім алған мектептеріне тәжірибеден өтуге жіберіп, ондағы маман тапшылығын шешуге тырысу керек. Мәселені осылай шешуге болмай ма? – деді облыс әкімі.

Осыдан кейін Бердібек Машбекұлы онлайн режимде қатысып отырған аудан әкімдерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.

Бұдан кейін кеңесте облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және екпе егу барысы қаралды. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев есеп берді. Оның айтуынша, облыста екпе ектіргендер көрсеткіші 81,7 пайызды құраған. Аудандар 90 пайыздан асса, Тараз қаласы соңында келеді екен. Оның үстіне соңғы апталарда екпе салдырушылар біршама азайған.

Облыс әкімі екпе егу әлі де болса баяу жүріп жатқанын сынға алып, көштен қалып келе жатқан Тараз қаласы әкімдігі мен ондағы бірқатар емхана басшыларын тұрғызып, мәселенің мәнісін сұрады. Бердібек Машбекұлы «Даримет», «Sauran», «Мейірім» және басқа да емханалардың жұмысын сынға алып, 37 мен 67 пайызды көрсетіп отырған оларға және аудандардағы кейбір ауылдық округ әкімдеріне жұмысты жандандыруды тапсырды.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support