- Advertisement -

«АБДАН ЖАКШЫ…» «Даниярдың әнін» Шыңғыс Айтматов осылай бағалаған

194

- Advertisement -

«Адамзаттың Айтматовы» атанған ғаламат жазушы Шыңғыс Айтматовтың қай шығармасын алып қарасаңыз да қазақ пен қырғызға ортақ секілді. Содан да болар, қазақ халқы да дарабоз қаламгердің барлық кітабын жанындай жақсы көріп оқыды. Оның үстіне Шықаң қазақ жазушыларымен, қазақ руханиятының жанашырларымен жақсы қарым-қатынаста болғандығынан да шығар, қаламгердің «Ақ кемесін» болсын, «Жәмиласын» болсын, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетін» болсын, қырғыз-қазақ қана емес, түркі әлемі, басқа да жаһан елдері жылы қабылдағаны мәлім.

Шыңғыс Айтматовтың тамаша туындылары қазақ композиторының да шығармашылығының өсуіне сеп болды. Музыка зерттеушісі, ән әлемінің дарабозы, белгілі композитор Илья Жақанов Шыңғыс шығармаларының желісі негізінде бірнеше ән жазғаны бар. Ол туындылардың барлығы да тыңдарманды бейжай қалдырмағаны анық. Солардың бірі – «Даниярдың әні». Эстраданы батыстың экспансиясына теліген композитордың бұл әні романс секілді жаныңды баурайтыны бар. Жүректің қылын шертетін шығарманы ел ешқашан ұмытпақ та емес.

«Ай жарық тып-тыныш атырап,

Жүректер тағы да қауышты.

Жанарың жұлдыздай жарқырап,

Толқытты,сабырды тауысты.

Бар әнім сен, Жәмила,

Арманым сен, Жәмила.

Асыл затым,

Перизатым,

Жан рахатым!» деп келетін кең тынысты ән есті тыңдарманның құлағынан кіріп, бойын алатыны рас. Көптеген керемет әндерді жазған композитордың «Даниярдың әнін» дүниеге әкелуіне не түрткі болды?

«1963 жылдың қазан айы жадымда мәңгі қалатын шығар. Таңертең үйде Тиыш апаң екеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Москва радиосынан «Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды» деген хабарды құлағымыз шалды. Мен ол уақытта телевидениеде жас редактормын. 26 жастағы қылшылдаған жігітпін ғой. Таңертең жұмысқа келсек, бүкіл телевидение, радиода қарбалас тіршілік қызып тұр екен. Шыңғыстың Лениндік сыйлықты алғанын үлкен әңгіме қылып, дуылдатып ірі іс-шаралар өткіземіз деп жатқандарын байқадым. Сонда «Қазақ» радиосы мен телевидениесі мемлекеттік комитетінің председателі Кенжеболат Шалабаев деген өте білімді азамат тауда демалып жатқан демалысын үзіп келіп, бізге: «Бүгін Шыңғыс Айтматов лауреат болды, ертең Фрунзеге келеді. Сосын қырғыздардың өзіне соқтырмай, бізге алып келіп, қазақтың телевидениесінен бірінші рет біз ғана баспасөз мәслихатын ұйымдастырып беруіміз керек. Өйткені Шыңғыс Айтматовтың лауреат атануына барлық жағдайды жасап кеткен – кешегі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Сол кісінің өсиетімен Шыңғыс Айтматов, міне, Ленин сыйлығының лауреаты болып отыр», – деп өз ойын білдірді.

Сол күні әрқайсымызға өзі жеке-жеке тапсырма да берді. Фрунзеге баратын адамдарды тағайындады. Қазанның он бірі күні Шыңғыс Айтматов келді, ертесіне тікелей эфирге шықтық. Мен оны естіген сәтте түс әлетінде үйге келіп, апаң екеуміз шәй ішіп отырған кезде («Жәмила» повесінің орысша нұсқасын қайтадан оқып жүрген едім) бір эпизодтар «Даниярдың әні» деген әннің дүниеге келуіне себепші болды. «Бар әні-і-ім се- е-ен, Жә-ә-әмилааа, дәрменім се-ен, Жә-әмилааа. Асы-ыл заты-ы-ым, пе-е-ериза-а-атым, жан ра-ха- а-атым…» (осы ән тарихы туралы айтқанда Илья Жақанов әндете жөнелді). Міне, осы ән туған күні бүкіл радио-телевидениені аласапыран жағдайға түсірді.

«Не деген керемет ән, бұл қалай туды? Айтматовқа үлкен тарту болатын болды ғой» десті олар. Ол кезде әнді жай қабылдай салмайтын еді. Көркемдік кеңестің жылдам ұйымдастырған іс-шараларымен әнді қабылдады. Шығарманы қабылдағанда, атақты композитор Евгений Брусиловский өзінің Қазақстан туралы бір әнін Ришат Абдуллинге жаздырып, жұмысына қайтып бара жатқанда көркемдік кеңеске алып келді. Сонда ол кісі: «Великолепно. Это не только песня. Это что? Романс или ария? Помоему, ария!» – деп жылы лебізін білдірді.

Бұл ән 12 қазан күні тікелей эфирде орындалды. Шыңғыс Айтматов пен біздің атақты жазушыларымыздың, журналистеріміздің, кинорежиссерлердің, актерлердің жалпы 50-60 адамнан құралған қазақ интеллигенциясының алдында осы ән шырқалды. Туындыны өзі сондай сұлу, көркем, даусы жарқын тенор Мәдеш Ниязбеков деген осы біздің Жамбылдың әншісі (ол кезде консерваторияда оқитын) шалқытып тұрып айтты. Рояльда Семен Коган сүйемелдеді. Ән орындалып біткен соң Шыңғыс Айтматов арнайы келіп, мені құшақтап тұрып бетімнен сүйіп: «Абдан жакшы. Оқумыш. Абдан жакшы. Ең сонын обон менің Жәмиламның ғашығы Даниярдың ең сонын обоны бұл қазақ-қырғыз тааласына шұрқап кететін кенен обон екен. Иним, саған зор урматым менің», – деп өзінің тілегін жеткізді. Осындай оқиға орын алған еді, – дейді Илья Жақанов сол бір мөлдір кезді есіне алып.

Жалпы Илья Жақанов Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде бірнеше ән жазғаны белгілі. «Жәмила» повесі желісімен дүниеге келген «Жәмиланың әні» туындысы да жүректерді тербегені баршаға мәлім. Жалпы Шықаңның дәл осы повесі Илья Жақановтың шығармашылығына кәдімгідей әсер еткені даусыз деп білеміз. Композитормен әңгімелескенімізде ол аталмыш әнді Шықаңның өз кабинетінде тыңдатқанын да жайып салған болатын.

«Ол ән ұзақ жыл айтылмай жатты. Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы бола тұрып, барлық жағдай қолымда болғанның өзінде ешбір әншіге көңілім толмай, «Жәмиланың әнінің» орындаушысын ұзақ жыл таппадым. Тәуелсіздіктің 2 жылдығында Шыңғыс Айтматовқа, Астрахань облысының губернаторы Гужбинге Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік сыйлығы берілді. Міне, осы оқиғаның үстінде «Жәмиланың әні» орындалды. Қырғыздың симфониялық оркестрі келді. Қырғыз Республикасының Халық артисі Дариға Жалғасынова керемет шырқады. Дариғадан соң не қырғызда, не қазақта бұл әнді ешкім айта алған жоқ. Сол ән республика сарайында ғажап деңгейде шырқалды да, алдыңғы қатарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шыңғыс Айтматов отырды. Ұйымдастырушы жігіттердің айтуымен екінші қатарға мен жайғастым. Осы кезде Дариға Жалғасынова әннің қайырмасындағы «Даниярым, жан-жарым» деген тұсын «Нұрсұлтаным, жан- жарым» деп айтып жіберді. Бұл енді қырғыз бен қазақтың арасындағы өзімсінген туысқандық сезім секілді көрінді», – дейді автор аталмыш әнге қатысты ойымен бөлісіп.

Илья Жақанов бұдан кейін де бірнеше әнді дүниеге әкелді. 1965 жылы «Шынарым менің, шырайлым менің» кітабы бойынша «Әселді», сосын «Асылымды», арада біраз жыл өткен соң «Қош бол, Гүлсары» кітабы негізінде «Бибіжан» әнін шығарғанын музыка әлеміне аңсары ауған азаматтар жақсы біледі.

«Осы бір бес ән Шыңғыстың бүкіл өмірінің ең бір сәулелі, шуақты сәттері сияқты. Шыңғыспен әркез жүздескенде, демалыс сәттерінде Шықаң айтатын: «Менің бүкіл кейіпкерлерім қырғыздың тоуларымен қазақтың кенен тааласында шырқатып обон салып жатады», – деп. Айтматовтың 60 жылдығында мені осы әндерім үшін қырғыздар 5 рет қайталап сахнаға шығарды. «Даниярдың әні», «Әсел», «Асылым» әндері әлемнің көптеген елдерінде шырқалды. «Даниярдың әнін» Қытайға кезінде өзіміз құралпылас студенттер апарған екен», – дейді Илья Жақанов.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support