- Advertisement -

Ұлттық мінез сақталсын десеңіз

274

- Advertisement -

Қазақ өнген, өскен жер – Ұлы дала төсі. Шетсіз-шексіз кең дала халықтың көңілін де, дүниетанымын да кең жаратты, қалыптастырды. Дала кеңдігі, шалқар кеңістігі оның рухын, пейілін, салт-санасын да жеріне сай мол етіп пішті. Төзімді етті. Өйткені оның тіршілік аясы кең кеңістік. Киіз үймен көшіп жүріп күн кешті. Тау халықтарындай тар шатқалда қара тастан үй, қамал салып қоршалмады. Теңіз жағалап қайықпен жүзбеді, ау салмады. Бабаларымыз кең далада мал өсірді. Оның санына жетпеді. Жайлауы болса – бақытты еді. Ет жеп, қымыз ішті… Адамзаттың бар баласы секілді қазақ та таза ас, таза су, таза киім, таза ауа мен таза жер іздеді, иеленді, қорғай білді.

Қазақтың дауысты дыбыстарды кеңінен созып салатын халық әндерінен де кеңістік әсері, туған жер табиғаты сезіледі. Ән, мақал-мәтел, шешендік сөздер, ерлік жырлары, эпостар, ертегілер, ақын жырлары – бәрі де ұлтымыздың тарихынан, ежелгі және қазіргі өмірінен хабар береді. Мұның бәрі өзіне тән ұлттық мінезді бойға сіңіруге, отаншылдық сезімді бекітуге от беріп келді, әлі де солай. Ұлттық мінездің осындай басты қырларын мұқалтып алмау керектігін әрдайым есте ұстау маңызды. Заман ырқымен өз қалпынан айрылып жұрттығын жоғалтып жатқан ұлттар да бар.

Қазақтың мықты сақталған тағы бір қыры – қонақжай қасиеті. Қаншама жұрттарды сыйыстырып отыр. Бұл – адамшылығымыз, кеңдігіміз. Абай атамыз айтып кеткендей «адамды сүй, бауырың ол» дейтін салтымыз бізді бауырмалдыққа, достыққа жетелейді. Сөзге дес берген ұлтпыз. Біздің шаңырақ пейілі таза, ниеті түзу адамның қай-қайсысы болмасын, сыйғызады, жарасып кетеді. Қазір елімізге сырттан келіп жатқандардың басым көпшілігі – қазақтар. Қандастар. Ал алдыңғы бір уақыттарда әлемдік түрлі дүниелік төңкерістер себебімен ата- бабалары Қазақстанға ауып көшіп келген сан алуан ұлттардың бүгінгі ұрпақтары, өздері Қазақстанда туып-өскен жаңа халық. Олар да сахарада туды, қазақтар секілді, олардан айырмасы жоқ қазақстандықтар. Қазақ ортасында туған, өскен, оқып тәрбие алған ұрпақ, қазақ салт-дәстүрімен біте қайнап есейген, тілімізге құлағы қанық жұрт. Өзіміз болып кеткен. «Өзжұрт» деп аталуға лайықты жіктер. «Өзжұрттан» бүгінде талай ата тараған. Менталитеті – қазақша. Қазақ оларға туған әкесіндей қамқор. Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, ағайынды Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Герольд Бельгер, Надежда Лушникова, Геннадий Головкин, Илья Ильин, Денис Тен, Ислам Байрамуков, Зульфия Ғабидуллина, Фируза Шарипова, Бахтияр Зайнуддинов, Әлішер Кәрімов қазақ емес, қазақстандық емес деп кім айта алады? Күлкі болмай ма? Қазақ өз қазағына да қамқор. Өз ұлы мен қызының ай мен күннің аманында, өз жерінде тұрып, қазақтықтан айнуына да салғырт қарай алмайды. Жарыққа ұмтыл, бірақ Ұлы даланың өмірі салтынан айныма дейді. Білім ал, бірақ, білімің халқыңа қызмет етсін деп отыр. Бүгінгі батырларымыз Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов ғарышты бағындырды. Жас әнші Димаш Құдайбергенов қазақ әні «Дай-ди-даймен» Америка, Еуропа, Ресей, Қытайды, бар әлемді мойындатты. Міне, сенің танылған, танытқан қырың осы, қазақ!

Жапон халқы қытай әліпбиімен тіл ашқан замандарда артта қалды да, жапон тілінде оқыған соң әлемдегі алдыңғы лекке өтті. Енді сол жапон ұлты өз ұрпағын шет тілдерге тек алтыншы оқу жылынан соң ғана оқыта бастайды екен; балаға алдымен ұлттық дәстүрді сіңіріп алуды бірінші міндет көреді. Сонысымен ғылым- білімде, техникада озып тұр. Жапон автокөлігі – бренд. Ерекше қасиеттеріне қарасаңыз ұлттардан қытай – еңбекқор, неміс – ұқыпты, еврей – ақылды, түрік – жауынгер халық. Мінездері солай. Іргетас таза өздерінікі. Тазалық – заң. Тілі, діні, білімі, өнерін, ұлттық бояуды сақтауды ұмытпайды.

Тазалық деген ұғым – шартты. Қазақтың ұлттық тіліне қатысты қарастырып айтар болсақ бүгінгі қазақтың сөйлеу тіліне ұлт ұялатын, ұлтты ұятқа қалдыратын оғаш сөз тіркестері еніп кетіп жатыр. Мағынасын ұғу қиын, тыңдайсың, бірақ көбін көңілің қабылдамайды. Тіптен теледидардан да, той-жиындар, кеңседегі қызметкерлер тіліне де кіріп кеткен, заңдастырылып, заңды қалып алып бара жатқан сыңай байқалады. Осы жері – ауыр. Өзі қазақ болған соң, ана тілі мазақ болған мынадай жағдайға күйініп ашуланады. Бұл ана тілі ғой! Шалқар кең даланы қоңыр үнімен жырға қосып тербеген әуезді қазақ тілі о бастан жаратылған таза болмысынан жұрдай айырылып, әуен сазы мұқалса, қайтпекпіз. Қазақтың кәдімгі сөйлеу тілі, сөйлеу мәдениеті де қоса қабат жұтылып іштен бұзылып жатыр. Әндері иран, түрік, ағылшын мақамына көшкен. Билер – испанша. Халықтық айтыс өнерінде де клоундық мәнер байқалуда. Тілге, өнерге «жұққан» дерт көзге оғаш ұрады. Бүйте берсек бұл көнбістік ұлтты алып ұрып тынбай ма?

«Ә», «Ң», «І», «Ө», «Ғ» дыбыстары қолданыстан қалуда. Совет дәуірінен қалған ескі сарқыншақ әдетпен орыс тілінің ыңғайына жығылып, әуезді есімдер мен сөздер біртүрлі жаман естіліп, «Әмір – Амир», «Кәмилә – Камила», «Әдемі – Адема», «Әбдәлі – Абдалы», «Мәдинә – Мадина», «Жаңағы – жанағы» т.б. деп жазылып жүр. Ал ана тілін бұрмалап сөйлейтін сол шіркіндер ағылшын, француз, неміс тілдерінде кездесетін осындай дыбыстарды таза айтып жатқанын естігенде не күйінеріңді, не сүйінеріңді білмейсің. Ұлт мінезі дейтін асыл қасиет өзінің болуға тиіс деңгейінде тұрған болса, қазақ ұлты өзінің қазақтығының мағынасын жоғары бағалар еді. Сол сезім өше бастағандай. Өшпесе, бұлайша тіл бұзуға берілмес еді! Теріс ағыстың басталып кетіп, әлі үзілмей жалғасып келе жатқанына да тұтас бір дәуір болып барады. Тіл өзінің табиғи үнді әуезінен айырылуда. Қолдап сақтау болғандай жайымыз бар. Намыс қайда? Бәріміз ұйқыдамыз.

Қашанда атам қазақ жұмысты «істейтін» еді. Қазіргілер «жұмыс жасап жатыр». Бұрын мақтағанда «басы қатты істейді», немесе ренжігенде «басың істей ме?» деуші едік, қазір «басы қатты жасайды», немесе «басың жасай ма?» деп жүрміз. Бұл не сонда? Әлде істейді деген анайы, жаман сөз бе? Жұмыс деген «іс» емес пе? Істі істемей ме? Мұнда қандай анайылық, тұрпайылық бар?

Тіл тазалығы басым заманда келіндер үлкендерге сәлем жасаушы еді. Бүгінгі келіндер «сәлем салады». Бет ашып, жар- жар айтып тұрған басалқы топ, үйретуші ұстаз да «сәлем сал» деп сарнайды. Ән сал деуші еді. Келін сәлемді екі қолын кеудесінен төмен айқастырып, иіліп жасайды. Батыс облыстарда екі қолын тізесіне қойып, иіліп жасайды екен. Сондықтан бет ашып тұрған жігіт «сәлем ет, сәлеміңді әдемі ет» дейтін. Кәзіргі сәлем сал дегені, ақша сал дегендей көңілге дық ете қалады. «Сал» сөзі бүгінде футболға да еніп кетті. Коментаторлар да, тілшілер де «гол соқты, доп соқты деудің орнына, гол салды, доп салды», деп сөйлеп, жазады. Салатын нәрсені қолмен апарып салады ғой. Мәселен, көкпарда салым салады, баскетболда ұяға доп салады.

Қазіргі тағы өзгерген сөз – туған күн. Кешеге дейін осылай айтып, жазып келдік. Енді «туған» сөзінен қашып, «туылған» дейтін болдық. Ол бір «оқымыстының» адам өзін-өзі тумайды деген бесенеден белгілі нәрсені «дәлелдеуімен» өзгерген болу керек. Бұл жерде сұрап тұрғаны анаңның сені туған күні мен жылы емес пе? Иә, анамның мені туған күні, менің туған күнім сол. Қазақтың белгілі жазушысы Сафуан Шәймерденов «Қазақ әдебиеті» газетінде «туылған» деген сөз біртүрлі, ұнамайды» деп жазған еді.

Қазақ тілінде сөзді жынысыа қарай жіктеу жоқ болса да орыс тілі грамматикасына сәйкес ерлерді азамат, әйелдерді азаматша деп айтамыз. Бір замандарда ауыл, қала тұрғындарын осылай бөліп, ерлерді тұрғын, әйелдерді тұрғынша дейтін шығармыз. Мысалы, Аса ауылының тұрғыны Пәленшеев, Тараз қаласының тұрғыншасы Түгеншеева… Өйткені бүгінде осындай орысшаға еліктеп, қыздарымыздың аты – Анар – Анара, Динар – Динара, Гүлнар – Гүлнара т.б. болып әдемі де мәнді-мағыналы есімдер түсініксіз бір ұғымға айналып кетті.

Көгілдір экраннан сөйлеп жатқан жаст арды, тіпті орт а жасқа келіп қа лғандарды тыңдас аң «отырық», «жатырық», «тұрық» деген сөздерді көп естисің. Бұл – тіл бұзу.

Бүгінде қазақ өскен. Ол қазір үш тілде сөйлейді дейміз. Бірақ жас ұрпақ, жаңа ұрпақ «ә-ә, білді, о-о, оқыды, жарайсың, тіл үйренді!» деп жүргенімізде, орысша, ағылшынша ойлап, ана тілді таптап, жаншып сөйлеп жазатын болса, онда мақтанға орын қалмайды. Қанша жерден ағылшын тілінде сөйлегенмен сен таза ағылшын бола алмайсың. Ағылшын болып күрсіне, күңірене алармысың. Басыңдағы ағылшыннан жаттап алғандарың басқа біреудің сөзі, термин сөз. Сенің өз ойың емес. Жаттап алған теория, бір замандардағы цифр-сандарың, құмартқан долларың қазақ өміріне кірікпейді. Ол цитаталарың өз тіліңде де бар, бірақ сен білмей тұрсың. Білімің саяз. Күндердің күні туып жаның қысылса сен жатша емес, тура қазақ мәнерімен құр ғана ыржиясың да қаласың. Ал бұл ыржию, сенің ұлттық белгің.

Бізде «Тіл туралы» заң бар. Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған осы әдемі заңмен қазақ тілі тарихта тұңғыш рет мемлекеттік тіл болып бекітілгенде бәрі түбірінен өзгеретіндей көрініп, іс жайы, тіл ахуалы күншуағына қарай ауатындай болғаны бар еді. Қуанған едік. Содан бері де қаншама көп сөздер айтылды, жазылды. Ал не орындалды? Жан еліткен сол заң қазір суырмаларда жатыр. Өмірде басқа. Созбаққа мерзім сұрау көп. Сөзге тоқтаған, басшы бастап, қосшы қостаған ұлттық болмыс тірлікте қатты байқалмайды. Істеліп жатқан әдемі жұмыс осы ма? Өз заңыңды сақтамай кімге ердің? Көксегеніміз – ұлттық мінез, ана тіл, әдеп-иба емес пе?

Тойда, жаназада біреудің дастарқанына билік айтып, ысырап деу бұрын болмайтын. Дастарқан – қонақжай қазақтың өз өмір салты, дара белгісі еді. Қуанышына мол ғып дастарқан жаяды, қазада садақасын береді. Қазақ екенін сонысынан танисың. Ел де құрқол келмейді, кемін толтырады. Ұлттық мінезіміз – осы. Енді дастарқан жайғызбағаның – салттан, пейілден айырғаның. Салттан, пейілден айырғаның – елдіктен кетіргенің. Ойлан!

Қаржаубай КЕМЕЛОВ,

еңбек ардагері.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support