- Advertisement -

Ауыздан шыққан сөздің бәрі пәтуа емес

236

- Advertisement -

Көшеде біреу жөткірініп, түшкірсе де үрке қарайтын болдық. Көпшілік ортаға жақындамауға тырысып, бұрынғыдай емен-жарқын күлмейтін, аңқылдап амандаспайтын халге жеттік. Топқа кіре қалсақ та, әлдекімнен естіген сақтық шараларын қолданып, қолымызды, мұрнымызды шайып, «дезинфекция» жасап жататынымыз жасырын емес. Себебі жұрт қазіргідей дүрбелең шақта, «қызылды-жасыл», «сарғайған» құбылмалы кезеңде ауырып қалудан қатты қорқады.

Эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған шақта дәрігерлер үйде ем қабылдаудың қаншалықты зиян екенін айтып, дабыл қағып жатса да, халық фейк ақпаратқа көбірек сенеді. Абайша айтсақ, «Көп айтса сенді, Жұрт айтса болды» дегеннің тура өзі. Ал бірақ оның соңы қайғылы жағдайға ұласып жатқанын да естіп- біліп отырмыз. Бүгінде әлемді жайлаған пандемиядан, халықтың санасын сансыратқан инфомедия қауіптірек болып тұр. Әсіресе коронавирусқа қатысты әр жаңалыққа құлақ түріп елең ете қалады көпшілік. Оны оқып, көріп алғандар «емші», «көріпкел», «сәуегей» әрі «дәрігер» атанды. Сол фейктердің арқасында бір кездері сарымсақ іздеп сабылып, имбир с аудасының да көркін қыздырып кеткеніміз естен шыға қойған жоқ. Нәтижесінде олардың бағасын аспандатып алдық. Сізге оның қайсысы ем болды, әлде сіз оған жем болдыңыз ба, әлі күнге білмейсіз. Соңғы кезде халық емінің «хаттамасына» спирттік ішімдіктер қосылыпты. Әлеуметтік желіде де вирусқа спирттік ішімдіктердің ем болатыны, оның ағзаға түскен вирусты демде жоятыны жайлы небір ақпараттар тарап, халықтың ойын одан сайын шатастырып бітірді. «Арақ ішіп жүрген адамға вирус жұқпайды екен- мыс» деп даурыққан жұрттың басым бөлігі осы күндері кешкі тамақтың алдында бір стақанды қағып салып, өздерін үнемі «залалсыздандырып» отыруға көшіпті. Қайсыбір күні халал құдалықтан қайтқан бір топ құдалардың үйіне келген бойда, вирустан үрейленіп, бірнеше шөлмектің түбін түсіріпті дегенді әріптесімнен естіп, езу тарттық.

Бейресми мәлімет бойынша соңғы уақытта қаладағы сауда орындары мен дүкендерде спирттік ішімдіктерге деген сұраныс бұрынғыдан екі есе артып, тіпті кешкі мезгілде сөрелер тегіс босап қалатыны жайлы жиі айтыла бастады. Осыған орай бірқатар сауда орындарына бас сұқтық. Алғашқы енген сауда үйіндегі сатушы қыз кейінгі кездері спирттік ішімдіктер бұрынғыға қарағанда, расында көптеп сатылып жатқандығын жасырмады. Осында өзін Мұхтар деп таныстырған тараздық тұрғынды кездестіріп қалдық. «Іздегенге сұраған» дегендей, спирттік ішімдіктердің саудасын қыздырып жүрген азаматтың өзі алдымыздан шыға келгені. Қолына бір шөлмек самогон ұстап алыпты. Кассаның алдындағы кептелісте аз-кем тілдестік. «Спирттік ішімдіктер коронавирустың алдын алады екен деп естігелі, үш-төрт күнде дүкенге қайырылып тұрамын. Кейін бір досым арақтан гөрі самогон жақсырақ деген соң, осыған үйреніп алдым. Мұны осындай күндізгі уақытта алып қоймасам, кешке бағасы аздап көтеріліп кететінін байқадым. Кейде досымыз екеуміз бірігіп, ортадан ақша шығарып, бір нүктеден «қолдың» самогонын сатып алатынымыз бар. Оның бір литрі үш мың теңге тұрады. Дүкеннің бағасынан аздап қымбаттау. Азанда және кешкі тамақтың алдында бір стақанын тартып аламын. Содан күні бойы тың жүремін. Досым да жеке шаруашылықта еңбек етеді. Былтырғы карантиннің қызып, жұрттың барлығы пырдай ауырып жатқанда, ол да мен де ауырған жоқпыз. Тоқтаусыз жұмыс жасадық. Осының барлығы халықтық емнің арқасы. Соңғы уақытта арақты ішуге молдалардың өзі де рұқсат беріпті ғой», – деді (күліп).

Келесі дүкенге бас сұққанымызда, мұндағы сатушылар спирттік ішімдіктер саудасында ешқандай өзгеріс жоқ екенін алға тартты. Бір күні жақсы өтетінін, келесі күні сауда онша жүрмей қалатынын аңғардық.

– Бұрыннан арақты балаларға суық тиіп, басқа да жағдаймен ауырып қалса, сылағанға қолданамыз ғой. Бірақ оны коронавирусты жұқтырмайды екен деп күнде ішіп, шатаспау керек, менің ойымша. Біздің бір отбасылық досымыз бар еді. Жуырда қатты суық тиіп, жөтеліп ауырып, өз үйінде ем қабылдады. Бір аптадан соң аттай болып жазылып кетті. Қалай емделгенін сұрасақ, бір шөлмек коньякті күнде бір стақаннан ішіп, артынан ащы сорпаға жақсылап тойып, терлеп аяққа тұрдым дейді. Ол ішімдіктен жазылды ма, еттің маңызы шығып, әбден қайнаған сорпадан жазылды ма, кім білсін?! – дейді Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Мейрамкүл есімді көпбалалы ана.

Көпшіліктің көңілінде коронавирусқа алкогольдық сусындар «ем» деген сенімнің қалыптасуына, осындай ем-дом жасауға былайша нық сенімді болуына Қазақстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының өзі пәтуа шығарып, рұқсат беріпті деген қауесет себеп болған. «Ең кемі арақпен тамақты шайып қою керек екен» деген молдалар айтыпты-мыс дейтін сорақы ақпараттың салмағы таразы басын басып тұр. Өйткені, көпшіліктің дені өздерін солай пәтуамен «жұбататын» көрінеді. Ал оның рас-өтірігін ешкім ойлап жатқан жоқ. Соны білу үшін біз облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпекті сөзге тартқан едік.

– Өкінішке қарай халық арасында осындай хабардың желдей ескеніне біраз уақыт болып қалды. Мұның анық-қанығын жұртқа түсіндіруіміз үшін біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қайырылғанбыз. Оларда халықтың арасындағы әңгімені естіп, біліп отыр. Осыған орай діни басқарманың пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мәселені толық зерделеп, жан-жақты зерттеп, мұсылман елдерімен байланыса отырып, басқарма тарапынан арнайы пәтуа шығарылған болатын. Тіпті, ол кісі осы жөнінде әлеуметтік желіде видео насихатын жолдап, ненің харам, ненің халал, ненің нәжіс екендігін ажыратып, түсінікті тұжырымдармен айтып та берді. «Арақ вирусқа ем екен» деп оны ішіп алып, адасып жүрген жандарға біз осы діни басқарманың мәлімдемесін таратып, сілтемесін жолдап, арнайы пәтуасын көрсетеміз. Тіпті, мұндай өрескел хабарды «жерден жеті қоян тапқандай» жан-жаққа таратқан да халықтың өзі. Оны естіп алған ішімдікке үйір жандар бөркін аспанға атып қуанғанын да естідік. Мұны біз де әлеуметтік желіден көріп жатырмыз. Арақтан құтыла алмай жүрген кезде мұндай ақпаратты таратудан әрқайсымыз аулақ болғанымыз абзал. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құрани кәрімде айтады: «Егер сендерге пасық, күнәһар пенде бір хабар жеткізсе, сол нәрсені өздерің көріп, біліп, тексеріп анықтамайынша, оған сенбеңдер, әйтпесе орны түзелмес бір қателікке ұрынып өкініште қаласыңдар» деген аят бар. Сондықтан кез келген ақпараттың анық-қанығын алдымен зерделеп алу керек, – деді ол.

Жалпы дәрігер мамандар алкогольдің адамзат өмірі үшін пайдасынан зияны көп екендігін айтады. Олардың пайымынша, алкоголь- биологиялық у. Ол барлық ағзаны зақымдайды. Ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұратын қабілетін бірден жойып жібереді. Мұның барлығы адамның мезгілсіз өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Спиртті ішімдіктер ағзаны улап, әлсіретеді. Сіз жұтқан бір жұтым ішімдіктің қандай процестен өтетінін айтсақ, арақты ащы ішек тез арада сіңіріп, қанға бірден өткізеді. Қан алкогольді барлық денеге таратады. Ол ең алдымен мидың қызметін бұзады екен. Адамның миы жұмыс істемей қалады. Спирттің у концентрациясы 70-80 пайызға дейін жетеді. Бұл мөлшер қандағы спирттің мөлшерінен әлдеқайда көп. Спирт бауырда да көп жиналады (48 пайыз). Күнделікті тұрмыста болатын жарақаттардың 20 пайызы арақ ішуден болатынын зерттеулер көрсеткен. Алкоголь ағзада болатын маңызды дәрумендерді де (В,РР, С,А) жойып жіберетін көрінеді. Сондықтан адамның зат алмасу үрдісі күрт төмендеп кетеді. Алкогольдің ауыр жүгі адамзат баласын биологиялық деградацияғада ұшырауына апарып соғады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Дәрігерлердің осынау пайымы біраз жанға ой салары даусыз. Арақтан араша сұрап жүріп, ағзаңызды улап, оның уытына біржола түсіп қалып, сан соғып жүрмеңіз. Арақ адамзат баласына ешқашан жақсылық алып келмеген. Ол талай айрандай ұйып отырған отбасының да шырқын бұзып, анадан баланы, баладан ананы, енді біреуді жарынан да айырған әзәзілдің сусыны. Ресейлік дәрігер Светлана Ищенко алкогольдің әсіресе асқазан, өт, бауыры ауыратын адамдарға зиянды екенін айтады. Бүгінде екінің бірі осы ауру түрлерінен зардап шегетіні белгілі. Осыдан-ақ әркім ойланса керек.Сондықтан біз әлем ғалымдары күш біріктіріп күресіп жатқан қауіпті кеселге жеңіл жолмен «ем тауып», өз өмірімізге қауіп төндірмейікші. Өйткені, ауыздан шыққан сөздің бәрі пәтуа емес!

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support