- Advertisement -

Отбасын құру – «лимузинге» мініп қыдыру емес

87

- Advertisement -

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Ел аузында жиі айтылатын осы мақалдың мән-мағынасына көпшіліктің дендей бермейтіні жасырын емес. Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі отбасын құруда, отбасы құндылықтарын сақтауда адамгершілік, ізгі қасиеттерді жоғалтып бара жатқандай. Неге? Бұл талайды толғандырып, ойландырып жүрген күрмеуі қиын сұрақ.

Осы мәселенің мәнісіне терең үңілу үшін облыстық әділет департаментіне аттың басын бұрдық. Сыртқы есіктен кіргеніміз сол, үлкен темір есікке тап болдық. Әлгі есік тарс жабық екен. Оң жақтағы кішкентай терезенің тұсында осында түрлі шаруамен келген кісілер кезекте тұр. Күзетші кезекте тұрған халықтың бұйымтайын мамандарға хабарлаумен қарбаласып жүр.

Менің алдымда кезекте тұрған жасы 35-тер шамасындағы жас келіншектің осында келгендегі шаруасы алиментке қатысты екен. Департамент мамандарына айтып жатқан сөздерінен ұққаным, бұрынғы күйеуі алимент төлеп келген екен. Жуырда бұрынғы жолдасының анасы қайтыс болып, жұмыссыз қалыпты. «Оның басына түскен қайғы-қасіретте менің не шатағым бар? Маған алиментін жұмыссыз қалса да төлесін. Бітті. Басқаны білмеймін» деп ызғарланып, тепсініп тұр. Сол сәтте «Мына кісімен жолдасы қалай қосылды екен? Қасында шамалы тұрудың өзі мүмкін емес сияқты ғой» деп ойлап үлгердім.

Содан олар да, мен де мекеменің ішіне қарай өтуге рұқсат алдық. Мен іздеген бөлім мамандарының бөлмесіне жаңағы жас келіншек те келді. Департаменттің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алтынай Байұзақованың кабинетіне әлгі алиментті даулап келген кісі: «Анау жұмыссыз қалыпты. Анасы қайтыс болыпты. Ол жағында менің шаруам жоқ. Алиментімді төлесін» деп шапылдап кірді. «Бізді тыңдаңызшы! Сіздің күйеуіңіз осы күнге дейін алиментті уақтылы төлеп келген. Заң бойынша біз борышкер алиментті үш ай бойы төлемей кеткен жағдайда ғана іс қозғаймыз. Сіздің жолдасыңыз жақында басқа жұмысқа кірер, келесі айға дейін мүмкін төлейтін шығар. Күтуіміз керек. Оның үстіне анасының қайтыс болғанын айтып отырсыз. Ондай жағдайда адамбыз ғой, ол азаматқа түсіністікпен қараймыз» деп мәселеге қатысты жағдайды түсіндіруге тырысты.

Сонда әлгі келіншектің: «Мен оған дейін қайтіп жан сақтаймын?! Балама киім, тамақ алуым керек» дегенін естіп, «Ойпырым-ай!» деп жағамды ұстадым. Ол отбасының ажырасуына жалпы қандай жағдайдың әсер еткені бізге беймәлім. Отбасындағы жарасымды өмір ең алдымен ер мен әйелдің бір-бірін сыйлап, қадір тұтуына байланысты. Қандай жағдай болсын, ер мен әйел ең алдымен балаларының ертеңін ойлауы керек сынды. Өйткені толыққанды отбасында өскен баланың келешек өмірі де соған сай өрілмек. Әйелге де, ерге де басқа адам табылады. Ал балалар үшін туған ата-ананың орны ерекше емес пе? Әрі десе, алимент әке алақанының жылуындай қайдан болсын?

Бұл жерде біріншіден, бұрынғы күйеуі алмиентін уақтылы төлеп келген. Екіншіден, күйеуінің анасы өмірден озып отыр. Алыстан айқайлай бермей, сол келін болып түскен жеріне көңіл айтып бармай ма? Қайтқан кісі біраз уақыт болса да енесі болды емес пе? Оның бәрін жиып қойғанда ол кісі бауырындағы (алимент алуына себепкер болған) баланың әжесі ғой. Мұндай қатігездікке не деуге болады? Келіншек шығып кеткен соң сол жердегі мамандар да күрсініп қала берді. Олар: «Қандай жағдай болса да ең алдымен адамшылықты ұмытпау керек қой. Бұрынғы күйеуі жағында қайғылы жағдай орын алып отыр. Ал мұның көкейін алимент, ақша тесіп барады. Егер бала 18 жасқа толғанша әкесі алимент төлеп тұрса, ондай әкеге де қолайлы заңдар бар. Сол уақытта әкесі ауырып, болмаса қиын жағдайға тап болса, 18 жасқа толған баласынан алимент талап ете алады. Солай жасаса, мына келіншек қайтер екен? Борышын уақтылы өтеген әкелердің де сондай құқықтары бар. Бірақ олар ол құқықты көбінесе пайдалана бермейді», – деді.

Алтынай Байұзақова арқылы білгеніміз, облысымыздағы мемлекеттік сот орындаушыларда 1102 атқарушылық өндіріс (алимент төлейтін борышкер), ал жекеменшік сот орындаушыларда 13701 атқарушылық өндіріс бар. Бұл дегеніңіз өңірімізде 14703 азамат алимент төлеп жүр деген сөз.

Біз аталған департаменттің тіркеу бөлімінің бас маманы Айгүл Оркүншиевадан да некеге тұрушылар мен неке бұзушылар жайлы сұрап білдік. Бас маманның айтуынша, өткен жылы облысымызда 7592 жас отбасы неке куәлігін алса, дәл осы жылы 1201 отбасы заңды түрде ажырасқан. Ал биылғы қаңтар айынан бері 5029 отбасы некеге тұрса, 654 отбасының дәм-тұзы жараспаған. Байқап отырсаңыз, қуанарлық мәлімет емес. Сонда айналасы 1 жыл 6 ай ішінде 2 мыңға жуық отбасы ажырасып, жолдары екіге айырылған. Бұл шамамен жалпы неке құрғандардың 20 пайызы екен.

Өзекті мәселе қай кезде де жанға батады. Осы орайда біз психолог маманның да пікірін білген едік. Тараздық танымал психолог Фатима Бизақова бұл мәселеге қатысты бүй дейді. Жалпы, отбасындағы даму қалыпты және қалыптан тыс деп бөлінеді. Ажырасу – қалыптан тыс дамудың көрінісі. Жолы екіге айырылғандардың өз-өзіне келуі, ес жинауы үшін біраз уақыт кетеді.

Ал отбасының бұзылуына түрткі болатын жағдайларға келсек, негізгі себеп екі жастың өз ата-аналарынан алған тәрбие мен тәлімде жатыр. Менің ойымша, балалар отбасында үлкендер неге ұрысады, артынан неге татуласады, қанша уақытта татуласады деген жағдайларды көріп өсуі тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көп жеткіншек жалғызбасты әйелдің немесе еркектің тәрбиесі арқылы жетілуде. Ол жастардың үйден алған ешқандай үлгі-өнегесі жоқ. Бұл кейін кері әсерін тигізетіні даусыз. Маған ажырасып келіп психологиялық көмек сұрайтын ер азаматтар: «Әйелім мені түсінбеді, бағалай алмады» деп көп шағымдар айтып жатады. Сұрастырсам, оның жары әке тәрбиесін көрмей, шешесінің қадағалауымен өскен болып шығады.

Өмірде әке-шешесі бар жастар да ажырасып кетеді. Олардың көбісі үйінде береке болмағандар. Әкесі немесе әкесі мен анасы ішімдікке қатар салынып кеткен отбасының перзенттері болып шығады. Әкесі мас күйінде анасын шырылдатып сабап жатқанын күнде көрген қыздың психологиясы өзгереді. Ол қыз: «Мен тұрмысқа шыққанда анам құсап мынандай қорлыққа шыдамаймын. Бірден ажырасып кетем» деген жоспарды миының қатпарына сол кезде жазып қояды екен.

Ата-ананың баласына шамадан тыс қамқорлық жасауы, сөзін сөйлеуі де – жастардың ажырасуына басты себеп. Көп ата-ана «баламның дүркіретіп тойын өткізсем, сықитып дүниесін алып берсем, үйі мен машинасын әперсем, барлық міндеттен құтыламын» – деп ойлайды. Солай ма? Ондай кісілер жас отбасыға керек көмек қолдаудың тойдан кейін басталатынын түсіне бермейді.

Отбасын құру «лимузинге» мініп қыдыру емес екенін түсіну керек. Отбасын құруға көп нәрсе қажет. Жастарымыз оған дайын болмай шығып жатқанын көз көріп отыр. Жас келіндердің өзін ерінен жоғары қоюы отбасының ынтымағына кері әсер етеді. Әйелдің ынжық еркекті басқарып жүруі сол үйдегі перзенттерге де әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан жас отбасылардың ажырасуына ондаған факторлар түрткі болатынын, ол үшін жастардың алатын тәрбиесі әу бастан дұрыс болуы керектігін ұмытпағанымыз дұрыс деп есептеймін. Жалпы, әке- шеше өзінің перзенттеріне отбасы болудың қандай міндет жүктейтінін ашық айтатын уақыт келіп жеткені анық. Отбасы болуға дайындық осы кезге дейін жабық күйде жүргізілді. Мұның дұрыс еместігін ажырасулардың күрт көбеюінен де байқауға болады. Бұл – өте өзекті, ойланатын мәселе. Әр бүтін отбасы – Отанның байлығы», – деп толғанды ол.

Тілші түйіні:  Психолог маманның сөзі мәселенің аражігін ажыратып бергендей. Оны ой таразына салған адам, оңды тұжырым түйеді деген сенімдеміз. Қазіргі таңда жас келін келген жерінен сәл сөз естісе, оның анасы: «Қызымды қорлатпаймын. Ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды» деп дереу ажырастырып алатын әдет шықты. Көп жас отбасын ата-аналардың осы «қолдауы» құрдымға кетіріп жатқаны да ащы шындық. «Егер баласы болса, алиментіңді алып отырасың» деп ақыл құятынын қайтерсің. Баяғыда ажырасу деген ілуде бір естілген немесе мүлдем болмаған. Ол уақытта ажырасу үлкен ұят саналған еді. Мұны да дана қазақ «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп бірауыз сөзге сыйдырды емес пе? «Жақсы жерге келген келін келін, жаман жерге келген келін келсап» деген де тәмсіл бар. Мұнда да терең ой жатыр. Екі жасты жарастыруда ұл мен қыздың ата-анасының алар орны ерекше. Алайда олар да ұл мен қыздың тәрбиесін босаңсытып бара жатқандай көрінеді. Қазіргі таңда отбасын құрып, қайта ажыраса салу қалыпты үрдіске айналды. Кімнің қызы күйеуден шығып келіп үйінде жүрсе, соншалықты жат қылық саналмай бара жатқаны да шындық. Түсіне білгенге бұл – қасірет. Бұл мәселеге әрбір шаңырақ иесі дендеп қарамаса, көңілге кірбің түсіретін жағдайлар көбейе бермек. Бір отбасының шаңырағы ортаға түссе ешкімге де оңай соқпасы анық. Оның салдарынан мұңайған ер, жылаған жар, зарлаған бала қалады шулап. Осыны әркім түсінсе дейміз. Қысқасы, ажыраспаңдаршы, айналайындар!

Есет Досылы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support