- Advertisement -

Бердібек САПАРБАЕВ: Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған қуатты мемлекет

128

- Advertisement -

Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда жеткен жетістігі аз емес. Оған әр аймақтың қосқан үлесі де жетерлік. Сондай облыстың бірі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін тіктеп, шағын және орта кәсіпкерлікті жолға қойған Жамбыл облысы. Облыс басшылығы «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерді өз уақытында орындауды көздеп отыр. 6 шілде – Елорда күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен сұхбаттастық.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Еге­мен еліміздің іргесі қаланған алғашқы сәт­тен бастап мемлекеттік қызметте жүр­ген азамат ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары қандай болғанын айта кетсеңіз.

– Еліміз осы аз ғана мерзім ішінде ға­­­сырға татитын жолды жүріп өтті. Бү­гін­гі Қазақстан – әлем таныған, аяққа нық тұрып, экономикасы қарыштап да­мы­ған, қуатты мемлекет. Бұл ең алдымен сол қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қа­на қоймай, барша қазақстандықты бір мақ­сатқа жұмылдыра білген Тұңғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегінің, са­раб­дал саясатының арқасы. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары өте ауыр бол­ғаны бәрімізге мәлім. Сол кездің өзінде мем­лекетіміздің болашағы жарқын бо­ла­тынына жұртты сендіре білген Елба­сымыз өзі үлгі көрсете жүріп, халықтың са­на-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бә­секеге қабілетті етіп, сомдай білді.

Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есім­де. Бәріміз ерекше тебіреністі әсерді бас­тан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен ай­тып жеткізе алмаймыз. Бірақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өгіз қара күшімізді жұмсайтын күн ту­ғанын анық түсіндім. Сол үшін де уа­қыт­тың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұм­сауға бел байладық. Бұл – бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, болашаққа үл­кен үміт сыйлаған кезең.

Әрине, тәуелсіздік туралы, одан бергі 30 жыл уақыт ішіндегі тіршілігіміз туралы көп нәрсе айтуға болады. Айтылып та жа­­тыр. Бірақ еліміздің саяси-эко­но­ми­ка­лық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның, сананың өзгергені. Жаңа ұр­пақтың ер жеткені. Осы жылдар ішінде қо­ғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, кезең, болмыс келді. Ха­лықтың ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі бү­тіндей өзгерді. Бұл – тәуелсіздік жыл­дарының ең үлкен жемісі. Жаңа көз­қарастағы, креатив, белсенді жастар тәуел­сіз Қазақстанның ең қымбат қазы­насы.

– Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Ел­басының сенімді кадрларының бірі бол­дыңыз. Сізге сенім артып, Қызылорда, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстарына әкім қылып жіберді. Ол кезде облыстардағы жағдай қандай еді?

– Иә, дұрыс айтасыз, менің осынау қыз­мет жолымда Нұрсұлтан Әбішұлынан алған тағылымым, үйренгенім көп. Ел­ба­сымыздың менің еңбек жолымда алар орны бөлек. 1993-1994 жылдары Қазақ­стан Президенті және Министрлер каби­не­ті аппаратының Қаржы, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау бөлімі мең­герушісінің орынбасары болып еңбек ет­тім. Бір жолы басшылар телеарнаға ба­рып, шахтерлердің ереуіл кезінде талап етіп қойған мәселелері бойынша жауап беруім­ді тапсырды. Менің бағыма қарай сол сұхбатты Елбасының өзі көріп, менің сөз саптасымды, жауаптарымды ұна­тып­ты. Кейін Үкіметтің аппарат басшы­лы­ғына тағайындалғанымда, сол сұхбат ту­ралы өзіме айтып бергені бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылы Үкі­метті басқарған кезде мені Білім ми­нист­рі­нің орынбасары етіп тағайындады. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, тосын та­ғайын­дау болғаны рас. Бір жағы бұл та­ғайын­дау маған үлкен сенім, жауап­кер­шілік жүктеді. Содан Елбасының сенімін ақ­т­ауға бар күш-жігерімді салдым.

90-жылдардың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлы Германия мемлекетіне ісса­пар­лап, делегация құрамында мен де бол­дым. Ол кезде Германияның астанасы – Бонн қаласы. Канцлер Г.Кольдің қа­тысуы­мен Бундестагта депутаттармен кез­десу өтті. Бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі, белгілі қайраткер Г.Геншер «Құр­метті, Президент мырза! Біз немістер ас­­­­танамызды Боннан-Берлинге ауыс­ты­руға ойланып, қорқып жүрміз. Сіз әдемі, әсем Алматыдан белгісіз Сарыарқада ор­наласқан Ақмолаға ауыстыруға шешім қа­былдадыңыз. Осындай сіздің жүрек­ті­лігіңізге қайран қалдық, үйрену қажет» де­гені бар.

Жасыратыны жоқ, еліміз азаттыққа елең-алаң шақта, қым-қиғаш қиын­дық­тар мен қайшылықтарға толы уақытта қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары елі­мізде тұратын қазақтардың үлесі 40 пайыз­дың ар жақ, бер жағында болғанын ойласаңыз, қандай ұлы іске тәуекел етіп, қандай ұлы ерлікке барғанымызды анық аң­ғаратын едіңіз. Өңірлердегі жағдай да оңай болмады. Алыс аудан, ауылдарды айт­пағанда, облыс орталықтарындағы ахуал мәз емес еді. Ол кезде жарқын бо­ла­шаққа халықты сендіру қиын болды. Бірақ біз сол қиындықтарды жемісті ең­сере білдік.

Сол 90-жылдардың басында Қазақ­стан егемен, тәуелсіз, өз алдына еркін ел бо­лып кетеді дегенге сенбейтіндердің қа­тары көп болғанына еш күмәнім жоқ. Алай­да біз азаттықтың алғашқы жыл­дарындағы елең-алаң шақтан абыройлы өте алдық. Бабамыздың қанымен, ана­мыз­дың жасымен жеткен осынау құн­ды­лықтың бағасын парықтай білу – бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз.

– Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылды­ғын­дағы ең айтулы оқиға деп нені айтар едіңіз?

– Айтулы жобалардың бірі әрі Ел­ба­сы­ның батыл да сәтті шешімі деп аста­на­мыздың Алматыдан сол кездегі Ақ­мо­ла­ға көшірілуін айтар едім. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы атанып, сән-сал­та­наты жарасқан шырайлы шаһарға қа­рап, Елбасының бір кездегі тәуекел еткен ше­шімі нағыз көрегендік екеніне көзіміз же­теді. Бұдан басқа, еліміздегі көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топ­­тастырған Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының құрылуы, ядролық қарудан бас та­р­туы. Тағы бірі ерекше айтатын еңбегі – тарихымызда бірінші рет шекараны ха­лықаралық шарттармен құжаттап, бе­кіт­кені. Жасыратыны жоқ, шекараны ше­ген­деп алу мәселесін ертеңге ысыра бе­ріп, уақыт өткізіп алып, бүгінде бармаған шай­нап отырған мемлекеттер аз емес. Ке­шегі Кеңес Одағының шекпенінен шық­қан тәуелсіз мемлекеттердің ара­сын­да шекара үшін соғысып жатқандары да бар. Аллаға шүкір, бұл жағынан Қа­зақ­стан бәрінен ертерек қамданды. Ес­теріңізде болса, сонау 90- жылдардың ая­ғында шекараны анықтау мәселесі де біз­дің алқымымыздан алған. Көптеген қиын күндер бастан өтті. Бірақ Ел­ба­сы­ның ерен ерлігі мен еңбегінің арқа­сында біз бұл қиындықтың барлығынан абы­рой­мен өттік. Қазір Қазақстанның көрші мем­лекеттерімен ешқандай шекара, жер дауы жоқ. Тұңғыш Президентіміз әлемдік аренада да қазақ елінің беделіне оң әсер еткен баянды бастамаларымен таныла біл­ді. Осы орайда оған дәлел – Семей яд­ролық сынақ полигонын жабу, Қа­зақ­станды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру, ха­лық­­аралық, өңірлік ұйымдардың құ­рылуы­на ұйытқы болу, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның саммитін қайта жандандыру, Са­рыар­қа төрінде әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің басын қосып, съезд өт­кізу.

Тағы айта кетейін, тәуелсіздігіміздің ең үлкен табысы – ұлттық рухания­ты­мыз­бен, салт-дәстүрімізбен қауышқаны­мыз. Шынайы шежіремізбен, талайғы та­рихымызбен табысқанымыз. Құнарлы, нәр­лі тілімізбен көріскеніміз.

– Қазір Жамбыл облысының тізгінің ұстап отырсыз. Егемендік жылдарында Жам­был облысы қалай өзгерді?

– Тәуелсіздік жылдары мемлекет қам­­­­­қорлығымен еліміздің барлық өңір­ле­рінде жарқын жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Тәуелсіздікті нығай­ту­ға барша қазақстандықтармен бірге Жам­был облысының тұрғындары да лайық­ты үлес қосты десек артық айтпай­мыз. Бүгінде Әулиеата өңірі серпінді даму жолына түсіп, өзінің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді. Көрсеткіштер жыл сайын жақсарып, халықтың ахуалы да ар­тып келе жатқанын аңғаруға болады. Осы жылғы бес айдың қорытындысымен об­лыс­тың экономикалық өсімі 101,6 пайыз­ды құраған. Сондай-ақ өңірде осы жыл­дың бес айында «Еңбек» бағ­дар­ла­масы аясында жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларымен 23 200 адам қам­тыл­ған. Есепті кезеңде облыста 16 400 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 7 300 мыңы – тұрақты.

Аймақтағы АӘК алушылардың саны бес айда 69 мыңнан 50 мыңға, яғни 19 мың­­ға дейін азайған. Облыстғы 356 ауыл­ды елді мекеннің 70-інің тұрғындары (бар­­­­лығы 140 мың адам) АӘК алмайды.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірде бар­­лығы 300-ден астам білім, 217 ден­сау­лық сақтау нысаны бой көтерсе, 500-ден аса спорттық нысан салынған.

Тұрғын үй, жол салу және жөндеу, ауыз­су және көгілдір отынмен қамту шара­­­лары да қарқынды жүзеге асуда. Осы­ған орай өңірлерді дамытуға арнал­ған мемлекеттік бағдарламалардың же­мі­сін жамбылдықтар да айқын сезінуде де­сек, артық айтпаймыз. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүруде. Жыл басынан бүгінге дейін 204,3 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­се, жыл қорытындысымен 651 мың шар­шы метр тұрғын үй тұрғызу жос­пар­ланып отыр.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясын­да өңірде 424,8 шақырым жол салынып, жөн­деуден өтеді. Нәтижесінде, жақсы жә­не қанағаттанарлық жағдайдағы жол үле­сі 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді ме­кен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға арта­ды деп күтілуде.

Жыл соңына дейін 44 мың тұрғын тұ­ра­тын 12 ауылдық елді мекенге су құ­быры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайыз­ға жетпек. Сол секілді 20 елді ме­кенге газ тартылып, газдандыру үлесі 83,8 пайызды құрамақ.

Қорыта айтқанда, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға мемлекеттік және салалық бағдарлама бағытталған. Жеке қо­салқы шаруашылықтарды қолдау жө­ніндегі пилоттық жобаны іске асыру шең­берінде халықтың табысын арт­тыруда маңызды перспектива ашылуда. Әулиеаталықтар ынтымақ пен бірлікте та­лай күрделі кезеңдерді бірге өткерді. Әлі де туған өлкенің өркендеуіне бірлесе үлес қоса береді деп ойлаймын.

– Биыл Таразды түрлендіру бағытында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Та­рихи Тараздың келешегінен не күтуге бо­лады?

– «Тараз – тарихымыздың темір­қа­зы­ғы» деп Елбасымыз бағалағандай, байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Қаланың тарихи келбетін айшықтауда қолға алынған ауқымды жұмыстың бір көрінісі – «Тек­тұрмас» этнотарихи кешені. Жақында екін­ші кезеңі аяқталып, пайдалануға бе­ріл­ген кешен қала қонақтары мен тұр­ғын­дарының сүйікті орнына айналғаны сөз­сіз. Ондағы жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сондай-ақ бұл орайда тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірде бастау алған «Таразға Тарту» жобасын айрықша атап өтуге болады. Жоба аясында облыс ор­талығында 42 нысанда абаттандыру жә­не жөндеу жұмыстары жүруде десек, олар­дың қатарында тұрғын үйлер мен ба­ла­ларға арналған ойын және спорт алаң­ша­лары, 21 саябақ пен сквер бар.

Осы орайда облыс аумағында жүзеге асып жатқан игі жобаларға да тоқталып өт­кім келеді. Айталық, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, облыста қолға алынған бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасы ая­сын­да 347 азамат тұрақты жұмысқа орна­ла­сып, 445 азаматқа медициналық көмек көр­сетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды.

«Асарлатып үй салу» жобасы шең­бе­рін­де былтыр 99 мұқтаж отбасы ауыл­дас­тарының көмегімен үйлі болды.Осы жы­лы тағы 134 үйдің құрылысы басталып, бүгінге дейін 14-і пайдалануға беріліп үл­гер­ген. Осылайша, жалпы асар әдісі­мен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салы­на­тын болады.

Сол секілді «Жомарт түлек» жобасы ая­­сында табысты түлектердің демеу­ші­лігімен 3 STEAM лабораториясы ашы­лып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осын­дай төрт кешеннің, 6 денсаулық сақ­тау нысанының құрылысы жоспар­лану­да. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 мил­лиард теңгеге 73 елді мекенде жо­балар жүзеге асады деп күтілуде.

Биыл жалпы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі қағидаттарын дамыту ая­сында бюджет қаражатынан тыс 26 млрд теңге тартылатын болады.

– Ел келешегін қалай елестетесіз? Ай­талық, 50 жылдан соң елімізді қандай бо­­­лашақ күтіп тұруы мүмкін?

– Тәуелсіз Қазақстанның болашағына се­немін. Еліміз дамыған, өркениетті ел­дердің қатарынан көрінеді деп үміт­тене­мін. Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» ұғымы бос сөз емес. Оның мәні тереңде.

Дегенмен біз бұл тұста бүгінгі ұрпақ­тың қалыптасуына, тәрбиесіне аса мән беру­ге тиіспіз. Жастарымыз жан-жақты, бі­лімді, елжанды азамат болып, жат әдет­терден бойын аулақ салып, тек тынбай, аян­бай еңбек ету керек. Ел үшін еткен ең­бегің еш кетпейді. Әсіресе, халық мүд­десін өз мүддеңнен артық қоя білсең, елге бол­сын деген ниетпен тер төксең, ықы­лас та, ризық та өзі келеді. Менің жұ­мыс­тағы да, өмірдегі де ұстанымым – адал­дық, еңбексүйгіштік. Жастардан да соны көр­гім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН

AIQYN газеті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support