- Advertisement -

Бірлесіп жасалған істен береке тарқамайды! Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың үндеуі

134

- Advertisement -

Өздеріңізге белгілі, биыл көктемгі жауын-шашынның аз болуы және ауа райының қолайсыздығына байланысты, облысымыздың шөлді зонадағы аудандарында орналасқан егістік алқаптар мен шабындықтарда шөптің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға төмен болып отыр.

Өкінішке орай, бұл жағдай тек Жамбыл облысында ғана емес,  еліміздің басқа да облыстарында және көршілес елдердің кейбір аумақтарында да орын алуда.

«Казгидромет» мекемесінің болжамы да көңіл қуантарлық емес. Биылғы жылдың шілде айы жауын-шашынсыз өтеді деп және еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы күндіз + 35 + 43 ° С дейін жоғарылайды деп күтілуде.

Сондықтан «қыстың қамын жазда ойлап», уақытты тиімді пайдаланып, шөпті күйдірмей жинап алу — біздің басты және ортақ міндетіміз.

Қазіргі таңда өңірімізде мал азығын дайындау жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асып келеді. 2021-2022 жылғы мал қыстату науқанына облыс бойынша  992 мың бас мал түседі деп күтілуде.

Қыстатуды қалыпты өткізу үшін 1,7 млн. тонна пішен дайындау жоспарланған.  Қазіргі таңда өңірімізде 745,8 мың тонна (43,5%) пішен және 42,6 мың тонна пішендеме дайындалды.

Сонымен қатар, Облыс аумағында 190,8 мың гектар көпжылдық, 17,0 мың гектар бір жылдық және 122,5 мың гектар табиғи шабындық шөп шабылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар осы қарқында жалғаса бермек.

Қадірменді жерлестер!

Тарихы дәуірлерге жететін, топырағы әр қазақ үшін киелі мекеніміздің басынан талай сынақ өткенін жақсы білеміз. Сол сынақтың қай-қайсынан болмасын біз осы сабырлығымызбен, татулық-бірлігімізбен сүрінбей өттік. Бұл сынақты да осы бір ардақты қасиеттеріміздің арқасында аман-есен өткерерімізге сенемін.

Осыған орай, Сіздерді бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге қамданып, шабындық жерлерден басқа сай-саладағы, өзен аңғарларындағы жерлерден шөп дайындауға шақырамын!

Ескере отыратын екінші мәселе – су мәселесі.

Қазіргі күні өңіріміздегі су ресурстарының пайдалануына келетін болсақ, Талас трансшекаралық өзені арқылы су алу кестесіне сәйкес, маусым айында біздің облысқа тиесілі 145,2 млн. м3 су болса, іс жүзінде 162,55 млн.м3 беріліп, жоспарланған көлемнен 112%  артық су алынды.

Ал, Шу өзені бассейні арқылы Қазақстанға тиесілі 108,76 млн. м3 көлемнің бүгінгі күні 65,56 млн.м3 немесе 60% ғана берілді. Бұл мәселе барлығымызды алаңдатып отырғандығы жасырын емес.

Су – тіршілік көзі. Данагөй халқымыздан «судың да сұрауы бар» деген сөз тегіннен қалмағаны һақ. Осы орайда қолда бар су ресурстарын барынша үнемді пайдалануға (тамшылатып суару технологиясы, алқаптарды кезекпен суару және т.б.) шақырамын!

Бірлесіп жасалған істен береке тарқамайды. Бұл сынақтың да сағаты санаулы. Сондықтан, барлығымыз белімізді буынып, білегімізді сыбанып жұмыс жасап, өзімізге тән ауызбіршілікті танытуға шақырамын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support