- Advertisement -

Ет экспорты енді ғана екпін алып келеді

242

- Advertisement -

Әлемдік нарық қазақ даласында жайылған мал етінің дәмін енді сезгендей. Оны біздің елден ет және ет өнімдерін алғысы келетін мемлекет қатарының көбейгенінен аңғаруға болады. Бұған дейін етті сырттан тасып келсек, енді өзіміз шығаратындай әлеуетке жеттік. Мәселен, төрт жыл бұрын елімізге сырттан 210 мың тоннаға жуық ет әкелініпті. Оның 170 мың тоннасын құс еті құрап, 70 пайызы АҚШ-тан жеткізіліпті. Ал 23 мың тонна сиыр еті Беларусь, Ресей, Австралия, Парагвай, Бразилия, Польша елдерінен сатып алынған. Мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы Австралиядан жеткізілген.

Бұл кезеңде біздің облыста бар болғаны 327,2 тонна қой еті, 114,3 тонна сиыр, 2,1 тонна жылқы еті экспортқа шығарылған. 2016 жылы облыста тауық еті мүлдем экспортталмаған болса, бір жылдан кейін 52 тонна тауық етін алғаш рет экспортқа шығарыппыз.

Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бізде мал экспортын дамытуға  2014 жылдарға дейін айтарлықтай көңіл бөлінбей келген. Тек 2014-2015 жылдары «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында 70 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын салу жоспарланған соң ғана 3 мың бордақылау алаңы қаржыландырылыпты. Мал бордақылайтын алаңдар салу, қаржыландыру тек ірі шаруа қожалықтарының ғана қолынан келетін тірлік екені белгілі.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Кемелбек Дәуреновтің айтуынша, елімізде экспортқа бағытталған мал басының бәрі ірі шаруа қожалықтар мен жеке сектордан алынады екен. «Мал басының аздығы ғана емес, сапасы да бүгінде өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені жекенің қолындағы мал әбден ұсақталып кетті. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтар әр ауданда саусақпен санарлықтай. Ал елдегі кейбір белгілі тамақтандыру нүктелері отандық өнімнен көрі мал етін шет мемлекеттерден алдырғанды жөн көреді. Бұл тұтынушы мен мал өсіруші арасындағы байланыстың жоқтығын көрсетеді. Себебі ет экспортымен кез келген кәсіпкер айналыса алмайды. Тіпті қытайлық талап бойынша ет өңдейтін комбинаттардың, мал бордақылайтын алаңдардың осы тәртіпке қаншалықты сай екені тексеріледі. Ауыл шаруашылығы мамандары талап өте күрделі болғандықтан, кез келген кәсіпкер ол тексеруден өте алмайды», – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес біздің облыс 2018 жылы ет экспортын орындауда республикада алдыңғы орынға шығыпты. Сол жылы біздің облысқа 1 мың тонна сиыр, 1,5 мың тонна қой етін экспортқа шығару тапсырылса, оны аймақтың ет комбинаттары асыра орындап, шетелге 1014,1 тонна сиыр, 1659,1 тонна қой етін жөнелткен. Сөйтіп, сиыр етін экспорттау бойынша меморандумда белгіленген көрсеткіштің орындалуы 101,4, қой еті экспорты 109,1 пайызды құраған. Ал 2019 жылы облыс 1500 тонна сиыр етін экспортқа шығаруға тиіс болса, шығарылғаны 1229,7 тоннаны құрап, 271 тоннаға кеміген. Өткен жылы бір мың тоннаға кеміп, бар болғаны 484 тонна сиыр еті экспортталған. Қой етін де экспорттау 1600 тоннадан 1010,4 тоннаға түссе, 2020 жылы 524,9 тонна ет шетелдерге жіберілген.

Негізгі экспорттаушылар қатарында экспортқа бағытталған дамыған технологиялы бордақылау алаңдары және кластер құрамындағы «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС, Меркі ауданында «Меркі ет комбинаты» ЖШС, Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы ЖШС» ет комбинаттары болды. Ет өнімдерінің негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасы, Бахрейн Корольдігі, Кувейт мемлекетіне экспортталған. Тараз қаласында соғылған ет комбинаты әлі күнге жұмысын жолға қоя алмай келеді.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов 2018 жылғы көрсеткіштен ет экспортының төмендеуіне бірден-бір себеп ол – пандемияның салдары дегенді айтуда.

Бір атап өтерлігі, облыста құс шаруашылығының дамуы, тауық етін экспортқа шығару әлеуетін арттырған. Атап айтсақ, тағамдық жұмыртқа, құс етін өндіруді арттыру мақсатында «Аса даму» және «Әулие-ата Феникс» ЖШС құс фабрикалары кеңейту, жаңғыртудан өтуде. Байзақ ауданында «Аллель Агро» ЖШС құс фабрикасын іске қосу жұмыстары жалғасын табуда. Осы шаралардың нәтижесінде облыста өндірілетін құс етінің көлемі 2 есеге артады деп күтілуде. Мәселен, 2017 жылы шетелге 52 тонна құс еті экспортталса, 2018 жылы 224,7 тонна, 2019 жылы 289 тонна, өткен жылы 356 тонна  құс еті экспортталған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлының айтуынша, 2018-2027 жылдарға «Сыбаға» бағдарламасы аясында облысымызда индикативті көрсеткіштер белгіленіп, осы жылдар аралығында шетелден 36 мың бас ірі қара әкелу жоспарлануда.

– Өткен жылы шет мемлекеттерден асыл тұқымды 4 мың бас мүйізді ірі қара әкелу жоспарланған. Мүйізді ірі қара бойынша бізде 26 мал бордақылау алаңы бар. Олардың жылдық қуаты 30 мың бастан асады. Барлығын қосқанда 30 мың басты бір дегенде бордақылай алады, – дейді ол.

Биыл облысқа қойылып отырған меже 1,1 мың тонна сиыр, 1,5 мың тонна қой етін экспортқа шығару. Жыл басынан бері өңірдің тауар өндірушілері 2 076,8 тонна ет экспортқа шығарған. Оның 1781,1 тоннасы сиыр еті. Осылайша, 2018 жылғы деңгейден төмен түсіп кеткен ет өндірісін үстіміздегі жылдың бес айында артығымен орындап, республикада алдыңғы орынға жайғасты. Негізінен, ет Қырғыз, БАӘ, Түркия, Ресей мемлекеттеріне жіберілген. Қой мен құс еті бойынша жоспардың орындалуы төмен болып тұр. Әзірге 134,6 тонна қой, 161,0 тонна құс еті экспортталған.

Кәсіпкер Айбек Елекбаев мал етіне деген шетелдіктердің сұранысы артқан сайын ішкі нарықтағы ет бағасы қымбаттай беретінін айтады. «Біздің жағдайымызда ұсақ шаруашылықтарды ірі шаруашылықтарға айналдыру механизмін алдын ала зерделемесе, соңы дау-дамайға ұласып кетуі мүмкін. Себебі біз ақсақ малы болса да көз алдында, жеке қорасында тұрмаса көңілі көншімейтін халықпыз. Қазіргі таңда «Біз қазақ мал баққан елміз» деп келетін сөздер бүгінде актуалды емес. Біз мал баққан елден малды сатушы елге айналып келеміз. Былтыр ел аумағынан екі жүз мыңға жуық ірі қара мал шығарылған. Оның 78 пайызын Өзбекстан, 14 пайызын Армения алған. Тірі мал экспортының қарқын алуы шикізат тапшылығын туғызып, ет бағасы қымбаттады. Осыған тосқауыл қою керек шетелде», – дейді ол.

Ет экспортында шетелдіктермен тығыз жұмыс істеп, сапалы өнім көлемін арттырып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Күніне 200  ірі қара мен 1000 бас қой союға мүмкіндігі бар комбинат  бірнеше жыл бұрын жаңғыртудан өткен еді. Мұнда халал стандарты бойынша шикізаттан бөлек  шұжық, бұқтырылған ет өнімдері де дайындалып, тұтынушыларға ұсынылады.

– Бастапқыда дайын өнімімізді келісімшарт бойынша Бахрейнге тасымалдадық. Кейін Иран мемлекетімен келісім жүргіздік. Бастапқыда қойылған талаптарды қадағалау үшін сатып алушылардан арнайы өкіл осындағы жұмыстардың барлығын келіп көрді. Қазір табысты жұмыс істеп келеміз. Тапсырыс артып отыр. Мемлекеттен де қолдау жеткілікті. Тек мал аз болатын. Белгілі жоспарға сәйкес  аудандар да ірі қара мен ұсақ малдарын бізге тапсыруда. Бұл комбинаттың үздіксіз жұмыс істеуіне өз септігін тигізуде, – дейді комбинат директоры Берік Егембердиев.

Биыл ет бағасы жыл басымен салыстырғанда 7 пайызға қымбаттаған. Сиыр еті – 7,7 пайызға, қой еті – 19,8 пайызға көтерілген. Ауыл шаруашылығы басқармасы  қымбатшылыққа ет экспорты немесе тапшылық себеп емес екенін айтады. «Ет бағасына жем мен шөп және маусым аралық көктем мезгілінде мал басының сойыс салмағының төмендеуі, малды бордақылау шығындары мен жем бағасы әсер етуде. Жайылымға шыққан малдың салмағы маусым айының соңына қарай сойыс салмағы арту әсерінен ет бағасы жылдағы көрсеткішіне қайта тұрақталады деген болжамдар бар», – дейді басқарма басшысы Қайрат Аманов.

 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:  Қалай десек те ішкі нарықта ет бағасының артқаны байқалады. Бұл ең алдымен жалақысы өспеген қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ түсіруде. Ал мал экспортының дамуы облыс экономикасының қоржынын толтырары анық.

Дегенмен бүгінгі нарық бағамында бақылаудың жоқтығы ең алдымен мал азығының негізсіз көтерілуіне әкеліп отыр. Ет экспортының артқаны жақсы-ақ, бірақ ішкі нарықты бақылауда ұстауды уыстан шығарып алмасақ жарар еді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support