- Advertisement -

Қоймада картоп пен сәбіз қалмады

174

- Advertisement -

Тағы да бағадан бақылау кетті. Бүгінде елімізде енгізілген карантин жағдайы да аспандаған бағаға тұсау сала алмаған сияқты. Жалпы биыл кәсіпкерлер нарық бағамын негізсіз жоғарылатуын әсте қояр емес. Әсіресе мереке күндері баға біраз шарықтап кетеді де, жай күндері сәл түскен болады. Оның өзінде алдыңғы айларға қарағанда бағаның бірнеше теңгеге жоғарылап кеткені аңғарылады.

 Бұл айда халық жиі тұтынатын, тұрақтандыру қорының әлеуметтік азық-түлік түріне жататын картоп пен сәбіз бағасы да аспандап шыға келді. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде картоптың бағасы 500 теңгеге, ал бізде ол 280 мен 350,  сəбіздің бағасы 600 теңгеге жетіп отыр. Сөйтіп, республикада сәбіз бағасы – 145, картоп – 138 пайызға өсіп кеткен. Бұл елдің ғана емес, биліктің де алаңдауын туғызғаны белгілі.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның бой бермей кетуіне жергілікті билік өкілдерін кінәлайды. «Ішкі нарық дұрыс реттелмеген, тұрақтандыру қорының жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеген. Одан бөлек, тауар өндірушілер ішкі нарықты толық қамтымай тұр, өндірген өнімдерін экспортқа шығаруға тырысады. Осыдан келіп өңірде қымбатшылық орын алуда. Соның салдарынан  сол өнімді шетелден қайта қымбатқа сатып алуға мәжбүр болдық», – дейді ол.

Шет мемлекеттерге қанша көкөніс экспортталғаны нақтыланбағанымен Үкімет басшысы елдегі көкөніс, соның ішінде, әлеуметтік азық-түлік санатындағы картоп пен сәбіз бағасын реттеуді тапсырғаны кеше. Бірақ әзірге базарда бағаны түсіре қойған кәсіпкер жоқтың қасы.

Жалпы мұндай жағдай төрт жыл бұрын қайталанған болатын. Атап айтсақ, картоптың нарықтағы бағамы 2017 жылы 350 теңгеге дейін жоғарылап, ел бір дүрлігіп барып басылған. Одан қалыспаған сәбіздің бір килограмы 350 теңгеге жетіп барып түскені де есте. Содан бері сәбіздің бағасы қазіргі нарық бағамымен алсақ, 250 теңгеге жоғарылапты. Сәбіз демекші, ол Тараз қаласының сауда орталықтарында 590, әлеуметтік дүкендерде 490 теңгеден, ал ал картоптың орташа бағасы 280 теңгеден өткерілуде.

«Бұл инфляциялық өсім динамикасының маусымдық өзгеруі. Осы мезгілде көкөніс бағасында өсім байқалуы жылдағы қалыпты жағдай», – дейді облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Нарық бағамының бұлай құбылуына тұрақтандыру қорындағы көкөніс қорының таусылуы, сырттан келетін өнімнің тасымалы мен халықтың сұранысы әсер еткен. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорациясы» АҚ-ның өкілі Арман Түймебаевпен сөйлескенімізде, тұрақтандыру қорындағы көкөністің үстіміздегі жылдың 31 наурызында түгесілгенін айтты. «Қоймада көкөніс қалмады. Барлығы әлеуметтік дүкендерге шығарылып, өтіп кетті. Әлеуметтік дүкендерде қазір соңғы қалған картоп бар. Оның бағасы 110 теңгеден өткерілуде. Өз өніміміз шыққанға дейін баға осылай құбылып тұрмақ. Қалай жергілікті өнім өсіп-жетілген сәтте баға өз қалпына келеді», –  дейді ол.

– Биыл көкөніс ішінде картоп пен сәбіз бағаларының өсуі өткен жылдарға қарағанда жоғары. Бұған дейін, артық өндірістің әсерінен бағаның құлдырауы байқалған еді. Соның салдарынан өткен жылы қоймаларға қойылған бұл көкөніс түрі екі есеге кеміген. Биыл  ауа райының салқын болуынан оңтүстік өңірлердегі көктемгі дала жұмыстары 20 күнге кешігіп басталды. Яғни жаңа өнімді жаппай жинау науқаны маусымның екінші жартысынан басталмақ. Бүгінде  Түркістан облысынан картоп, пияз, қырыққабаттың алғашқы өнімі жеткізілді. Бұл өңірдегі бағаның түсуіне сеп болады деген ойдамыз, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Аманов.

Тарихтан білеміз, Пайғамбарымыз да сауда жасаған кісі. Құранның Әнғам сүресі, 152 аятында Пайғамбарымыз сауда жасаушыларға «өлшеуді, тартуды туралықпен орындаңдар» деп аят түсіреді. Сондай-ақ Рахман сүресі, 55 аятта «өлшемде әділ болыңдар, таразыдан жемеңдер» деп баяндайды. Жалпы Құран сүрелеріне сүйенсек, алдау-арбау, бағаны жөнсіз арттыру былай тұрсын, саудагер табысын бар жоғы 10 пайыз үстеме қосып сатуына болады екен. Ал бізде ойланып көрейікші, осы талаптар орындалып жатыр ма?..

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support