- Advertisement -

Бұлақ суын табысы көзіне айналдырған

61

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Су – тіршілік нәрі. Табиғатта түрлі ауруларға шипа болатын минералды сулар да бар. Ол суды ішу, шомылу арқылы емге пайдалану ертеден-ақ белгілі болған тәсіл. Жалпы бүгінде елімізде жүзден астам минералды су көздері анықталып, көпшілігі ел игілігіне жаратылуда. Мұндай сулар Меркі ауданында жетерлік.

Меркіде минералды суларды тиімді пайдалану бұрыннан қалыптасқан. Онда сумен емдейтін арнайы шипажай да бар. Ал арнайы құтыға құйылып, сатылымға шығарылған «Меркі су» өнімдерін тұтынатындардың қатары жыл санап артып отыр. Міне, халық тарапынан минералды суға деген сұраныстың артуы «Айсара» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын бастауға негіз болған еді.

Алатау етегіне жақын орналасқан «Меркі су» шығару цехында сағатына 2 мың дана құтыға  су құйылады екен. Оны кәсіпкер сауда нүктелеріне 70 теңгеден өткеруде. Сондай-ақ «Меркі су» Нұр-Сұлтан, Алматы мен Тараз қалаларының сауда орталықтарында 90 теңгеден саудалануда.

Минералды су көзі цехтан 250 метр жерде орналасқан. Онда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Қазір Қытай мемлекетінен 50 миллион теңгеге құрал-жабдықтар әкеліп, цехты кеңейтіп жатыр. Осы қызу тірліктің басы-қасында жүрген жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Жамбыловты сөзге тартқан едік.

—        Бұл кәсіпті бастауға бірден-бір себеп – Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы болды деп ойлаймын. Жастар жылында бір кәсіп ашуға ниет етіп, бұрыннан ойымда жүрген минералды су шығару жобасын қолға алдым. Балалық шақта суын ішіп жүрген бұлақтың суын бір кәдеге жаратайын деген арман болатын. Сөйтіп өткен жылы Қасиетті Рамазан айында кәсібімізді бастап кеткен едік. Бүгінде күніне 3-4 тонна минералды су өндірудеміз, — дейді Нұрсұлтан.

Бұған дейін бұлақ суын зауытқа арнайы су таситын автокөліктерімен тасымалдап отырыпты. Қазір бұлақ қасынан шағын су өңдеу цехын ашып, бар жұмыс сонда атқарылуда. 1980 жылдары бұл бұлақтың суына Франциядан арнайы келген ғалымдар судың құрамына зертханалық зерттеу жүргізген. Сонымен бірге басқа да елдердегі су сынамаларын алып тексерген ғалымдар, «бұл әлемдегі ең мықты су ұңғымасы» деп бағалапты. Сөйтіп республикамызда сол жылдары жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша нөмірі бірінші минералды су атанған екен.

Нұрсұлтанның алға қойған мақсаттары да көп. Жақында ол өзі сияқты жас кәсіпкермен бірлесіп, минералды су шығаратын үлкен зауыт салмақ ниетте. Онда минералды судан бөлек, тәтті су (лимонад), компот, табиғи сок пен басқа да су өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.  Серіктестер зауытты өз қаражаттарына тұрғызбақ. «Жаңа зауыт әлемдік талапқа сай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін болады. Адамның күшімен атқарылатын ауыр жұмысты арнайы құрылғы атқарады. Жобаны іске асырған сәтте күніне 10 мың құты минералды су шығарамыз деген болжамымыз бар. Оған алкогольсыз басқа да өнімдерді қосыңыз», дейді жас кәсіпкер.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support