- Advertisement -

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ СОҒЫС ЖҮРГІЗУ ӨНЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

455

- Advertisement -

1635 жылы Жоңғариядағы ойрат тайпалары бір мемлекетке бірігіп, жоңғар хандығын құрды. Бұл оқиға Далай-Ламадан Эрдэни Батыр қоңтайшы титулын алған Хара Хұлы баласы Хото Хучиннің билік құрған алғашқы жылдарында болды. Бұған дейін ойраттардың бір бөлігі батысқа ойысқан еді. Олар Жайық бойына қазақ жері арқылы өтіп, қалмақ атанып, сонда қалды. Жоңғар хандығының құрылуына біріншіден, моңғол қоғамындағы феодалдық қатынастардың дамуы әсер етсе, екіншіден, Батыр қонтайшының жеке басының қасиеттері елеулі ықпал етті. Хара Хұлы Хото Хучиннің іскерлігі, көрегендігі ойрат тайпаларын біріктіруде үлкен рөл атқарды. Бір орталыққа бағынған қуатты жоңғар хандығының пайда болуы қазақ-жоңғар қатынасының сипатына әсер етпей қоймады. Әсіресе Жоңғар хандығына Галдан билікке келіп, Шығыс Түркістанды жаулап алғаннан кейін жоңғар феодалдарының Қазақстан мен Орта Азиядағы саясатының бағыты өзгере бастады. Жоңғар билеушілері Сырдария өзенінің бассейні мен Жетісу өңірін басып алуға ұмтылды. Жоңғарлардың 1723-1725 жылдардағы басқыншылығы Цин империясымен болған соғыс шығынының орнын толтырып, күйреген шаруашылығын қалпына келтіру үшін жасалды. Жоңғар хандығы сыртқы саясатта екіжүзділік көрсетті: бір жағынан олар жүз жыл бойы Цин империясын Орталық Азияға жолатпай, өз тәуелсіздігі үшін әділ қорғаныс соғысын жүргізсе, екінші жағынан, өздерінің батысындағы түркі тілдес көршілеріне басқыншылық саясатта болды.
Жоңғар хандығының қазақ қоныстары бағытындағы соғыс экспансиясының жандануы Үргеде биліктің ауысып, жоңғар тағына 1697 жылы Циндерге қарсы соғыста қаза тапқан Галдан-Бошокту ханның (1670-1697) жиені, жас әрі жігерлі билеуші Цэван-Рабтанның (1663-1727) отыруына едәуір дәрежеде байланысты болды. Ол қысқа мерзімде жоңғар хандығының бұрынғы әскери-саяси әлеуетін қалпына келтіріп, Орталық Азиядағы өз билігіне қарайтын аумақты кеңейтті.
Жоңғар билеушілері қазақ даласына терең енуді ұйымдастырды. Жоспарланған жаулап алу жорығы 1723 жылы қазақ халқының тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып енді. Шәкәрім Құдайбердіұлы «жоңғарлар басқыншылығы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде қазақ халқының үштен екісі қырылды» деп көрсетеді.
1723-1725 жылдар қазақ халқының есінде ең ауыр кезең ретінде сақталып, «Ақтабан шұбырынды» деген ат алды. Осы бір азалы жылдары «Сауран айналған», «Алқакөл сұлама», тағы басқа сөз тіркестері пайда болып, халықтың мұң-шерін, жаппай қырылуын бейнеледі. А.И.Левшин атап көрсеткендей: «Орта Азияға және тағы басқа жерлерге адам айтқысыз кедейшілік пен қырғын алып келді. Егер қазақ жерінен жауға тойтарыс беретін күш шықпағанда, Орта Азия халықтарының тағдыры қайғыға душар болар еді».
Есім ханның заманында қазақ хандығы күшейді. Бірақ оның Ташкентті билеп тұрған қазақ сұлтаны Тұрсынмен арасы нашар еді. Осыны пайдаланып, ойраттар қазақ жерін шапты. Екінші жақтан қазаққа өзбек ханы Имамқұлы шабуыл жасады. Есім ханның қолы оларды бет бақтырмай қайтарып тұрған. Ойраттардың қазақ жеріне тынымсыз шабуыл жасауы жоңғар хандығы құрылғаннан кейін басталды. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас болған: бірінші шайқас – 1635 жылы, екіншісі – 1643 жылы, үшіншісі – 1652 жылы. 1652 жылғы жоңғарлармен шайқаста, Салқам Жәңгір қайтыс болады.
Тәуке хан билікке келісімен Қазақ хандығындағы ішкі тартысты тоқтатып, бірлікті күшейтуге барын салады. Тәуке хан қайтыс болған соң, оның орнына отырған баласы Болат хан билікті орнымен пайдаланып, халықтың басын біріктіре алмайды. Бұл жағдай Қазақ хандығының саяси жағынан бөлшектеніп, әр жүз хандарының жеке дара билік құруына әкеп соқтырады. Осыдан кейін қазақ жерінде біртұтас бір иелікке бағынған, басқару жүйесі орталықтанған ірі мемлекеттің жоқтығы ылғи да сезіліп тұрды. Мұны қазақ жеріне ертеден көз алартып келе жатқан елмен жапсарлас, жерлері шектесіп жатқан елдердің билеушілері пайдаланып қалуға тырысты. Оңтүстік-батыстан Жайық казак-орыстарының қолдап-қолпаштауымен Еділ өзенінің бойындағы башқұрттар, қалмақтар кіші жүздің халқына тынымсыз шабуыл жасады. Қазақ жеріне солтүстіктен Сібір казак-орыстары килікті. Орта Азиядағы Бұқара мен Хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Оларға қазақ жасақтары табандылықпен тойтарыс беріп отырды. Осылардың бәрінен де асып түскен, қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау – жоңғарлар еді.
1726-1727 жылдарға қарай сұлтандар мен билер басқыншы жауға қарсы барлық қазақ руларын біріктіру жөнінде саясат жүргізе бастады. 1726 жылдың күзінде Бадам өзені маңындағы биік қырқа – Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ съезі өткізілді. Съезге Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би бастаған түрлі рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар шақырылды. Құрылтайда негізгі мәселе басқыншы жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру болды.
Ордабасыда Әбілқайыр сұлтан қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланып, Қанжығалы Бөгенбай батырға ту көтеру міндеттелді.
1724 жылдың өзінде-ақ қазақтар Әбілқайырдың басшылығымен алғашқы жеңістерге жетті. Флорио Беневени былай деп жазады: «Шоно-Лоузан» Әбілқайырмен соғыста қазақтардың он екі ұлысын қол астына қаратып, Түркістан қаласын басып алды. Әбілқайыр күш жинап, аз уақыттың арасында-ақ Түркістан қаласын өзіне қайтарып алады.
Әбілқайырдың басшылығымен болған шайқастардың бірі қазіргі аудан орталығы – Құланнан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан «Сұмқайтты» деген жердегі шайқас.18 ғасырдың 20-жылдарының соңында Кіші жүз ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғар жаулап алушыларымен қиян-кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қантөгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды бұрынғы шекарасына жылжуға мәжбүр етті. Ұрыс болған жер «Сұмқайтты, яғни қатігез жау кейін қайтты» деп атала бастады. Ол кейін бұрмаланып «Сұңқайты» аталып кеткен.
Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында: «Ойраттардың қазақ жеріне шабуыл жасағанына, міне, биыл мешін жылы тура 255 жыл болыпты. Ойраттар шабуылын хижраның 899 жылы (қазіргі есеп бойынша 1521) бастаған. Содан бері олар тыныш таптырған жоқ. Бұл соғыстың аяғы жоңғарлардың жер бетінен жойылып кетуімен тынды. Тыншыдық дегенімізге, міне, он сегіз жылдай мерзім өтті», деп жазған. Бұл кітапта қазақ батырларының соғысу әдістері де айрықша айтылады. «Үш тоғыс соғысы», «Қаша ұрыс салу», «Екі аша соғысы», «Жүре соғыс», «Жекпе-жек соғысы», «Үлкәр жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғысы», «Қоян қашты жасау», «Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс» деген сөздердің өзі-ақ қазақ қолбасшыларының майдан басқару әдісінің мол болғандығын білдіреді. Жоғарыда айтылған соғыс түрлерін, яғни соғыс тәсілдерін қазақ қолбасшылары өте тиімді пайдалану арқылы жеңістерге жетіп отырған. Мысалы, Орбұлақ шайқасында Жәңгір хан алты жүз жауынгерімен жоңғардың Батыр қоңтайшысы басқарған елу мың қолына қарсы шыққанда «Ошақ» соғысын жүргізсе, Бұланты-Білеуті шайқасында «Қоян-қолтық», «Үлкәр жәрік», «Қаша ұрыс салу» тәсілдерін қолданған. Ал Аңырақай шайқасының басы жекпе-жекпен басталып, аяғында «Дода соғыс», «Үш тоғыс», «Ай қораланды», «Екі аша», «Ұры соғыс» деген соғыс тәсілдерімен жүргізілген.
Қазақтардың соғыс өнерінде батырлардың жекпе-жегі ғана емес, бүкіл әскердің ашық майдандағы айқасы, оның тактикасы осы жауынгерлік қару түрлерін қолдануға құрылды. Ұрыс алыс қашықтықтан садақпен атысудан басталып, адамдары, аттары шығынға ұшыраған жау әскерімен жақын қашықтықта бетпе-бет айқаста найзаласумен жалғасты, одан әрі қарай қоян-қолтық шайқаста қылышпен шабысу, айбалта, шоқпар сілтеу секілді тәсілдерге көшетін. Күштің тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, қаша ұрыс салып, шауып келе жатып артқа қарай садақ атуға көшіп, жаудан айласын асыруға тырысатын.
«Қоян қашты жасау». Бұл соғыс тәсілі келе жатқан жаудың бағытын біліп алып, бір топ қазақ жауынгерлері алдынан шығады. Қалмақ әскерімен кездескенде, кездейсоқ кездескендей кейіп танытады да, қашады. Қалмақтар қашқан қазақ жауынгерлерінің артынан қуа жөнеледі. Ал қазақ жауынгерлері садақ оғы жетпейтіндей аралықта қашып отырады да, жер жағдайына қарай «Қоян қашты» тәсілінің аяқ жағын не «Ошақ соғысына» немесе «Ай қораланды соғысына» айналдырады, болмаса тағы басқа соғыс тәсілдерін қолданады.
«Ұры соғыс». Бұл соғыс аты айтып тұрғандай түнде жүргізілетін тәсіл. Айсыз түнде аз ғана қолмен қалмақ қосына кіріп, шу шығарып өздері сытылып шығып кетеді. Шырт ұйқыда жатқан жоңғарлар шудан шошып оянып, қараңғы түнде өздерімен өздері соғысып, көп шығынға ұшырайды. «Ұры соғысын» көбінесе Бөгенбай батыр жүргізген. Ол кейде жалғыз барып, жоңғар қолбасшыларын тұтқындап, олардан көп мәлімет алып қайтқан.
«Жекпе-жек соғысы». Бұл соғыс екі батырдың бір-бірімен жекпе-жекке шығуы. 1627 жылы Хазар (Каспий) теңізінің бойындағы қазақ пен қалмақ соғысы сексен үш күнге созылады. Ұрыстың тура бір жарым айы жекпе-жекпен өтеді. 1727 жылы Бұланты бойындағы шайқаста ұрыстың алғашқы үш күні жекпе-жекпен өтсе, ал 1729 жылы Аңырақай шайқасының он екі күні жекпе-жекпен өтеді. Аңырақай шайқасындағы он екі күндік жекпе-жекте қазақтар жағынан шығын болмайды. Ал жоңғарлар өздерінің жиырма тоғыз батырының өлігін жинаумен болады.
«Үлкәр жәрік соғысы». Мұның мәнісі: жүз адам жауды шауып өтіп, майданнан шығып, сыртпен қайта айналып келіп негізгі қолға қосылады. Оның артынан шауып екінші жүз, оның артынан үшінші, төртінші жүздер бірінен соң бірі жауды шауып өтеді. Осылай мың жауынгер он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді. Жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды. 1731 жылы Көкдөң деген жерде болған шайқаста Наурызбай батыр «Үлкәр жәрік» тәсілін қолданады. Бес жерден жүз-жүзден жауды шауып өтіп, қайтып жатқандарды көргенде, қалмақтардың есі кетеді. Олар қазақтар кәдімгідей жердің астынан өніп шығып жатқандай әсер алды.
«Дода соғыс» – нағыз кескілескен соғыс. Бұл соғыс қылыш пен шоқпар және айбалтаның ғана соғысы болады. «Дода соғысында» қару сілтеу тәсілдері қолданылады.
«Қоян қолтық соғыс» – бұл соғыстың «дода» соғысынан айырмашылығы – мұнда қазақ жауынгерлері жұбын жазбай соғысады. Бұл соғыста да қару сілтеу тәсілдері қолданылады.
«Үш тоғыс соғысы». Бұл соғыста үш мың қолды мың-мыңнан үшке бөледі. Алғашқы мың қол жаумен бие сауым уақыт соғысып, «қайт!» деген бұйрық, екінші мың қолға «құдай беттеріңнен жарылқасын!» деген әмір берілгенде соғысқа кіреді. Оларға «қайт!» деген әмір берілгенде, бата алған үшінші мың соғысқа кіреді. Яғни бірінші мың бие сауым уақыт соғысқаннан кейін майданнан шығып кетеді. Осы кезде екінші мыңдық соғысқа кіреді. Ал бірінші мыңдық тың күшпен қайта толықтырылып, кезегін күтіп тұрған үшінші мыңдықтан кейін соғысқа кіруге әзір болып тұрады.
«Қаша ұрыс салу». Бұл ұрыста қазақ жауынгерлері майданды тастап қашады. «Қазақтар қашып бара жатыр, біз жеңіске жеттік» деп, еліріп алған қалмақтар қуа жөнеледі. Осы кезде қазақтар оларды алдын ала дайын тұрған, мылтығы мен садақтарын кезеп жатқан мергендердің тосқауылына алып келіп ұрындырады. Мергендердің тосқауылына тап болған қалмақтар кері қашуға мәжбүр болады.
«Айқораланды соғысы» – жауды айналдыра қоршап алып, садақ оғын ортада шоғырланып тұрған жауға қардай боратады. Жау да қарап қалмай садақ атады. Бірақ жауды қоршаған кезде әр қазақ жауынгерінің арасы бес немесе он қадамнан болады. Қазақ жауынгерлері қардай боратқан оқтан бас көтере алмаған қалмақтар көздеп атуға мұршасы болмай, атқан мың оқтарының жүзі ғана тисе, тоғыз жүзі айдалаға түседі. Ал қазақ жауынгерлері ортада шоғырланып тұрған жауға көздемей атқанның өзінде атқан мың оғының тоғыз жүзі тиіп, жүзі ғана тимейді. Жау қатары сирегеннен кейін қазақ жауынгерлері оларды біртіндеп қыса түседі. Кім сыртқа ұмтылса сонымен ұрыс болады.
«Екі аша немесе үш аша соғысы». Бұл соғыста жауды екіге немесе үшке бөліп жібереді. Негізгі қолдан айырылған қалмақ қолбасшысы бір жаққа, ал қолбасшысынан айырылған жауынгерлер екінші, үшінші жақа қашады. Қолбасшысыз қалған қол не істерін білмей қашып құтылуға тырысады.
«Ошақ соғысы». Бұл соғыс тәсілінде қазақ жауынгерлері «қоян қашты» жасау арқылы жауды негізгі қолға алып келіп ұрындырады. «Қоян қашты» жасап келе жатқан қазақ жауынгерлерін қуған жаудың алдынан және екі жағынан, яғни үш жағынан соққы беріледі.
«Аламан соғыс» – бүкіл халық қатысқан үлкен соғыс; елге жау шапқанда халық болып атқа қонып, жаппай соғысу. «Шұбыртпалы соғыс» – табиғи кедергілерді, тау жоталарын пайдаланып, жағалай соғыс жүргізу әдісі. «Жүре соғыс» – негізгі қол бір-екі күндік кейде оданда ұзақ жерге жүріп кетеді. Арттарынан қуған жауларға әр жерден садақшылардан тосқауыл қойып кетеді. Тосқауылдағы садақшылар жауды тосып алып, біраз шығынға ұшыратып, негізгі қолға келіп қосылады. Жау жағы осындай бірнеше тосқауылға кез болып, арасы сиреп шығынға ұшырайды.

Айдын Науанов,
тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының монумент, архитектура және археология бөлімінің маманы.

Тараз қаласы.

Ескерту: мақалада тарихи
әдебиеттер пайдаланылған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support