- Advertisement -

Келешекте кейбір кәсіпкерлер табыс салығынан босатылады

54

- Advertisement -

Альмира ОМАРОВА

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Аманқұл Садировтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Шағын және орта бизнес нысандарының дамуына арналған салықтық жеңілдіктер тақырыбындағы арналған басқосуда Аманқұл Раушанұлы қалалар мен ауылдарды дамытудың берік негізі болып табылатын кәсіпкерлікті тиімді дамытуға баса назар аударылатынын жеткізді. Баяндамашы шағын бизнес елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынына назар аударды. Айтуынша, бұл біріншіден, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ете отырып, жұмыссыздықты азайтады. Салық базасын қалыптастырып, жергілікті бюджетті де толықтырады. Сондықтан да мемлекет бизнесті қолдауды жалғастыратынын атап өтті.
– Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аталған бизнес компанияларын үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатудың заңнамалық базасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Заңның тиісті түзетулері 2020 жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Сонымен қатар келесі жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.
Бұл іс-шаралар бизнес өкілдеріне белгілі бір міндеттемелерді жүктейді. Себебі Мемлекет басшысы өз сөзінде тұтынушылар мен азаматтар алдында жауап беретін бизнесіміздің тұтастығы мен заңға бағынатындығына сенім білдірген еді. Осы ретте, мораторий кезінде өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау құралдарын жандандыру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ одан келесі тексерулерді алып тастау көзделіп отыр. Олар – қылмыстық үдерістің аясында, салық төлеушілердің несие берушілер алдындағы берешегі бойынша жүргізілетін, салық төлеушінің өз өтініші бойынша басталған және қарсы тексерулер, – деді департамент басшысының орынбасары.
Сондай-ақ Аманқұл Садиров аталмыш бизнестердің өңірдегі көрсеткіштеріне де тоқталды. Спикердің баяндамасына сүйенсек, биылғы 10 айда 73 954 жеке кәсіпкер тіркеуге алынып, олардың саны 5508-ге артты. Ал оларға 11 айда салынған табыс салығы 2 296,4 миллион теңгені құрап, болжам сомасы 105,2 пайызға орындалған. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 130,2 пайызға немесе 560,5 миллион теңгеге көп екен. «Жалпы, облыстың шағын және орта бизнес нысандарынан түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің үлесі бюджетке түсетін төлемдердің құрамында 35 пайызды құрайды», – деген ол 1 қаңтардан бастап ашық базарлар аумағында жұмыс жасайтын тұлғалар мен шаруа қожалықтарының онлайн бақылау-кассалық машиналарын (интернет байланысы бар жерлерде) қолдануға міндетті түрде өтуі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Осыған байланысты бүгінгі таңда барлық базарлар мен сауда үйлерінде мемлекеттік кірістер органдары, кәсіпкерлер палатасының мамандары мен өкілдері бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органына патент арнайы салық режімінен басқа салық режіміне көшіп жатқан көрінеді. Сөйтіп онлайн бақылау-кассалық машиналар мен онлайн мобильдік қосымшаны тіркеуге қойып жатқанын тілге тиек еткен спикер журналистер қойған сұрақтарға да тиісінше жауап берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support