- Advertisement -

Қазақстан-Германия: достық және іскерлік байланыстар нығая береді

50

- Advertisement -

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі Берлиндегі Федералдық канцлердің ведомстволық ғимаратының алдында өтті. Қазақстанның, Германияның және Еуропалық Одақтың тулары көтеріліп, Бундесвердің бас оркестрі екі мемлекеттің әнұрандарын орындады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Ангела Меркель Құрмет қарауылын аралап шықты. Содан кейін екі елдің ресми делегациясының құрамы таныстырылды.
Салтанатты рәсімнің соңында мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді. Сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселесі сөз болды.
Осы күні Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жалғастыра беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды.
Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында ГФР-дің экс-канцлері Герхард Шрёдермен, Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті.
Мемлекет басшысы Берлинде неміс бизнесінің бірқатар өкілдерімен де кездесті және жетекші неміс компаниялары өкілдеріне арналған іскерлік дастархан басында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы әңгімеледі.
Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингермен кездесу өткізді. Қазақстан Президенті Германия басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстан нарығына неміс бизнесін, технологиясы мен инвестициясын тартудың маңыздылығы жөнінде айтты.
Вольфганг Ишингер келесі жылы өтетін кезекті Мюнхен конференциясына дайындық барысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан Президентін аталған беделді жиынға қатысуға шақырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support