- Advertisement -

БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫНА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ

41

- Advertisement -

Жақында Талас аудандық Билер кеңесінің жыл басынан бергі тоғыз айда атқарған жұмысының қорытынды отырысы өтті. Онда Билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы хабарлама жасап, біраз мәселеге тоқталды:
– Тоғыз ай ішінде Билер кеңесінің қарауына 20 арыз-шағым түсті. Оның көбі азаматтық істер болып табылады. Билер кеңесінің араласуымен көршілер арасындағы 5 дау-дамайлық іс оң шешімін тапты. Қаратау қаласының тұрғыны Г.М. қарызын өндіріп алды. Ақкөл ауылы ардагерлерінің Ашық хаты аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, оң шешілді. Мекеме басшысының қысымын көрдім деген қызметкері мен басшысы Билер кеңесінің бітімімен татуластырылды. «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның «Жастар саябағында» құрылыс жұмысын жүргізген ЖШС арасындағы келісімшарттың орындалуы Билер кеңесінде қаралып, жұмысты аяқтау жөнінде екі тарап мәмілеге келді. Тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы ананың өтініші тиісті мекемелер арқылы шешіліп, кезекке қойылды. Аудандық ардагерлер кеңесі және аудандық соттың көмегімен Билер кеңесі Ұлы Отан соғысының ардагері П.Мельниковтің пәтеріне қайта қол жеткізуіне көмектесті.
Алайда Билер кеңесінің азаматтардың көтерген кейбір мәселелерін оң шешуге құзыреттері жетпеуде. Мәселен, Ақкөл ауылы ардагерлерінің ауылдың қақ ортасындағы үштарапты жолға көліктердің жылдамдығын бәсеңдету үшін жол төсеніштерін салғызу жөніндегі арызы аудандық ішкі істер бөліміне жолданғанымен, ол әлі оң шешімін тапқан жоқ. Сондай-ақ Қаратау қаласының тұрғыны С.Ж-ның көршісімен пәтерін алмастыру кезінде пәтердің бұрынғы иесі кондоминимум бойынша жинақталған 21 мың теңге қарызын «өзім өтеймін» деп уәде бергенімен оны орындамай отыр. Өкінішке қарай, екеуінің арасындағы дау-дамайды бітімгерлікпен шешу мақсатындағы ізгі ниетке уәде беруші азамат түсіністікпен қарамай, қашқақтап жүр.
Билер кеңесінің төрағасы одан әрі ауылдардағы Билер кеңестерінің жұмыстарына тоқталды. 9 ай ішінде 15 елді мекенде Билер кеңестері құрылып, өз жұмыстарын қалыптастыра бастады. Олардың мүшелері болып ауылға танымал, сыйлы тұлғалар сайланды. Өкінішке қарай, Көктал, Кеңес ауылдық округтерінде Билер кеңестері құрылмай отыр. Ол туралы ауыл әкімдері мен ардагерлер кеңестеріне бірнеше мәрте айтылғанына қарамастан іс сөзбұйдаға салынуда. Кейбір елді мекендердегі Билер кеңестері қағаз жүзінде құрылып, нақты іспен айналыспауда. Олардың жұмыстарын жүйелеу, бірге жұмыс істеу – ауыл әкімдерінің міндеттерінің бірі. Сондықтан алдыңғы уақытта елдің бірлігі мен тірлігіне, билігімен көмектесетін Билер кеңесінің жұмысын жандандыруға ауыл әкімдері көмек қолдарын созулары керек.
Мысалы, соңғы кездері ауылда ұрлық белең алуда. Соңғы үш ай ішінде Қаратау қаласында аса ауыр қылмыстар бой көрсетуде. Жақында өткен аудандық ішкі істер бөлімінің есебінде айтылғандай бұрын қылмыс жасап, сотталып, бостандыққа шыққандардың қайтадан қылмыс жасауы өскен. Демек, полиция қызметкерлері олардың ортаға сіңісуімен, қайтадан қылмыс жасамау үшін алдын алу жұмыстарын ширатулары керек сияқты. Төраға сонымен қатар күнделікті өтіп жатқан көкпарларда мертігушілердің қатарының көбейіп жатқандығына алаңдаушылығын білдірді. Қоғамда орын алып жатқан осындай сорақылықтардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары, зиялы қауым, ардагерлер, оның ішінде билер біріге жұмыс істесе, үгіт-насихат жұмысы жүйелі жүргізілсе, қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілер еді, – деп сөзін түйіндеді.
– Біз ауылдағы әлеуметтік жағдайды назардан еш шығарған емеспіз. Ұрлық-қарлық болса анықтап, ауыл болып тезге саламыз. Ауылдың белсенділерінен адам жасақтап бір мезгіл кешке қарай рейдтер жасаймыз. Отбасының берекесі кете бастаған жанұяға ағайындық ақыл айтамыз. Соңғы кездері көкпарға араласа бастадық. Оған себеп те жоқ емес. Айталық, 3-4 жылдың ішінде бір ғана Тамды ауылынан 7 адам көкпардан мертігіп, мүгедек болып қалды. Ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі, ауыл әкімімен бірлесіп, көкпарға барып, көкпаршылармен алдын ала жиын өткізіп жүрміз. Енді бұл жұмысқа учаскелік полиция өкілін де қатыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қ.Құралбаев.
Билер кеңесінің төрағасы Тамды ауылы Билер кеңесінің жұмысын саралап өзге елді мекендерге үлгі тәжірибе ретінде ұсынуды жөн көретінін жеткізді. Жиында сөз алған Билер кеңесінің мүшелері І.Жуасбеков, С.Әбдібеков, Н.Айжановтар Қаратау қаласындағы соңғы кездері белең ала бастаған бұзақылықтарға алаңдаушылықтарын білдірді. Мәселен, қаладағы «Балалар қалашығы» түнгі уақытта ішімдік ішетіндердің мекен-жайына айналды. Ондағы орындықтар қиратылып, шахмат тақталары ішімдік ішетін орындыққа айналған. Қаланың «Шанхай» деп аталатын бөлігінде полиция бекеті жоқ. Аудан-аудан болып жаға жыртысатындар бой көтеруде. Бұған қоғам болып қарсы тұрмасақ болмайды, десті олар.
Жалпы, Билер кеңесі қоғамдағы орын алып жатқан осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін тәртіп орнатудың күні жеткендігіне бірауыздан тоқтам білдірді.

Талғат Жұмабек,
Талас аудандық Билер кеңесінің мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support