- Advertisement -

Біздің қонақтар

69

- Advertisement -

Күн жексенбі болатын. Бұл – біздің үй ішіміз үшін тазалық күні. Анам ас бөлмесінде, менің еншіме балкон тазалау тиген, әркім өз жұмысына кірісті.
Балконға шықсам, терезе алдында бір кептер қонақтап отыр екен. Мені көрсе де тапжылмады. «Кіш-кіш» деп, ұшырып жіберейін дегенімше, балконның жақтауына қона кетті. Жан-жақты тазалап, енді үстелдің астын сүртпекші болғанмын, әлгі құс жанұшыра шиқылдап қоя берді. Түк түсінбедім. Үстелді қозғап қалғанымда, ағаш бұталарынан әдемілеп тоқылған себетті көрдім. Ішінде қос жұмыртқа жатыр. Кептердің не үшін шықылықтағанын енді ұқтым. Үстелді қайта орнына қоя салдым. Неге екенін білмеймін, жүрегім елжіреп кетті, қуанып та тұрмын.
«Мама» деген даусымнан бәрі жүгіріп келіпті. Себетте жатқан жұмыртқаны көргенде таңғалып, таңырқап жатыр. Анам құстың біздің балконға ұя салып, жұмыртқа басқанын жақсылықтың нышанына балады. Сол күннен бастап біз кептерге қамқор болдық. Балконға шықсақ, оны шошытпауға тырысамыз. Кесемен су қойып, нан қоқымдарын да салып қоямыз. Бірақ бізге қарағанда, нағыз қамқоршы аталығы екен. Қайта-қайта ұшып келіп, аналығына шыбын-шіркей сияқты тамақ тасумен әлек.
Иә, кептерлер де, біз де балапандардың жұмыртқаны жарып шығуын асыға күтіп жүрген едік. Ол күн де жетті. Ең бірінші болып сары ауыз үрпектерді інім көріпті. Сөйтіп бәрімізді шақырды. Өздері сондай сүйкімді, кіп-кішкентай ғана. Енді олар өсіп, қанаттары қатайғанша біздің қонақтарымыз болады.

Арунай НҰРЛАН,
оқушы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support