- Advertisement -

Құтқарушылар қоғамға қызмет етуді көздейді

129

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Қоғам алдында адал және шыншыл құтқарушылар ұрпағы» атты еркін форматтағы пікір алмасу шарасы өтті. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі академияның ғимаратында өткен жиынға ұйымдастырушылармен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің қызметкерлері, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметі» ММ-ның жеке құрамы қатысты.
Жиынды облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық құтқару полковнигі Мақсат Қосыбаев ашып, өрт сөндіруші, құтқарушы мамандығының жауаптылығына тоқтала келіп, жиналғандарды іс-шараға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшінің мәртебесі мәселелері жөнінде де сөз қозғады.
Бұдан кейін Тараз қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық құтқару қызметінің кіші сержанты Азамат Көпбосынов өзінің таңдаған кәсібі туралы әңгімелеп берді. Ол қаладағы қаңырап бос тұрған көп қабатты ғимараттың бірінде суицид жасауға әрекеттенген қызды құтқарып қалған болатын. Бұл оқиға кезінде өрт сөндіруші жігіттің автосаты арқылы жоғары көтеріліп, өз өмірін қауіпке тіге отырып жасаған ерлігі әлеуметтік желіде жұртшылық тарапынан қызу талқыланғаны да белгілі. Іс-шара барысында оның сол ерлігінің бейнежазбасы да көрсетілді.
Кездесуде Азамат азаматтық танытты. «Бұл ісімді тіпті де ерлік деп санамаймын. Бар-жоғы өзіме тиесілі жұмысымды атқардым. Менің орнымда басқа әріптестерім болса, олар да осылай әрекет ету арқылы қайғылы оқиғаның алдын алған болар еді. Біздің басты міндетіміз – адам өліміне жол бермеу», – деді ол.
Ал осы бөлімнің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық құтқару сержанты Шухрат Мұртаев әлеуметтік желіде қызметіне қарай айтылған сынға жауап ретінде өрт сөндіруші-құтқарушының шиеленіске толы бір күндік арпалыс үстіндегі сәтін жариялапты. Бейнежазбада оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушінің әрекеті, отпен арпалысы, апат орнынан адамдарды құтқару әрекеттері шынайы бейнеленген екен. Оны көппен бірге экраннан тамашалаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Равиль Төлебаев ерлікке пара-пар іс деп бағалап, бұл салаға жұмыс істеуге тек батыл адамдардың ғана келетіндігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оның алдын алу мен мемлекеттік қызметші мәртебесіне лайық болу жөніндегі ой-пікірімен де бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде әдеп жөніндегі құқық бұзушылықтар едәуір азайған. Былтыр әдеп комиссиясында 15 құқық бұзушылық іс қаралса, биыл тіркелгені 3-еу ғана. Бұдан кейін Р.Төлебаев мемлекеттік қызметке келіп жатқан жастардың қандай болуы керектігі туралы сөз қозғап, жастарды әдеп нормаларын сақтап, Отан үшін аянбай қызмет етуге шақырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Рахимов та өздеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстарды рет-ретімен баяндап берді. Былтыр республика бойынша құқық саласында 268 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 5-еуі төтенше жағдайлар саласына тиесілі екен. Ал біздің облыста төтенше жағдайлар саласы бойынша былтыр да, биыл да бірде-бір іс тіркелмепті.
Бұдан кейін сөз сөйлегендер де тақырып аясында ой бөлісіп, пікір алмасты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support