Ұлт руханиятының өркендеуіне үлес қосамыз

Ұлт руханиятының  өркендеуіне үлес қосамыз
ашық дереккөз
Ұлт руханиятының өркендеуіне үлес қосамыз

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №24 қаулысына сәйкес ірге қалады. Мекеме Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» жобасының жүзеге асырылуын бақылауды мақсат етеді. Мақаладағы «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты негізгі 6 бағыты бар екені белгілі. Одан туындайтын «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобалардың да маңызы жоғары. Ұлт Көшбасшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары аясында жұмыстар жүргізу міндетімізге кіреді. Алдағы уақытта «Әулиеата үміті» сыйлығын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мақсаты – жас таланттардың еңбегін бағалау, ынталандыру. Мұның басты ерекшелігі – әр аталым бойынша сол саланың шырқау шегіне жеткен белді азаматтар марапатталады. Жамбыл жеріне даңқты адамдар мен талантты тұлғалардың кіндік қаны тамған. Біздің жаңа жобамыз «Сен осы өңірдің жарық жұлдызы болуың керек» деген ұранмен жастарға ынта береді деген сенімдемін. Сонымен қатар облысымыздағы қайырымды жандар мен кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Жомарт жүрек» байқауын ұйымдастыруды да қолға алып отырмыз. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы аясында «Жайнаған Жамбылым» атты фотожинақ басып шығару, «Туған жерге туыңды тік!» форумын, «Латын әліпбиі – рухани тұтастық негізі» атты республикалық конференция ұйымдастыру көзделуде. Өңірдегі қалам ұстаған ақындардың бір-бірімен шығармашылық байланысын нығайту мақсатында шайырлар дуэлін, ұлттық спортты дамыту ниетімен тегін үйірмелер ашып, іс-шаралар өткізбекпіз. «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атауымен «Саналы TALKS» интеллектуалды кешін, «Қоғамдық лекция» әлеуметтік жобасын, «Жамбыл жауһарлары» атауымен облысымыздың тарихи-мәдени кешендері мен табиғатын, көрнекті орындарын дәріптеу мақсатында фотокөрме ұйымдастыруды да қолға алсақ дейміз. Жүргізілген мониторингке сәйкес соңғы алты айда барлық бағыттар бойынша 52 жоба, 648 іс-шара өткізіліп, 271 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл жұмыстарға жалпы 926 миллион теңге жұмсалса, оның 98 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Атап айтқанда, «Туған жер» арнайы жобасы аясында барлығы 233 607 адамды қамтыған 461 іс-шара өтті. Ең көбі облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында, Тараз қаласы, Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарында өткізілген. Оның ішінде «Жамбыл ұрпақтары жырлайды!» тақырыбында аудандық, қалалық және облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылып, қорытындысы бойынша «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өтті. Бұл республика бойынша алғаш рет біздің облыста бастау алып, 1000-ға жуық оқушыны қамтыды. Нәтижесінде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт 1 миллион теңгені жеңіп алды. «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында демеушілер мен меценаттардың қолдауымен 17 тұрғын үй, 2 аллея, 3 балабақша, 4 спорттық алаң, 2 мешіт салынып, 7 инфрақұрылымды дамыту жобалары мен 13 ауқымды әлеуметтік көмек, 4 әртүрлі жоба іске асырылды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы – 2, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 4 шара өткізген. Аталған жоба аясында Тараз қаласында – 14, Меркі ауданында – 3, Т.Рысқұлов ауданында 1 шара ұйымдастырылған. Ал Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қордай, Шу, Талас, Жуалы аудандарында іс-шаралар ұйымдастыру деңгейі төмен. Оны жасырғымыз келмейді. «Қазақ тілін латын қаріпті әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру» арнайы жобасы аясында барлығы 21 567 адамды қамтыған 73 іс-шара өткізілді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы әртүрлі форматтағы 19 941 адамның қатысуымен 48 басқосу өткізсе, білім басқармасы 101 адамның қатысуымен 1 жиын ұйымдастырған. Арнайы жобаны іске асыру білім басқармасына тікелей қатысты екені сөзсіз. Себебі білім саласының қызметкерлері орта кәсіптік оқу орындары мен орта білім беретін мекемелерде негізгі жұмыстарды қарқынды жүргізуі қажет деп есептеймін. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 410 адамның қатысуымен 4 іс-шара өткізген. Елбасы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық аймақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту және ауылдық жерлерде еңбек идеологиясын ілгерілету міндеттерін алға қойып, оған қол жеткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты ауылдық аумақтар, қоғамның ауылға деген көзқарасын өзгертуге және ауылдағы еңбек адамы мәртебесінің жоғары екенін танытуға бағытталған қоғамдық сананы жаңғырту мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Жоба аясында алдағы уақытта ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік шаруа қожалықтарды аудан және облыс көлемінде анықтау мақсатында «Үздік фермер» байқауы мен «100 жаңа фермер» жобасын, «Жыл фермері» республикалық конкурсы, ауыл еңбеккерлеріне мемлекеттік марапаттар мен бірқатар жеңілдіктер енгізу, ауыл тақырыптарында сериал, көркемдік және деректі кинофильмдер шығару жоспарланып отыр. Бұл ретте де аудандарда немкеттілік, сылбырлық байқалады. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 12 іс-шара өткізілсе, Байзақ – 4, Жуалы – 4, Жамбыл – 3, Талас ауданы 1 шараны ғана жүзеге асырып отыр. Т.Рысқұлов, Сарысу, Меркі, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары тарапынан тиісті жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбаған. Бағдарламаның «100 жаңа оқулық» жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде гуманитарлық білім бағыттары бойынша студенттердің толыққанды білім алуы үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бүгінгі таңда жоба аясында облысымызға аударылған 19 кітаптың 7000-ға жуық данасы келіп түсті. Аталған кітаптар облыстық, қалалық және аудандық және жоғары оқу орындарының кітапханаларына үлестіріліп берілді. Қазіргі таңда кітаптардың электронды үлгілері әзірленіп, интернет желілеріне орналастырылған. Жобалық офис кітаптардың QR-кодтарымен арнайы тақтайшалар әзірлеп, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында адамдар көп шоғырланатын орындарға орналастыруды қолға алуда. Сонымен қатар жобалық офис М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қолдауымен әр апта сайын бір кітаптың таныстырылымын өткізуді жүргізіп келеді. Онда кітапты толық оқыған оқытушылар мен студенттердің пікірлері мен олардың ойлары ортаға салынады. Кітаптың артықшылықтары мен қоғамға беретін пайдасы талқылануда. Осы жылы 30 кітап аударылып, оқырманға таныстырылмақ. Алда бірігіп атқарар тірлік көп. Себебі аталған бағдарламалық мақалалардың жүзеге асуы – еліміздің дамуына, ұлттық болмысымыздың ілгерілеуіне жол ашады.

Серікбол БЕРІКҚОЖА, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар