- Advertisement -

Баспасөзге қатысты мәселелер талқыланды

63

- Advertisement -

Басқармалардың белсенділігі немен өлшенеді?

Облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, әуелі облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев қысқаша есеп берді. Ол басқарма тарапынан баспасөзбен байланыс жақсара түскенін, облыстық газеттерге қанша мақала жарияланғанын айтқанымен, «Қанша сын мақала жарияланды?» деген облыс әкімінің орынбасарының сұрағына жауап бере алмады. Сұлушаш Сәтбекқызы жыл басынан бері аталған басқарма туралы 8 сын мақала жарияланғанын нақты айтып, басқарма жұмысының республикалық басылымдарда насихатталуы әлсіз екенін ескертті. Республикалық газеттерге мақала жариялау облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында да көңіл көншітпейді. Ол жөнінде басқарма басшысы Бақытжан Жәнібековтің есебінен білдік. Аталған кеңес мүшелері басқарма басшысына Тараз қаласындағы маршрутта жүрген автобустардың көк түтіні неге көп будақтайтынын сұрады. Басқарма басшысының: «Автобустардан көк түтін көп мөлшерде шығатынын білеміз. Көбісін газбен алмастыруға күш салып жатырмыз. Дегенмен жанармаймен жүретін автобустан бөлінген түтінге қарағанда, көзге көрінбейтін газдың зияндылығы үш есе артық. Біз көк түтіннен құтылу үшін амал жоқ газға ауыстырып жатырмыз», – деген жауабы бізді қуанта қоймады. Облыс әкімінің орынбасары құрылғанына 8 ай болған басқарма басшысына алдағы жұмысты ширатуды тапсырды.

Қаржы табам деп шектен шығуға бола ма?

Мұнан соң Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзовтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, аудандық «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетіне биыл 38 миллион қаражат бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 миллион теңгеге артық. Дегенмен бұл газетте «Планета», «Пирамида» деген ресейлік телеарналардың телебағдарламалары басылады екен. Бейқұт Тілепалдыұлы ол үшін редакция жылына 10 миллион табыс табатынын айтса, кеңес мүшелері аудандық газетті олай бетімен жіберуге болмайтынын, қордайлықтар өзге тілдегі телеканалдармен емес, қазақша бағдарлама, қазақша басылымдармен тыныстауы керектігін ұғындырып, «Аудан әкімінің орынбасарына ескерту берілсін» деген ұсыныс білдірді.
Сарысу аудандық «Сарысу» газетіне де биыл жылдағыдан 3 миллион теңге артық қаражат бөлініпті. Дегенмен басылымның көзге ұрып тұрған қателері жиын барысында сынға алынды. Әсіресе жаңа ашылған айдардың сауатсыз жазылуы алаңдатады. Ал жиында есеп берген аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова қызметіне жаңадан кіріскенін айтып, аудандық редакцияға жаңа леп әкелетініне сендірді.

Қаржы мәселесі қол байлап тұр

БАҚ жөніндегі кеңес мүшелерінің алдында облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы есеп беріп, тасқа басылған 97 жыл тарихы бар басылым Елбасының, ҚР Президентінің және облыс әкімінің саясатын, бастамаларын қолдап, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында тер төгіп келе жатқанын айтты. Одан бөлек оқырманға қызықты бірнеше арнайы тұрақты беттер мен топтамалар бар екеніне, оқырмандармен байланыс жоғары деңгейде екеніне тоқталды.
Сондай-ақ газет басшысы бірқатар мәселелерге де тоқталды. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Aq jol»-ға бөлінетін қаржыдан 40 миллион теңге қысқарып қалған. Соның салдарынан қаржылық қиындықтар тууда. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, биылдан бастап редакция отырған ғимараты үшін ақы төлейді. Оның өзі жылына 6 миллионға жуық теңгені құрайды. Осыған ұқсас қаржылық мәселелер облыстық «Знамя труда», «Арай» газеттерінде де бар.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары қорытындылап, қаралған мәселелердің өзекті екенін айтып, бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімінің орынбасарларына тапсырмалар берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support