- Advertisement -

Қытығы жоқ қыздар

442

- Advertisement -

Мұхтар ШЕРІМ.

Қаланың шетінде тұратын әжей дүкеннен шығып, үйіне келсе, бір қыз есіктің алдын сыпырып жүр. Көздерін жұмып, қайта ашты. Жоқ, шайтан емес, кәдімгі қаланың ерке қызы!
– Құдайым-ау, үйімнің алдын сыпырып жүрген сен кімсің? – деп сұрады әжей.
– Құдай қаласа, келініңіз боламын.
– Не дейді?
– Кеше түнгі клубта Ержігіт балаңызбен танысып, сосын ол мені «срочно аламын» деген…
– Ол қайда?
– Білмеймін, «Ертең үйге барып, есіктің алдын сыпыра бер» деп кеткен…
– Е, аламын десе, алып-ұшып келе бересің бе? Сұмдық-ай, сұмдық! Ақырзаманның қыздары!
– Әрең таптым ғой үйіңізді апа, ары тұрыңызшы, мына жерге су шашайын!
– Әй, қыз, атың кім?
– Нүкте.
– Нүктесі несі?
– «Осы қыздың атын Нүкте қоямын, келесіде ұл туасың!» депті әкем шешеме. Айтпақшы, апа, келе жатқан әйелдер мерекесі құтты болсын! Апа, балаңыз әкімшілікте істей ме? «Әкімнің орынбасарымын» деп танысты ғой… Әкімнің әйелі болғым келеді…
Әжей қағынған қызды сыпырғымен ұрғылап, қуып шығып, қайта айналып келсе, тағы бір қыз есіктің алдын сыпырып жүр!
– О, тоба?! Мынау қайдан топ ете қалды тағы? Әй, сен кімсің?
– Как кім? Болашақ келініңіз боламын! Кеше балаңыз: «Әйелдер мерекесі қарсаңында үйленемін, отвечаю!» деген. Әдіресін беріп, есік алдын сыпыра бер деп еді…
– Сыпырудан басқа ештеңе айтқан жоқ па? Келе салып, сыпыра береді екенсіңдер де? Атың кім?
– Латынгүл. Әкем болашақта латын әліпбиіне көшеміз деп құрметтеп… Апа, ары тұрыңызшы, су шашайын.
– Шық ауладан! О, көргенсіз неме!
– Апа, аспанға ай керек, бізге бай керек. Балаңыз салық инспекторымын деген…
Әжей оны да тырқыратып көшенің басына дейін қуып шықты. Қайтып келсе, бір қыз еңкейіп, ауланы сыпырып жүр. Әжейдің жүрегі сыр берейін деді.
– Әй, сен кімсің?
– Света.
– Біздің үйде неғып жүрсің?
– Ержігіт «Точно аламын!» деген.
– Сендердің беттеріңде қытық бар ма өзі? Қалай ұялмайсыңдар, а? Келе салып есік алдын сыпыра беретіндері несі?
Бір кезде баласы ыржалаңдай келді. Өзі қуып жіберген қыздарды қолтықтай алыпты.
– Апа, мерекеңізбен! – деді баласы жайраңдап. – Базардағы гүлдер сондай қымбат, жанып тұр! Ал балаңыз еш жерде жұмыс істемейді! Жұмыс таппай жүр! Сосын ойлана келіп, қыз гүлдерімді алып келдім! Өздерімен ақылдасып. Қыз дегеніңіз – гүл! Гүл дегеніңіз – махаббат! Апа, үшеуіне де үйленемін!Үшеуі де маған ғашық! Қалың малдың бір мәнісі болар?!
Әжей «біссімілләсін» айтып, құлап бара жатты. Үш қыз, үшеуі де пұшық қыз оны көтеріп алып, төсегіне жатқызды. Бір кезде әжеміз атып тұрып, бір шәугім суды қыздардың аяқтарына құя бастады.
– Апа, не істеп жатырсыз?–деп сұрады баласы.
– Е, шырағым, «гүлдерің» солып қалмасын! Үлкен ваза керек енді…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support