- Advertisement -

Киелi жерлерiмiзде келелі кеңестер көп болса

147

- Advertisement -

Қасиетті қазақ жері ескерткіштерге, ықылым заманның көзіндей болған жәдігерлерге бай. Атап айтқанда Ұлытау төріндегі киелі орындар, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісу жеріндегі киелі мекендер – ел тарихының символы. Біздің өңірдің ежелгі ескерткіштерін де осындай ғажайыптардың қатарына жатқызуға болады. Еліміз бойынша маңызды ескерткіштердің саны 1500-ден асып жығылады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы нақты қолға алынды. Соның нәтижесінде бірқатар шаралар жүзеге асып жатқаны белгілі.
Біз бүгін өңірімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстар жайлы сөз қозғамақпыз. Әңгімені сәл әріден бастасақ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлескен тапсырмасы негізінде 2012 жылы облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне ұсыну үшін Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені нысандары ұсынылған болатын.
2014 жылдың 25 маусымында Катар астанасы Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38-сессиясының шешімімен жоғарыда аталған тарихи-мәдени ескерткіштер ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұралар» тізіміне енгізілді.

Тарихтан тамыр
тартқан құндылықтар

Әуелі Ақыртас кешеніне тоқталсақ. Оның аумағы 11,45 гектарды қамтып жатыр. Ол – әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени кешен. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі саналатын Ақыртас сарайы Тараз қаласынан 40 шақырым жерде, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Мұнда кездесетін ғажайып құрылыстар әлем тарихында санаулы. Салмағы әлденеше тонна тартатын тас блоктар жасап шығару – есте жоқ ескі замандағы өркениеттің баға жетпес үлгісі. Ұлы мәдениетімен тарихтың тағылымды беттерінде қалған ұлттың бірі – қазақ халқы. ХІІІ ғасырда осы өңірге келген Қытай саяхатшысы Чан Чунь Ақыртас жайлы: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады», деп қызыға жазып кетіпті. Ресей империясы оңтүстік қазақ жерін жаулап алғаннан кейін мұнда орыс ғалымдары зерттеу жүргізеді. Орыс суретшісі Михаил Знаменский 1864 жылы Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап, қызықты суреттер салу арқылы өз ойын қағазға түсіреді. Ал 1940 жылы академик Пацевич: «Құрылыстың мұндай керемет есептерге сүйеніп салынуы мен блоктарға пайдаланылған материалдар бұдан бұрын болған емес. Ақыртастың әлем ғажайыптарының қатарынан орын алуына құны да, құпиясы да жетеді» депті. Кейінгі жылдары Ақыртас кешеніне асфальт жол салынды. Шешімін тапқанша осы мәселені облыстық «Aq jol» газетінің бірнеше мәрте көтергенін айта кеткеніміз жөн.
Құлан қалашығы – Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылының солтүстік-шығысына қарай 1,5 шақырымда орналасқан. Қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеуді ХІХ ғасырдың соңында В.Бартольд бастады. Мұнда 1936 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі мен Жетісу археологиялық орталығы экспедиция жүргізді. Қазба жұмыстардың нәтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың біздің заманымызға дейінгі І ғасырда пайда болғаны анықталды. Қалашықтың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. X ғасырда араб географы ал-Макдиси былай деп жазған: «Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында». Құлан қалашығы бүгінгі таңда 93,64 гектар аумақты алып жатыр. Өрнек қалашығы – Тұрар Рысқұлов ауданы Өрнек ауылының оңтүстігінен 7,7 шақырым қашықтықтағы Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Ескерткішке 1985-1986 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы және басқа да арнайы мамандар зерттеу жұмыстарымен атбасын бұрған. Нәтижесінде Өрнек қалашығы Түркі қала мәдениетінің ірі орталықтарының бірі болғаны, ортағасырлық шаһар екені анықталған. Қаланың шарықтау шегі Х-ХІІ ғасырларды құрайды. Ұлы Жібек жолындағы халықаралық сауда бұл қаланың маңызын жоғарылатып тұрған. Мұнда қолөнер жақсы дамыған. Сондай-ақ мықты бекіністерімен және мұнаралы мешіттерімен ерекшеленген. Жалпы аумағы 82 гектарға дейін жетеді.
Қостөбе (қалажұрты) Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының шығысындағы қолайлы ашық алаңда. Ол – Талас алқабындағы ірі қалашықтардың бірі. Қостөбе қалажұртының орталық қирандылары периметрі бойынша мұнаралы қабырғалар, ормен қоршалған. Тік бұрышты биік алаң түрінде сақталған. Жүргізілген қазба жұмыстары бірнеше дара кезеңнің құрылыстарын анықтады. Қостөбе қалашығын зерттеуде бірқатар ғылыми институттар және Карл Байпақов еңбек сіңірді. Қалашықтың көлемі 60 шақырым аумақты алып жатыр.

БАЛАСАҒҰН ҚАЛАШЫҒЫНА
ЖОЛ САЛЫНА МА?

Баласағұн – Қарахан мемлекетінің астанасы болған ортағасырлық қала. 1974 жылы Шу ауданындағы Ақтөбе қонысын Уәлихан Шәлекенов бастаған топ арнайы қазған. Сондай-ақ ескерткiшпен жан-жақты танысып, оның тарихи Баласағұн болуын алғаш болжап айтқан – Әлкей Марғұлан. Сол жылы ол Қазақ мемлекеттiк университетiнде археология және этнология кафедрасының археолог мамандығы студенттерімен бiрлесiп қазба жұмысын ортағасырлық Ақтөбеде (Баласағұн) өткiзедi. Оны тарих факультетiнiң студенттерiнiң археологиялық базасына айналдыру үшiн ең алдымен ескерткiштiң жанынан университет жүз орындық тұрақты жатақхана салады. Әр жылы көптеген тарихшылар сол жерде тәжiрибеден 30 жылдан астам уақыттан бері өтiп келе жатқаны көп нәрсенi аңғартады. Бұл ретте сол тұста аталған университет ректоры болған белгiлi ғалым Өмiрбек Жолдасбековтің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза XX ғасырдың 80-жылдары Ақтөбе ескерткiшiне арнайы келiп, ондағы жүрiп жатқан археологиялық зерттеудiң қаншалықты маңызды екенiн айтып, оған қолдау қажеттiгiн жазып, өз пiкiрiн бiлдiрген екен. Бұл жағдай ғалымдар мен тиісті мамандарға қозғау салғаны анық. Сонымен Ақтөбедегi (Баласағұндағы) 30 жылдан астам археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесiнде цитадельде, шахристанда және рабадта бай деректерге қол жеткен. Табылған деректерге негiзделе отырып, жазылған мақалалар мен кiтаптардың хронологиясы барынша сарапталған. Нәтижесiнде бұрынғы Ақтөбенiң тарихи Баласағұн екенi ғылыми негiзде дәлелденген.
У.Шәлекеновтің «V-ХIII ғасырдағы Баласағұн қаласы» монографиясының бұған дейiн жазылған ғылыми еңбектерден ерекшелiктерi бар. Монографияда «Алты алаш» ұғымы Бiлге қаған, Күлтегiн және Тоныкөктердiң басқарып тұрған кезiнде пайда болғандығы туралы болжам жасайды.
Баласағұн қалашығының дәл іргесінде Шу ауданына қарасты Ақсу ауылы орналасқан. Тұсынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі жүріп жатыр. Дегенмен автобаннан үш шақырым жердегі тарихи қалашыққа баратын асфальт жол жоқ. Әншейін тастақ жол, оның өзі көктемгі, күзгі жаңбырда езіліп, жолаушыға көп қиындық тудыруда. Ал Баласағұнға келушілер күн санап көбейіп барады. Біз Ақсу ауылының тұрғыны, ардақты ұстаз Сәт Мәлібекұлын әңгімеге тартқан едік. Ол кісінің айтар уәжі мол екен.

Сәт Мәлібекұлы, ардагер-ұстаз:
– Автобаннан Баласағұн қалашығына дейінгі аралық үш шақырым ғана жер. Осы жолды асфальттауға тиісті тараптардың мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Ауданның да шамасы келеді. Алайда асфальт жол мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Ал Баласағұн қалашығына келушілер күн сайын көбеюде. Көктем мен жаз кезінде мұнда адам қарасы мүлдем үзілмейді. Еліміздің барлық облысынан, Қырғыз елінен атбасын бұратындар да бар. Сондықтан жол мәселесі кезек күттірмейді. Одан соң округтегі бір ауылдың атын Баласағұн деп атаса деген тілегімді жеткізгім келеді. Кезінде осы мәселемен профессор У.Шәлекенов терең айналысқан. Ол кісі қалашықты жақсы зерттегенімен, жақын ауылға Баласағұн атын алып бере алмады. Ұсынысы мақұлдана қоймады. Қазір біздің ауылды бейресми «Баласағұн» деп те атайды. Бірақ заңды құжатта ондай атау жоқ болып тұр. Бізді алаңдатқан мәселелер осы.

Қуаныш Дәуренбеков, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры:
– Әрине, еліміздегі жарқын бастамаларға байланысты біздің өңірде де киелі жерлердің картасы жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Киелі жерлерге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Мүмкіндігіне қарай Баласағұн (Ақтөбе) қалашығына дейінгі жолды асфальттап берсе, үлкен игілікті іс болар еді.

тілші Түйіні:

Ауыл тұрғыны да, мекеме басшысы да жол мәселесіне алаңдап отыр. Өңірімізден бес бірдей тарихи ескерткіштің ЮНЕСКО деңгейінде бағалануы – үлкен жетістік. Бұл қазақ елінің тарихы тереңде жатқанын байқатады. Алайда әлемдік деңгейде маңызы бар тарихи орындарға апаратын даңғыл жолдың салынуы аса қажет-ақ. Бұл түйткіл аз уақытта шешімін тауып қалар деген сенімдеміз. Сол кезде киелі жерлерімізде келелі кеңестер өткізіп, туристер де, тұрғындар да бір марқайып қалар еді.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support