- Advertisement -

Жамбылдық жас өнерпаз

141

- Advertisement -

Маңғыстау аймағы күй өнерін жақсы меңгерген

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі музыка бөлімінің «Домбыра» тобының студенті Ерболат Әлімқұл Алматы қаласында өткен «Көшпенділер әуені» І республикалық ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауында «Маңғыстау аймағы күй өнерін жақсы меңгергені үшін» аталымы бойынша жеңіске жетті. Негізі күйшілік түрлі мектептерінде қалыптасқан шеберлікті меңгеру, оны көпке таныту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Ал жамбылдық жас күйші осы талаптың үдесінен шыға білген өнерпаз. Қазанғап күйшілік мектебін жалғастырушы, «Көкіл» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Абдулхамит Райымбергеновтің колледж студентінің аяқ алысына қарап: «Жарыстарға қатысып, лауреат атанғандардың бәрі күйші емес, ал Ерболат талмай ізденсе, келешекте нағыз күйші болады» деген сөзі – соның дәлелі.
Жалпы колледж студенттері ұлттық консерваторияның ұстаз­дарына барып, тыңдалымдарға жиі қатысып тұрады. Бұл – біздің кәсіби шеберлікті арттыру үшін шәкірт­терімізге қоятын басты талаптары­мыздың бірі. Абдулхамит Райымбергенов бұл пікірді осындай тыңдалым­дарға барған кезде айтқан еді.
Ерболат – Жамбыл ауданы, Аса ауылында туып-өскен. Ол орта біліммен қатар, музыкалық аспаптарда ойнау машығын саз мектебінде оқып меңгерген екен. Күйші болсам деген арманы оны осы колледжге жетелеп әкеліпті. Бағына қарай, оған Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі, белгілі күйші Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Бақыт Райымбекованың сыныбына түсіп, білікті ұстаздан тәлім алуға мүмкіндік туды. Себебі, отыз жылдық еңбек өтілі бар Бақыт Райымбекқызының шәкірттері кезінде консерваторияда, Астанадағы Өнер академиясына оқуға шақырту алып, бүгінде өз жолын тапқан. Өз перзенті Шыңғыс та өнерден жырақ кете алмады, анасының бағыт-бағдары арқылы бірқатар байқауларда үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
«Ерболатты үнемі қанаттандырып отыруға тырысамын. Бірақ, құр мақтанға семіріп кетпеуі үшін сын-ескертпелерімді ашық айтамын», – дейді Бақыт Райымбекова. Иә, Ерболаттың алар асуы алда. Бұған дейін жасөспірімдер шығармашылығын шыңдаған республикалық «Біз бақытты баламыз», «Күй атасы – Құрманғазы» және Ә. Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармашылығына арналған облыстық «Домбыраның қос ішегіміз» атты байқауларда топ жарған жас өнерпазды әлі талай дода күтіп тұрғаны анық. Колледж келер жылдың сәуір айында осындай талантты шәкірттің жеке шығармашылық концертін ұйымдастырмақшы.

Айжан Нұрманалиева,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі музыка бөлімінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support