- Advertisement -

Бірліктегі тұрғындардың қуанышы

81

- Advertisement -

IMG-20171011-WA0009Қазақы қайырым бойынша тауық жылы табалдырықтан аттар тұста, яғни, ағымдағы жылдың наурыз айында Бірлік ауылында көпшілік күткен іс бастау алған еді. Құрылысы жедел басталып, стандартты жобамен салынған ауылдық дәрігерлік амбулатория жақында аяқталып, ел игілігіне берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Досаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын жаңа медициналық мекеменің ашылуымен құттықтады. Дәрігерлік мекеменің құрылысына облыстық бюджеттен 66 миллион 748 мың теңге бөлініпті. Заманауи үлгімен бой түзеген мекеме 15 келушіге арналған. Амбулатория 11 бөлмеден тұрады. Күту залы, медициналық қалдықтарды сақтау қоймасы, емдеу бөлмелері, процедуралық кабинет барлығы заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылған.
Ауылдық амбулаторияның аға дәрігері Саттар Үсенқұлов мекемеде 14 маман жұмыс істейтінін айтады. «Күндізгі бөлімде 5 адамға арналған жатын орын бар. Амбулаторияда екі дәрігер жұмыс істейді. Күніне 30 адам қабылдауға да мүмкіндігіміз бар. Оған қоса, келесі жылы мамандар санын арттыруды көздеп отырмыз. Мұның барлығы Елбасының медицина саласына ерекше ден қойып, қолдау білдіргенінің арқасы деп ойлаймын», – дейді ол.
Шынында да Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында медицина саласына ерекше көңіл бөлінген. Осы ретте бірлігі жарасқан Бірлік ауылының жұртшылығы Президенттің қолдауын тағы бір сезініп, уақытпен үндес, озық үлгідегі медициналық мекеменің игілігін көріп отыр.
Дәл осы күні Бірлік ауылының тұрғындары жаңа мешіттің ашылу салтанатына да куә болды. Мұнда бір мезгілде 200 кісінің намазға тұруына мүмкіндік бар. Мешіт құрылысының жүзеге асуына жергілікті жеке кәсіпкер Талғат Мелдебекұлы тікелей қолдау білдіріп, демеушілік жасаған екен. Жаңа мешіттің ашылу салтанаты аудандық мешіттің бас имамы Аят Дыбысұлының құран оқып, дұға бағыштауымен басталды. Келесі кезекте Бірлік ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байжан Шынболатов мешіттің салынуына себепкер болған кәсіпкер азаматтарға ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев жиналған жұртшылықты имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, жаңа мешітке тағайындалған имам Медет Жұматаевқа құран кітапты сыйға тартты. Бұдан кейін игі қуанышты бөлісуге келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына ақ дастархан жайылды.

Ерғали Қартайған,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support