- Advertisement -

Әйел қолға алған іс құлпырып кетеді

147

- Advertisement -

 «Гендер», «гендерлік саясат» деген терминдердің сөздік қорымызға еніп, санамызға сіңгеніне біршама жыл болғанымен, жалпы бұл ұғым қазақта әу бастан-ақ қалыптасқан. «Қыз – қонақ» деп аруын төрге оздырып, «Жұмақты ананың табанының астынан көрген» халқымыз «Әкесі жоқ жетім емес, шешесі жоқ жетім» деп бір-ақ ауыз сөзбен де әйел ананың рөлін айқындап берген. Қашанда әйелден бір саты жоғары тұратын ерлеріміздің өзі «Қабырғаммен кеңесейін» деп ошағының иесіне құрмет көрсетіп, онымен санасып, ақылдасып отырған. Бүгінде бұл мәселе тек саяси сипатқа ие болған. 

Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің арасында әйелдердің үлесі – 55,5 пайызды құрап отыр. Бұл – былтырғы көрсеткішке қарағанда 0,5 пайызға жоғары. Жалпы 2030 жылға дейін басшылық қызмет атқаратын әйелдердің ара салмағын 30 пайызға дейін көбейту жоспарлануда.
Жуырда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен, Тараздағы «Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатында» осы мәселе «Қазақстандағы гендерлік саясаттың бүгіні мен келешегі қандай?» деген тақырыпта дөңгелек үстел басында талқыланды. Басқосуды «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы Бибі Сқақова ашып, жүргізіп отырды. Келесі кезекте «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Күнсұлу Тәукебаева «гендер» ұғымына тоқталып, нәзік жандылардың жетістікке жетуіне ең алдымен ер-азаматтар зор ықпал ететіндігін айтып өтті. Келесі кезекте сөз алған Жуалы ауданындағы №11 Тастандиев орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серікбай Әлиев:
– Әлемдегі дамыған елдің бірі Израильде отбасындағы ең маңызды тұлға – бала. Мәселен, біз қонақ келсе – балаларды басқа бөлмеге жібереміз. Барымызды көп жағдайда баланың емес, қонақтың аузына тосамыз. Ал, еврейлерде керісінше. Ол елдегі әйелдердің бар міндеті ең алдымен – бала бағу, дұрыс тәрбие беру.
Кезінде сол кездегі саясаттың ықпалымен көптеген нәзік жандыларымыз май-май болып, таңнан қара кешке дейін трактор айдады. Одан қалса, шопан болды. Ер адамның атқаратын барлық ауыртпалығын өз мойындарына алды. Сол нәзік жанды аруларымызға жараса ма? Анаға жолдасының ас-суын қамдап, бесіктегі баласын тербетіп отырған жараспай ма? Менің гендерлік саясатқа ешқандай қарсылығым жоқ. Тек бір мәселе, біз болашақ ұрпақтың ғана емес, тұтас бір ұлттың тәрбиесі әйел-ананың қолында екендігін ұмытпасақ екен, – деді.
Ал, облыстық «Жамбыл-Спорт» газетінің директор-бас редакторы Марат Ахметов бүгінде әлеуметтік саланың 80 пайызға жуығында әйелдер жұмыс істейтінін айтып, бұл да өз кезегінде алаңдатарлық мәселе екендігіне тоқталды.
– Меніңше, бүгінде әйел теңсіздігі жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Ішінара, бірен-саран оқиғалар кез келген зайырлы, дамыған елдерде де орын алатын жағдай. Бірақ дәл қазіргі таңда елімізде нәзік жандыларды төмен санау, оларға қысым көрсету сынды жайттар жоқтың қасы. Маған кейде тіпті, әйелдердің ғана емес, қазір ерлердің құқығын қорғау қажет секілді. Әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін азаматтардың санын көбейтуіміз керек. Өйткені, бала тәрбиесінде бұл өте маңызды, – деді.
Өз ойын ортаға салған «Арай» облыстық жастар газетінің бөлім редакторы Нұржан Қадірәлі қызметте жүрген әйелдердің денінің отбасы бұзылып немесе ондағы бала тәрбиесі ақсап жататындығына тоқталды. Әйелдер декреттік демалыста кемінде 3 жыл отырса, оған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалса деген пікірін білдірді.
Дөңгелек үстелге жиналған нәзік жандылар болса, қазіргі таңда әйелдер қызмет те істеп, дүниеге бала да әкеліп, барлығына үлгере алатындықтарын айтты. Ер-азаматы мен мемлекет тарапынан жағдайлары жасалса үйде отырып бала күтімімен айналысуға да қарсы емес екендіктерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Күнсұлу Сатханқызы:
– Қазір «Әйел бастаған көш қараң қалады» деген мақал ескірген. Мемлекет дамуы үшін әйелдің де, ерлердің де қосар үлесі қомақты. Сондықтан ақылды әйел отбасын да сақтап, қызмет те істеп, түрлі жетістіктерге жолдасымен бірге қол ұстасып жете алады. Оған келтірер мысалдар да жеткілікті. Кез келген әйел барлық істің көзін тауып, игеріп кетуге икемді. Тек алдымен отағасы тарапынан қолдау болса болғаны, – деді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support