- Advertisement -

Безбүйректер қайдан шығады?

231

- Advertisement -

Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады

Бейбіт өмір, мамыражай тірлік, кемелденген ел. Әркім өзінің ұмтылысына, амалына қарай «Құдайға шүкір» күй кешіп жатыр. Алайда қоғам дамып, өркендеген өмірде адамдардың ниет-пиғылы керісінше тарылып жатқаны несі?!
Пейілі дейміз-ау, тіпті, мінез-құлық, сана да өзгерген. Біз бұған заманды кінәлаймыз. Дамыған технология өмір сүруді біршама оңайлатқанымен, жақынына жарты сағат уақытын қимайтын жатбауыр болып барамыз. Бұған да айтар уәжіміз дайын. Күнкөріс үшін жанталаса өмір сүру адамның психологиясына әсер етеді деп ақталамыз. Алайда, тарихтағы қай кезеңді алып қарасақ та, қиыншылығы болған. Тек сол қоғамды құраушы адам оған төзе білген. Сонда қазіргі безбүйректік, селқостық қайдан пайда болды біздің бойымызда?! Мұны күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Бірақ, оны кемшілік деп санамаймыз. Ең өкініштісі – сол.
Жасыратыны жоқ, қоғамда көптеген келеңсіздіктер, жантүршігерлік оқиғалар жиілеп кетті. Және соны қалыпты жағдай секілді қабылдайтын болдық. Адамдардың өзін-өзі өртеп жіберуі, баласын сабап тастаған ана немесе әкесін ұрған бала секілді жағдайлардың бейнетүсірілімдері әлеуметтік желілер арқылы тарап жатады. Соны жар салып, жария етуден қымсынбаймыз. Оның салдарын ойлап жатқан ешкім жоқ.
Күні кеше Алматыдағы қаныпезер лаңкестердің қолынан оққа ұшып, опат болған азаматтардың өлі денесі тағы да ғаламтор арқылы елге жайылды. Қанжоса боп жатқан адамның бұл бейнесін жұрт шуласып көрді. Сонда адам қиналып (мүмкін бірінің әлі жаны да шықпаған шығар), өліп жатқанда, безірейе қарап тұрып, бейнетаспаға немесе фотоға түсіру – безбүйректік емей немене?! Әлеуметтік желі арқылы таралған суреттерден кісі қолынан қаза тапқандарға аң-таң болып қарап тұрған балаларды көрдік. Бұл көріністі суретке түсірген жанның бүлдіршінді қолынан жетелеп, қауіпсіз жерге алып кетуге өресі жетпегені ме? Қан көрген адамның жүрегі қатаяды дейді. Әлі оң мен солын танып үлгермеген балаға көз алдына жантүршігерлік жағдайды көрсетіп қою селқостық емей немене?!
Дәл осы атысқа байланысты ғаламтор бетінде сан түрлі пікірлер жазылды. Сонда алматылық тұрғын сол сәтте таксистердің бағаны өсіріп жібергеніне қынжылып, Ниццада болған теракт кезінде таксистердің тұрғындарды тегін тасығанын жазған. Үрейленген тұрғындар таксиге көп жүгінгені белгілі. Алайда, қорқыныш тудырған қысыл-таяң уақытты өз пайдасына асырғаны адамдардың мейірімсіздігін меңзеп тұр. Мейірім мен адамшылықтың тоза бастаған мұндай көріністерін үлкен оқиға кезінде байқағанымыз. Ал күнделікті өмірде кездесіп жатқаны қаншама десеңізші?!
– Қазіргі кезде өзінің әрекетіне есеп бермейтін, өзімшіл жастар өсіп келеді. Олар ешкімнің ақылын қажет етпейді. Эгоистік тұрғыда тәрбиеленгендіктен де олар мейірімсіз, ештеңеге бас ауыртпайтын енжар болады. Мейірім болмаса не нәрсе де мәнсіз, сұсты көрінеді. Бүгінгі қоғамның суық көрінетіндігі сондықтан. Заман бұзылған, қоғам қатыгез дейді. Ал сол қоғамды құрайтын адамның өзі емес пе? Адам қалай болса, қоғам да солай. Мәселен, баяғыда көшеде адамдардың ұрсысып немесе жаға жыртысып жатқанын көрсе, барып араға түсіп, тоқтау салатын. Ал қазір ұрып-соғып, төбелесіп жатқандарды көрсе, не көрмегенсіп өте шығады, не жанына барып бейнетаспаға түсіріп, қарап тұрады. Аяушылық сезімнің жоқтығы осы. Ал төбе құйқаңды шымырлатуға тиіс әрекеттерге елдің еті үйренгені – ең жаман нәрсе. Басқалардың игілігі үшін қамқор болып, мейірбандық танытуды білмесек, жүректің жоқтығы. Бұл тұрғыда біздің кәдімгі роботтан айырмашылығымыз жоқ, – деп адам бойындағы асыл қасиеттердің азайып бара жатқанына кейіс білдіреді зейнеткер Сәбит Дүйсебаев.
Осы орайда орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаевтан асыл қасиеттің иман тұрғысындағы маңыздылын сұраған едік.
– Пайғамбарымыз (с.а.у) мына бір хадисін жеткізген «Мына үш нәрсе кімнің бойында болса, Аллаһ оны қорғауына, қамқорлығына алып, жаннатқа кіргізеді. Олар: әлсіздерге жұмсақтық, ата-анаға мейірім, құлдарға жомарттық». Осы ақиқаттарды бізге жеткізген Аллаһ елшісі (с.а.у) үнемі үмбетін мейірімділік пен рақымдылыққа шақырды. «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша толық иман еткен болмайсыңдар» деген хадисте мейірімді болудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Бауырмалдық тек бірге туғанына ғана болмайды, кез-келген мұсылман – бір-біріне бауыр. Біз ең бірінші осыны санамызға сіңіруіміз керек. Рас, бүгінде адам баласы жантүршігерлік жағдайларға селт етпейтін, жүрек жылуы жоқ жанға айналып барады. Көмекке зәру адамға қолұшын берудің орнына, басын алып қашады. Мұның бәрі иманның әлсіздігінен. Екінші жағынан ойлап қарасақ, қазіргідей қарбалас шақта көпшілік жылы сөз айтып, жылы қабақ білдіруге не көкірегі жібермейді, не оны қажет деп есептемейді. Жүрген жерімізді мейірімге бөлеу ең басты әдетіміз болу тиіс. Айналадағы адамдар сіздің қамқорлығыңыздан қуат алғаны оған да, сізге де жақсы. Әрине, қатыгездікке толы қоғамды бір ғана менің мейірімім өзгерте қоймас деп ойлар. Сізден көрген жақсы қасиетке қасындағыларыңыз да бейімделе бастайды. Ең бастысы сіз төккен мейірім ешқайда кетпейді. Аллаһ тағала сол көркем мінезіңізге ертелі-кеш еселеп сауап қайтарады. Демек, ислам діні тек мінәжат етуден тұрмайды. Айналамыздағы қайсыбір тіршілік иесіне мейірімділікпен қарайтын болса, бұның өзі – Аллаһ тағаланың құзырында құлшылық һәм үлкен сауап, – деді ол.
Бұл тұрғыда психолог маманның да пікіріне де жүгінген едік.
– Расында да, бүгінде адамдар жақсылықтан гөрі, жамандықты жария етуде алдына жан салмайды. Қазір барлық жағдай ашық түрде жарияланады. Оқыс оқиға болсын яки қанды қырғын болсын, оларды үлкендермен бірге жас жеткіншектер де қатар көре беретін болды. Ал бұл балалардың психологиясына қатты әсер етеді. Бұдан жас өскіннің жүрегі қатайып, аяушылық сезімі жоғалады. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерді көрмей өскен бұрынғы адамдардың өмір сүруге деген құштарлығы жоғары болды. Және бір-біріне қамқорлығын аямайтын. Ал қазір психологиялық тұрғыда өз бетінше өмір сүруге дағдыланған ұрпақ өзімшілдікпен тәрбиеленуде. Олар әлдекімнен ақыл-кеңес сұрап, қамқорлығын алғысы келмейді, есесіне ешкімге қамқорлық танытқысы да келмейді. Өзімшілдікпен өмір сүрген бала өзі ақша тауып, өзі күнкөруге ұмтылады. Ал бұл психологиялық тұрғыда депрессияға әкеледі. Содан өмір сүруге көзқарасы төмендеп, санасында айналасындағы адамдарға деген жеккөрушілік пайда болады. Қарап отырсақ, елімізде болған террорлық әрекеттерді 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер жасаған. Сондықтан, ата-ана балаға мейірімін аямай көрсету керек. Және оған кез-келгеніміз атсалысуымыз қажет, – деді психолог Ұлмекен Әбішева.
«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген тәмсіл бар. Бір-бірімізге мейірімді боп, жақсылықта өмір сүрейік!

Шынар АСАНҚЫЗЫ,
«Ақ жол».

 

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support