- Advertisement -

Жастар жат ағымдардың жетегінде кетпесін

87

- Advertisement -

Дінді зерделеу жұмыстары қалай жүреді?

Дін – адамды тазалыққа, ізгі, жақсы қасиеттерге баулиды. Құран аяттарында айтылғандай, дінде зорлық жоқ. Заң да бұл қағиданы құптайды. Әркім қалаған дінін ұстануға ерікті. Алайда, мұсылман болып жаратылғаннан кейін, халқымыздың талабына, ұстанымына сай Ханафи мазһабын ұстанып, мүмкіндігіміз келгенше бес парызды орындауға амал жасауға міндеттіміз. Дегенмен, намаз оқу мақсатымен мешітке баратындардың ішінде әртүрлі көзқарастағылар кездесетіні бүгінде жасырын емес.
Облыста дін істері басқармасы және дін проблемаларын зерттеу орталығы бар. Мұндағылар дінге қатысты барлық түйткілдерді түгендеп, бүге-шігесіне дейін саралап, сараптап отырады. Еліміздегі түрлі деңгейдегі соттардың шешімімен 21 террористік және экстремистік ұйымға Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған. Бұлардың арасынан «Таблиғи жамағат» діни ұйымының өкілдері біздің облыс аумағында көрініс береді екен. Оның бір себебі – Қырғыз Республикасымен шекаралас болғанымыз. Мәселен, бұл «Таблиғи жамағат» діни ұйымына айыр қалпақты ағайындар елінде тыйым салынбаған. Сондықтан, қырғыз елімен шекаралас Қордай, Меркі аудандарында бұл топтың өкілдері кездесіп қалуы ықтимал көрінеді.
Бір айта кетерлігі, өңірімізде дін саласымен түбегейлі айналысушылар радикалды топтармен жұмыс жүргізу барысында оң нәтижелерге жетіпті. Олар деструктивті (сыңаржақ) және радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтармен жүргізілген оңалту жұмыстарының әсерімен 87 азамат қалыпты діни көзқарасқа қайтарылған. Олардың ішінде 28-і бас бостандығынан айырылғандар екен.
– Олармен жұмыс жүргізу айтуға ғана жеңіл. Психологиялық тұрғыдан да жүйкеге салмақ түседі. Дегенмен, нәтижесі болғанына қуанамыз. Ондай топтағы әр адаммен жеке-жеке жұмыс жүргіземіз. Біреулер белгілі бір мезгіл ішінде түзеле бастайды. Енді біреулерімен ұзақ уақыт айналысуға тура келді. Оларға әлеуметтік желінің де ықпалы ерекше. Жастар әртүрлі парақшаларға кіріп алған. Сол жердегі сарапталмаған, жағымсыз ақпараттарды қабылдай береді. Дегенмен, батыс облыстарға қарағанда оңтүстік өңірлерде діни тұрғыда алаңдайтын мәселе көп емес. Себебі, біздің облыста екі жүзден астам мешіт болса, батыс облыстарда 40-50 мешіттен аспайды. Оларға сыртқы күштердің де ықпалы бар. Оларды зерделегенімізде Абдухалил Әбдіжаббаров деген лаңкестің уағызын тыңдайтындары анықталды. Бұл адам қазіргі Сауд Арабиясында қамақта жатыр. Біздің облыста жағдай қалыпты. Оған мешіттердің көптігінің де оң әсері бар. Имандылық үйі көбейген жерде бәсеке, сауаттылық артады, – дейді облыс әкімдігі дін істері басқармасы ислам діни бірлестіктермен байланыстар бөлімінің бас маманы Еркебұлан Есмаханов.

Мешіт имамдары мен ата-аналар не дейді?

Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметовтен жамағаттардың тәртібін, құлшылық жасаудағы ықылас-ниетін сұрадық. Бөтен көзқарастардағы кісілер туралы айтып беруін өтіндік.
– Мешітке барлық адам бір ғана құлшылық ниетімен келеді. Бәрінің парыз намазды оқу тәртібі бірдей. Жұма күні – жұмыс күні. Сондықтан, қызметіне асыққан кісілер парыз намаздан кейін сүннетті оқымай, тәспіні қайтармай имандылық үйінен кетіп бара жатады. Олардың бәрін бөтен ағымның өкілдері қатарына жатқыза алмаймыз. Шариғатта парыз амалдар бәрінен жоғары тұрады. Сүннет амалды орындау, орындамауға еркіндік бар. Бұл жағында ескерген дұрыс. Сондықтан, біздің мешітке келетін жамағаттар арасында бөтен топтың өкілі байқалмайды, – дейді Ғазиз Ахметов. Осы мешіт маңында қала тұрғындарымен де сұхбаттастық. Олардың кейбірі аты-жөнін айтудан бас тартты.
– Өзім ораза ұстаймын. Биыл мектеп бітіретін үлкен ұлым жаңадан намаз оқып, мешітке барып жүр. Ораза ұстайды. Әрине, көше кезіп, шылым-ішімдікке әуес болғаннан гөрі баламның имандылық үйіне келгеніне қуанамын. Алайда, қадағалаусыз болмайды. Баламнан күнде кешке мешітте намаздан кейін не әңгіме болғанын, кімдермен сөйлескенін сұрап отырамын. Имамдарға өзім де жолығып, ақыл-кеңес алып тұрамын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұржамал Орынбекқызы.
Зерделеу барысында облыста діни жағдайдың қалыпты екенін бағамдадық.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support