- Advertisement -

Қалжыңға жүйрік қара бала

119

- Advertisement -

Ел ішінде «қара бала» атанып кеткен әнші Саят Медеуовті көпшілік білсе керек. Талғампаз, әнсүйер қауым Саяттың әндерін іздеп жүріп тыңдайды. Оның ешкімге ұқсамайтын қоңыр даусымен, сахнадағы салмақты болмысымен көптің көңілінде бірден сақталып қалатыны рас. Сол кейпіне қарап, былайғы жұрт Саятты тұйық, ауыр мінезді жан деп бағамдайды. Біз де солай ойлағанбыз… Алайда, жуырда туған жеріне, облысымызға келген бір сапарында әншімен әңгімелесіп, оның қазақи қалжыңға жақын, тапқыр, сөзге жүйрік екеніне көз жеткіздік. Өзінің аузынан мына бір әңгімелерін естігенде, еріксіз езу тарттық.

«Шашы ұзынның ақылы қысқа»
Бірде бір үлкен өнер кешінен соң белгілі әнші Саят Медеуовтен тыңдарман қыздардың біреуі қолқалап, қолтаңба алып жатқан көрінеді. Оны байқаған композитор Ұлықпан Жолдасов бірден досын әзілге қосып:
– Осы қап-қараны да әлдеқандай қылып, «автограф» алатындар бар ма? Несіне қызығады екен, түсінбеймін, – деп қағытса керек. Саят болса, еш саспастан әзілге жүйрік қалпымен:
– Ұлеке, сен білмеуші ме едің, мені жұрт қара алтын деп бағалайды, – деп жауап қайтарады.
– Осы уақытқа дейін, саф, таза, сары алтынның түр-түрін таққандарды көрдік қой. Ал шын мәнінде қара алтынды көрдім деген адамды мен байқамаппын, – дейді қайта қағытып Ұлықпан. Сонда Саят көп ойланбастан, композитордың туған жері Маңғыстау облысы екенін меңзеп:
– Қара алтынның үстінде тусаң да, оны білмеуің қызық екен. «Шашы ұзынның ақылы қысқа келеді» деп қазақ бекер айтпайды екен ғой, – деп жан-жағындағыларын күлкіге көмкеріпті.

«Черный пиар»
Мерекелердің бірінде аға буын өнер майталмандарымен бірге дастарқандас болып отырған Саят Медеуов әңгімеге ілесе алмай, шеттеп отырып қалады.
Өздерін қазақ өнерінің айналасында емес, нақ ортасында жүрміз деп есептейтін әлгі тұлғалар мәдениет хақында, ән-күй жайында ойларын ортаға салып, өзара пікірталасқа да түсіп кетеді. Бір кезде әлдекімдерге қатысты әңгіме барысында «Черный пиар болды, ол өзіне черный пиар жасап жүр» деген сөздер қайталана береді. Сонда үнсіз отырған Саят сөз кезегін жұлып алғандай:
– Оу, ағалар, пиары-пиар шығар, бірақ «черныйды» сөзге көп қосып кеткен жоқсыздар ма? – деп, өзінің қаралығын, елдің бәрі «қара бала» деп атайтынын меңзеп, жұртты ду күлдіреді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support