- Advertisement -

«Табиғи көк алманы қызыл алмаға айналдырдым»

152

- Advertisement -

Ол АҚШ-тың Солтүстік Докота, Вашингтон, Иллинойс, Нью-Йорк штатында, Чикаго, Вирджини, Майнет қаласында болған. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Эрнест Хемингуэйді өз тілінде оқиды. Американдықтардың ортасында жүргенде ғылыммен айналысу мүмкіндігін жіберіп алғанын салқынқандылықпен қабылдады. Талапты жігіт оның есесін Еуропада қалт жібермеді. Германия. Бавария, Майнхейм, Триесдорф. Бар уақытын ғылымға сарп етуге осында келді. Таңдау екі жобаға түсті. Біріншісі – көк алманы қызыл алмаға айналдыру. Екіншісі – жоғары сұрыпты сыраның жаңа сортын ойлап табу. Екі жобаны аяғына дейін жеткізуді жауапкершілігіне алды. Көк алманы қызыл алмаға ауыстыруды италяндық ірі кәсіпкер қаржыландырды…

544535– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз…
– Атым Ғалымжан Юсупов. Жасым 27-де. Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында туғанмын. Бакалавр және Магистр академиялық дәрежесін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқып алдым.
– Германияға қандай бағдарламамен барып оқып келдіңіз? Әлемде 140 миллионға жуық халқы бар немістердің ортасына қалай тап болдыңыз?
– Магистратураны оқып жүргенімде бізге Германиядағы Вайнштефан ауыл шаруашылық университетінен Ирина Сметанская есімді профессор келіп дәріс оқыды. Үзіліс уақытында профессормен ағылшын тілінде сұхбаттастым. Сол сәтте ол кісі маған ерекше назар аударып, еліне халықаралық бағдарламамен келіп ғылым­мен айналысуға шақырды. Көп кешікпей Германиядан «шақырту хат» келді. Хатты жіберген сол дәріс оқыған профессор. Содан халықаралық академиялық ұтқырлық, «Мобильдендіру және Балон үрдісі» бағдарламасымен Германияға жолдама алдым. Алғашында Майнхейм қаласында «DAAD» бағдарламасымен екі ай герман тілі курсына қатыстым. Одан кейін толыққанды 8 ай уақытымды Вайнштефан Триесдорф аграрлық университетінде ғылыми жобамды зерттеуге жұмсадым.
Немістерді әлемде германдар дейді. «Неміс» деп ТМД мемлекеттерінің азаматтары ғана айтады. Өйткені, «немец», «немой» деген сөз славян тілінде сөйлей алмайтын «мылқау» деген мағынадан туған. «Неміс» сөзі бізге орыстардан енді.
– Вайнштефан Триесдорф аграрлық университетін кеңірек әңгімелеп өтсеңіз. Зертханалық базасының әлеуеті қандай?
– Триесдорфты шағын ауыл деуге болады. Халық саны 500-ге жуық адам. Ал аграрлық университетте 3 мың студент оқиды. Білім беру бағыты ауыл шаруашылығы саласы болған соң оқу орны арнайы шалғайға орналастырылған. Жанымызда асыл тұқымды 100 сиыр ұстайтын ферма, асыл тұқымды ірі-қара фермасы, зертханалық жылыжай, бақша өнімдері алқабы, дәнді-дақыл егістіктері, будандастыру зертханасы өз алдына бөлек, тамшылатып суару, жапырақ арқылы суару кешені болды. Ауыл шаруашылығында қажет техниканың соңғы үлгідегі барлық түрі студенттерге тәжірибеден өтуге қолжетімді. Бәрі университеттің жекеменшігі. Мысалға, сүт өнімдерін зерттейтін магистрлер фермаға барып сабақтарын сонда өтеді. Фермада барлық құрал-жабдық автоматтандырылған. Сауылатын орынға қант тасталады. Сиыр келгенде тірсегіндегі чипті «қалқымалы» компьютер өзі оқиды да қондырғы сауып алады. Әлгі сиыр қайта айналып келіп қалса «қалқымалы» компьютер тірсектегі чипті оқиды да, желінінде сүті аз сиырға жылжыған қондырғыны бұғаттап тастайды. Қара күш жұмсап ешкім сиырлардың тұрағын тазаламайды, тоғытпаға айдап, алды-артынан қайырып та әуреге түспейді. Автоматтандырылған ферманы екі қызметкер пульт арқылы басқарады. Фермадағы бір сиыр бір өзі бір гектар жерге жайылады. Фермадағылар бұзау алты айға жеткенше басына бас жіп байламай, жауырына шыбық тигізбей бағады. Оның себебі – жас бұзау еркін өссе дене тұрқы ірі болатыны дәлелденген.
Бавария штатының климаты қолайлы болған соң, өнім жылына екі мәрте алынады. Бұл аграрлық саланы зерттеймін деген студентке өте қолайлы. Бірінші орымда жіберген кемшілігіңді екінші орымда қайталамауға болады. Ауыл шаруашылығы химикаттарын технологияға сүйеніп себу немесе шашу терең білімді қажет етеді. Өйткені, мол өнім аламын деп өнімнің табиғи құрамын бұзуға болмайды. Тұтынатын халық. Әр саланы бүге-шігесіне дейін зерттеуге жағдай жасалған.
– Әдемі айттыңыз. Вайнштефанда оқығым келіп кетті… Мәселе мынада – сырттан барған студенттер ол оқу ордасында қалып коймайды. Келісімшарт аяқталған соң еліне қайтады емес пе? Ал жағдайы жасалған ферма, автоматтандырылған технология сол жерде қалып кетеді. Еліне қайтқан соң жас ғалымдар тақырға отырып, ғылымнан қол үзіп қалмай ма?
– Дұрыс айтасыз. Өз елінде мүмкіндік болмаған соң, кейбір жобалар орта жолда тоқтайтынын жасырмаймын. Ал жас ғалымдар еліне келгеннен кейін теория жүзінде ғана газет-журналдың авторына айналады. Ғылыми жаңалыққа сарғаятын қағаз бетінде емес зертханада қол жеткізсең ғана нәтижеге жетесің.
– Сөзіңіз аузыңызда. Бұл әңгімеге сұхбаттың соңында оралатын боламыз. Германдардың отандық өнімге деген сұранысы қандай?
– Өте жоғары. Олар ең бірінші сапаны жоғары бағалайды. Мысалыға, біз оқыған Вайнштефан базасына қарасты фермаларда өндірілетін өнім Триесдорфтың айналасындағы көптеген елді мекеннің тұрғындарын экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге қуаты жетеді. Сауда-саттықты да қозғауға ыңғай келіп тұр. Германдар саудаласуды суқаны сүймейтін халық. Орталық Азиядан барған, Шығыс базарына еті үйренген студенттер үшін сол жағы қиындық туғызады. Есесіне, қазақстандықтар есіне түскен уақытта керек затты барады да сатып алады. Ал германдар маусым ауысардағы 50-60 пайыздық жеңілдікті күтеді.
– Майнхейм қаласының ерекшелігіне, жергілікті халықтың көше мәдениетіне тоқталсақ.
– Майнхейм «Мерседес» брендінің отаны. Ұмытпасам, Карл Бенц есімді кәсіпкер ең алғаш рет әйгілі брендтің іргетасын 1883 жылы осы қалада қалап, патенттеп алған. Сұрастырып анықтағаным Майнхейм қаласында, орталық алаңда ұйымдастырылатын көптеген іс-шараларға штат әкімші­лігі болмаса ішкі саясат араласпайды. Халық үшін бәрін жеке кәсіпкер­лер ұйымдастырады. Мысалыға, «Мерседес» концерні автосалон шеруін өткізеді. Басқа кәсіпкерлердің тегін концерт беруі оларға не пайда әкеледі? Анықтағанымдай, олар игі шаралар өткізу арқылы салық төлеу жағынан жеңілдіктерге ие болады екен. Өзін-өзі басқару оларда осылай жетілген.
Олар өте тәртіпті халық. Көше мәдениеті дегеніміз сол, германдар ұсақ-түйек әкімшілік заң бұзушылыққа төзбейді. Біреудің көзінше қоқыс тастадың ба, бес жасар бала келіп, «қоқысыңызды арнайы жәшікке тастаңыз» деп ескертеді.
– Елбасымыздың Ұлт жоспарындағы бесінші реформада жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері одан әрі жетілдірілетіні нақты айтылған. Аядай ғана Триесдорф ауылының өзін-өзі басқаруы қаншалықты жетілген? Мысалы, біздің Жасөркенмен салыстыруға келе ме?
– Тұрғыны 500-ден сәл ғана асатын ауылдың өзінде бір үлкен теннис корты, бір стадион, екі шағын футбол, баскетбол алаңы, жабық бассейн, тренажер залы, хореографиялық үйірме бар. Бассейн мен тренажер залы ақылы. Доп, ракеткаң болса қалаған алаңға барып тегін ойнай бер. Тек ортақ мүлікке зияныңды тигізбе. Алақандай ауыл өте таза. Неге десеңіз, әркімнің есік алдында пластмасса, қалбыр, шиша, тұрмыстық қалдықтарды сорттап тастайын жәшіктер орнатылған. Германияда қоқыстың кез-келген түрі қайта өңделеді. Қоқысты өртеу эколгияны ластау болғандықтан, әкімшілік айыппұл салынады. Жергілікті өзін-өзі басқару, ортақ мүлікке ұқыптылықпен қарау оларда осылай жолға қойылған. Ауылдың шеңберіндегі нысандар жергілікті халықтың өз салықтарынан жиналған қаржыға тұрғызылған дүние.
Әрине, біздің Жасөркенмен салыстыруға келмейді. Біріншіден, бізде көп нысан Үкіметке қарайды. Жаны ашымаған қараусыз дүние қалай тез тозбайды?! Бізде аула клубтары біреудікі секілді, оған жанашырлықпен қарамаймыз. Екіншіден, елімізде қоқысты қайта өңдеу жолға қойылмаған. Елбасымыздың реформасындағы жаңғыртулар алдағы уақытта халықтың жағдайын түзейді деген сенімдеміз.
– Сергек ойлысыз. «Сұрастырдым», «анықтап көрдім» дейсіз. Бавария штатының салық мөлшері мен қызмет көрсетудің бағасына шолу жасасақ.
– Шаштараз 20 эуро, монша уақтысына қарай 6 эуро, бассейн 5 эуро, тренажер залы 20 эуро. Салық бойынша, бойдақ болсаң кірісің жақсы болса 54%, отбасын құрған соң кірістен 45%, отбасын құрған соң бір бала немесе екеу болса кірістен 30-35% салық ретінде ұстап қалады. Халық осыған көнген. Енді жұмыс істемейтін бойдақтар керісінше үкіметтен ең төменгі әлеуметтік көмекті алып, теледидардың алдында жатады. Масылдық бар, бірақ өте аз кездеседі. Мен бөлме жалдап тұрған үйдің егесі Питер Биттел (қырық жаста, бойдақ) Вайнштефанда мұғалім, айлығы 4500 эуро. Профессорлардың айлығы 7000-8000 эуро. Лаборантар 2000-2500 эуро алады.
Үлкен мөлшерде салық төлеудің шапағатын зейнетке шыққанда көресіз. Қазақстанда қымбат көлікті жастар мінеді. Германияда қымбат көлікті зейнеткерлер мінеді. Германдар әркім өзінің рахаты үшін өмір сүргенді ұнатады. Мен мұны өзім бөлме жалдап тұрған Питер Биттелдің берген мәліметі бойынша тізіп шықтым.
– Өткен ғасырда Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» еңбегінде «Еуропа білімді жұрт осы күнде, арылған жоқ айуандықтан ол да мүлде…» деп Батысты сынаған ғой. Сыны ондыққа тигенін уақыт дәлелдеді.
– Жоғарыда мақтауын мақтадық. Кемшіліктерін де айтайық. Қазақстан қайта құру кезінде сіңірі көрініп аш отырса да мәжбүрлеп депортацияланған миллиондаған өзге ұлт өкілін кеудесінен итермей жалғыз жапырақ нанымен бөлісті. Қазір Батыс шекарасынан аттаған 200-300 мың келімсекке бола әлемге байбалам салуда. Өздері тоқ отырып, азғантай аш келімсектердің өзегіне талғажаулықты есеппен қиып отыр. Шекарада кептелген босқындардың «соншасын» сен ал, «соншасын» мен алайын деп ымыраға келе алмай қырықпышақ.
«Гейпарадтың» көрнекілігін Майнхейм қаласының жарнама мүйісінен өз көзіммен көрдім. Ондайда еріксіз «О, Құдай сақтай гөр!» дейсің.
Ағайынгершіліктің қадірін білмеудің бір көрінісі – олар туған бауырымен есіктің алдында тұрып сөйлесіп, табалдырықтан аттатқызбай қайтарып жіберуі.
– Вайнштефан аграрлы унивеситетінде профессорлар пара ала ма, студенттер пара бере ме?
– Пара алған оқытушыда қандай абырой қалады, пара берген студент оңдырып қандай жаңалық ашады? Бір анығы Вайнштефан абыройлы оқу ордасы.
– Германияда тіл мәселесі бар ма?
– Германия – Қазақстан секілді ғасырлап шовинистік империяның отары болған ел емес. Бірақ, олардың тіл мәселесі бізден де күрделі. Неге десеңіз, Питер Биттел Берлинге барған іссапарында орталықтағы мейрамханаға кіріп түстенбекші болыпты. Даяшыға тапсырыс берсе екеуі түсінесе алмай-ақ қойған. Қасындағы достары көмектесіп герман мен герман зорға түсінісіпті. Оңтүстік пен солтүстіктің, батыс пен шығыстың диалектикасы ол жақта «ұрып» тұр. Ұлан-байтақ еліміздің қай түкпіріне барсақ та ағайындармен ішек-бауырымыз араласып қауқылдасып кетеміз.
– Қанша шәкіртақы алып жүрдіңіз?
– Майнхеймде жатақхана тегін болғандықтан айына 500 эуро, Триесдорфта бөлме жалдап тұрған соң айына 750 эуро алып жүрдім. 250 эуроны Питер Биттелге төлеймін. Ол еті тірі жігіт, шағын кәсібі де бар.
– Шетелдік достарыңыз көп пе?
Бразилия, Аргентина, Корея, Өзбекстан, Қырғыз, Түркия, Белорусь, Украин, Ресей, АҚШ… Менің достарым осы елдерде. Біздің ортақ тіліміз ағылшын тілі болды. Германияда халықтың 80 пайызы ағылшын тілінде сөйлей алады.
– Ғалымжан, әңгіменің басындағы тақырыпқа оралатын сәт келген секілді. Өзіңнің ғылыми жобаңның тақырыбы қалай аталады? Жобаңды аяғына дейін жеткізе алдың ба?
– Вайнштефан ғылыммен айналысуға қолайлы мекен. Менде екі жоба болды. Біріншісі, табиғи көк алманы қызыл алмаға айналдыру. Екіншісі, жоғары сұрыпты сыраның жаңа сортын ойлап табу. Бірінші, жобаны италяндық ірі кәсіпкер қаржыландырды. Ол кәсіпкердің плантациясы, шырын өндіріс орны бар. Алманы былай да нарыққа шығаратын көрінеді. Нарықта көк алмаға қарағанда қызыл алмаға сұраныс көп екен. Бірақ көк алма уақытқа төзімді, әрі көк алма ағашы мол өнім беріп, қызыл алма ағашына қарағанда ұзақ жасайды. Экономикалық жағынан көк алма ағашын баптауға аз шығын кетеді, есесіне, өнімі мол. Жаманы – нарықта сұраныс аз. Көк алманы қызылға бояу үшін ол Вайнштефан аграрлық университетіне тапсырыс береді. Барлық шығынды өзі көтеретін болып келісімшарт жасалады. Сол жобамен тәжірибелі профессордың жетекшілігімен мен айналыстым. 8 айдың ішіндегі нәтижеге профессор риза болды. Бұл жөнінде облыстық «Ақ жол» газетіне арнайы мақала жазып беремін.
Жоғары сұрыпты сыра сортына келетін болсақ, ол құпия түрдегі ғылыми жоба. Жобаны тілшімен бөлісу үшін Триесдорфтағы ғылыми жетекшіме хабарласып рұқсатын алу керекпін. Мен Вайнштефан университетінде қол қойған келісімшартта бұл жобаны жария етпеймін деп уәде бергенмін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Қанат Тілепберген,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support