- Advertisement -

Жеңге де жоқ, теңге де жоқ…

113

- Advertisement -

беті «қалың» қыздар байға шығу «бизнесіне» кірісті

Қазақтың салтына айналған «қыз алып қашу» – қызу талқыға айналғалы қашан… Осы «Қыз алып қашу қылмыс па, әлде дәстүр ме?» деген сауалдың шегі көрініп, түйіні тарқап үлгермей, екінші жағы қылтиып шыға келді. Жер астынан жік шықпады десек те, есектің артын аңдып ақша сауып жүргендер «кәсіп» ойлап тауыпты. Қандай дейсіз ғой?! Ол – байға шығу «бизнесі». Сонымен, «қыз алып қашу» дәстүр ме, қылмыс па, әлде «бизнес» пе?
Аты құлаққа қораш естілгенмен, қыз алып қашу – біздегі үйлену ғұрпының бір түрі. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіттің ұнатқан қызын өзара келісімнен кейін алып қашуы орын алған. Екі жастың ата-аналары арасында келісім болмаған және қызды өз еркінен тыс алып қашқан жағдайда жігіт жағы арағайын мен билер кеңесінің шешімі бойынша айып төлеуге тиіс болды. Бүгінде де осы бір дәстүр жойыла қойған жоқ. Қыздың күйеуге қашып кетуі немесе оны алып қашудың негізгі себебі – екі жақтан да жұмсалатын толып жатқан шығынды, қыруар еңбекті азайту мақсатында немесе қыз бен жігіттің отау құруына ата-аналарының қарсы болуы екені анық. Бұл дәстүріміздің екі жасқа деген шапағаты деп түсінсек болар. Әйткенмен, бір шиді екіге бөліп ақша етіп жүргендер дәстүрден «кәсіп» ойлап тауып, «байға шығу бизнесін» шыр айналдырып жүр десек сенермісіз?! Мәселеге тұздық ретінде оқиғадан бастайық.
Бірде көптен үйленбей жүрген туыс ағам «келін түсірді» дегенде қос өкпемізді қолымызға алып, қуаныштан алып-ұшып жеттік. Біз барғанда «Беташар» дәстүрі жасалып, келінді шымылдыққа кіргізіп үлгеріпті. «Ұлымыз келін алды» деп ауыл қуанса, «теңін тапты» деп ата-аналары мәз. Ағамыздың анасы тұңғышының көптен күткен қуанышында өң мен түсті айырмастай ессіз шаттанып, шаңырағының шаттыққа бөленгеніне масаң күйде жүр екен. Жүзі бал-бұл жайнап, бізді жеңгемізбен таныстырып жатыр. Сыртқа шығып ағамыздан «алып қашу операциясының» қалай болғандығы жөнінде сұрадық. Жеңгемізбен әлеуметтік желі арқылы танысып, жарасқан ағамыз уәделі сәтте қыздың келісімі бойынша алып қашқанын, қарсылықсыз, келісімімен келгенін айтты. Ертесіне үй көрсетіп жеңгемізді шақырмақ болып, дастархан қамын қамдап, сақадай-сай әзір болған соң, келінді шаңыраққа қоңырау соқтық. Жеңгеміздің жасауын таңдамаққа базарға кететіндігін, атаулы күні келе алмайтындығын естіп, жөн дестік те кейінге қалдырып, өздерінен хабар күттік. Арада аз уақыт өтпей жайсыз хабардан жағамызды ұстадық. Сөйтсек, жеңгеміз жасауын сылтау қылып қарасын көрсетпей кетіпті. Артынан барған ағамыздың ата-анасына «сотқа берем, арыз жазам» деп қорқытып, қалыңын қайтармай қойыпты. Қыздың ата-анасы да «қызымды алдап соқты, зомбылық жасады» деп сотқа шағынбақтарын айтыпты. Сонымен, «аш бәледен қаш бәле» деумен салы суға кетіп қайтқан ата-анасының шаттықтары шатаққа ұласа жаздады. «Тұңғыш қуаныш» деп барын сарқыған ата-ана кеткен дүниеге қынжылмай, «шаңырағымның ұйытқысы болар» деген келіннің келсап болып шыққанына күйзеледі. Жеңге де жоқ, теңге де жоқ, біз де жайсыз жағдайға түстік. Кейіннен ол қыздың бұрын да сондай әрекетпен қайтып келгенінен хабардар болдық. Араға жыл өтпей бұл жағдай екінші туысымыздың да шаңырағының басынан өтті. Ондағы алып келген қыздың тіптен ардан безіп, басындағы несиесін, қарыздарын төлеттіріп алғанын естіп, шошып, бас шайқастық. Полицияға бір, қыз жаққа бір шығындалған отбасына бұл жығылған үстіне жұдырық болады. Осы бір жағаңды ұстатар қос оқиғадан кейін бұл жағдай өзгелердің де басынан өтіп пе екен деп ғаламторға еріксіз бас сұқтық. Мұнда да алданғандардың саны басым болып шықты.
Иә, ақшаға араны ашылған қоғамда ештеңеге таңғалмаймыз. Қызын қырық үйден тыйып ұстайтын қазақ енді сол қыздардың арынан аттап, келін болуды кәсіпке, байға шығуды бизнеске айналдырғаны намысыңды найзадай түйреп, арыңды аяздай қариды. Отбасы ошағының отын маздатып, абыройлы ана атану орнына, ақылы етегіндей қысқа қыздарымыз арын сатып, ақша табуға «ұста» болып алды. Бұрындары алып қашқан қыздар «қайтып келген қыз жаман» деген сөзден ұялып, сол ошақтың отын түтетіп қалатын болса, бүгінгі бикештер сол шаңырақты шайқалтып, керегесін қиратып, қалтасын қалыңдап қайтады.
Беті қалың болған соң, қалтасын қалыңдату қиын болып па?! Сақ болыңыз! Ең бастысы, салт деп саныңызды соғып, отбасын құрам деп опық жеп, шаңырақ көтерем деп шатаққа қалып жүрмеңіз.

Наурызбек САРША, 
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support