- Advertisement -

«Сендер де мен секілді жүз жасаңдар!»

112

- Advertisement -

дейді Ойық ауылының қарт тұрғыны Зержан әжей

Тыл және еңбек ардагері Зержан Сауытова әжемен арнайы барып жолықтық. Ғасыр жасаған кейуананың бойынан қайраты қайта қоймаған. Әлі сергек. Ешкімнің көмегінсіз жүріп, тұрады. Жүз жыл бойы көрген, білгендері де жадында жазулы, сақтаулы екен. «Ойбу, қызық па, сендерге не айтамын?» – деді де өз өмірін кезең-кезеңімен әңгімелеп берді.
Ұлы Отан соғысы басталған жылы ақ жаулық жамылып, жаңадан босаға аттапты. Өмірлік жолдасы Жұмабай алғашқы сұрапыл күндерден-ақ 27 жасында ел қорғауға майданға аттанады. Ауылдың бас көтерер азаматтарының бәрі соғысқа жіберіліп, тылдағы тірліктің ауыртпалығы әйелдердің мойнына түскен. Сол ауыр жылдардың жауапкершілігін басқа замандастарымен бірге Зержан әже де сезінді. Бордай езілмей, талайлы тағдырдың сан қилы сынағын нәзік иығымен көтеруден қаймықпады. Табанын тасқа тілдіріп қамыс орды, шөп шапты. Арық қазып, мая салды. Бейнетін кешіп жүріп бидай суарды. Шаршамады. Түнде де тыным таппады. Қыстың ұзақ түнінде ауылдағы абысын-жеңгелерімен бірге майдангерлерге арнап шұлық, жылы киімдер тоқыды. Өздерінің бұл еңбегі Отанымыздың жеңісіне қосылатын үлес екенін түсінді. Тіпті, соғыс оты өршіп тұрған жылдары аудандық әскери комиссариаттан келген өкілдер ауыл әйелдерін де елді мекеннің шетіне жинап, жаттығу жасатып, мылтық ату өнеріне баулыған екен. Бұл алда әлдеқандай кезең болуы ықтимал деген сақтықпен жасалған шара болса керек. Ауылға қауіп төне қалса, әйел азаматтар өздерін қорғай білсін деген тілектен туындағаны анық.
Жолдасы Жұмабай Смоленскі қаласын азат ету жолында ұрыс даласына қосылады. Дегенмен, Жұмабай екі жылдай уақыттан соң, қатты жараланып, госпитальда емделеді. Артынша одан әрі майдан ұрысына қатысуға дәрігерлердің рұқсат бермеуіне байланысты 1943 жылы елге оралады. Жазылмаған жарақатына қарамастан, Жұмабай тылдың ауыр жұмысына араласып кетті.
Қарша бораған оқ пен отқа толы ауыр күндер артта қалып, Отанымызға Ұлы Жеңіс жетті. Отан қорғауға аттанып, етігімен су кешіп, мұз жастанған азаматтар елге орала бастады. Жұмабай Ембергенов те колхозда бригадир болып еңбек етіп, бейбіт күндегі еселі еңбекке ұзақ жыл үлесін қосты. Қазіргі таңда ол кісі бақилық.
Жасы жүзден асқан Зержан әжей: «Соғыстың кезін еске алып қажеті жоқ. Қасіретті қайтадан жаңғыртып не керегі бар? Біз соғыстың ауыртпалығын жүрегімізбен сезіндік. «Көктөбе» колхозының отымен кіріп, күлімен шықтық. Күндіз-түні кірпік қақпадық. Соның барлығы бүгінгі жас ұрпақтың тыныштығы үшін жасалды. Ендігі ұрпақ соғыс көрмесін. Екі елдің майдандасқаны жақсы емес. Әлем тыныш болсын, Қазақстанымыз тыныш болсын. Сендер де жүз жасқа келіңдер!» – деп әңгімесінің соңын тәтті тілекпен түйіндеді.
Бұл күнде Зержан Сауытқызы төрт ұл-қызынан бірнеше немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Үлкен қызы Шәйкүл «Алтын алқаны» (он ұл-қыз өсіріп отыр) иеленген Батыр ана болса, екінші қызы Қанткүл де «Күміс алқа» иегері екен. Әжейдің алғашқы қыздарының өзі зейнет жасында. Кенже қызы Жұмакүл – отыз бес жылдан бері ұстаздық қызметті абыройлы атқарып келеді, үш баланың анасы. Ұлы Талғат ауылда электр жөндеуші болып еңбек етеді. Жүзден асқан кейуана Талғатынан бес немере сүйіп отыр. Жүзден асқан әжеге келіні Меруерт те үлкен ізет көрсетіп, ананың бар жағдайын жасап, қабағына қарап отыр. Арасында мектептегі ұстаздық жұмысына да үлгереді.
Зержан әже – бұл күнде Ойық ауылының ең қарт тұрғыны. Ауылдың анасына айналған қадірлі әже. Жас кезінде көрген бейнетінің өтеуіне Алла берген бақытты ғұмырды кешіп келеді. Әлі тың. Әңгімесі әдемі. Қоштасарда «Сендер де мен секілді жүзден асыңдар!» – деп батасын берді.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Ойық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support