- Advertisement -

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНАСЫ

64

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы танымы биік, мәні зор, мәртебесі ерек барша қазақстандық қоғамға, оның ішінде жастарға жол сілтер бағдаршам болды десек, артық айтпаймыз. Біз қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы артында өшпес мұра қалдырған, халқымыздың ұстазы, ұлтымыздың кемеңгер тұлғасымен қалай мақтансақ та жарасады.
Абайдың мол мұрасы – ұлттық рухани жаңғырудың жолы. Сондықтан да аталған мақаланы бүгінгі Қазақстанның рухани дамуының стратегиялық бағдарламасы ретінде қабылдау қажет деп есептеймін. Өткенге көз жүгіртсек, тәуелсіздік жолы оңай болған жоқ. Өрлеу жолы өте күрделі болғаны ақиқат. Бірақ Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатының, халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында қиындықтардың барлығын жеңе білдік. Осылайша Қазақстан – экономикасы өркендеген, татулығы мен бірлігі жарасқан, ішкі және сыртқы саясаты орныққан, қоғамдық өзара келісімі қалыптасқан еркін елге, азат ұлтқа айналғаны дәуір шындығы.
Халқы рухани тұрғыда кемел елдің еңсесі биік. Сондықтан осы қол жеткен жетістіктермен қатар, алдағы мемлекет дамуы жолындағы сындарлы саясат Абай ілімімен, Абай тағлымымен, Абай көзқарасымен өз жалғасын таппақ. Президент өз еңбегінде ұлтымызды Абайша сүйіп, Абайша қастерлеу идеясын биікке көтеріп отыр. Осы тұста мемлекет басшысы «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының келешегін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты», дей келе, көптің көкейінде, жұрттың назарында жүрген қоғамда болып жатқан түрлі дүние төңірегінде сыр бөліседі.
Шын мәнінде Абай мұрасымен жетіліп, Абай құндылықтарымен өссек ұлтымыз ұлық, ұрпағымыз жасампаз болмай ма?! Абай халқын жат мінезден аулақ болып, білім мен ғылымға, татулық пен ынтымаққа шақырған ойшыл, философ, ақын. Оның рухани құлдырау тұрғысында адамзат алдынан шығуы мүмкін қауіп-қатерді тап басып көрсете білгені – соның дәлелі. Сол мәселелермен біз ХХІ ғасырда да бетпе-бет кездесіп отырмыз.
Кез келген адам толық кемелденуі үшін Абай айтқан ақылға ден қойсақ артық болмас. Кемеңгердің тыңнан түрен салған «толық адам» формуласы сонда ғана өз нәтижесін берері сөзсіз. Озық отыз елдің қатарына қосыламыз деген мемлекет үшін пікірі ортақ, мүддесі бір, мақсаты айқын «толық адам» аса қажет. Осындай аса жауапты шақтарда данышпан Абай ескерткен бес дұшпан – «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» қасіреті кей-кейде бүгінгі ортадан да келеңсіз бейнесімен көрініс тауып жататыны өкінішті. Осы бір өзекті өртеген кесірлер мен кемшіліктерден бойды аулақ ұстап, одан арылар кез жеткен сияқты. Өйткені осы бір «етекке жармасқан әдепсіз әрекеттер» жаңа замандағы жаңа Қазақстанның қарқынды дамуына, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға кері әсер етіп отырғаны баршаға аян. Мен бұл тұста ұлт болып өркендеудің «жолын байлап жүрген» жүгенсіздік деп сыбайлас жемқорлықты айтар едім.
Абайдың әрбір жан бойына иманды серік етуімен қатар, адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға шақырған ниеті мақала авторы назарынан тыс қалмаған. Абайдың өресі биік өлеңдері мен тағылымы мол қара сөздері оқыған жанға Абай дүниесін ашады, Абайдың жүрек дүрсілін сездіреді, Абайдың толғаныс дүниетанымын жеткізіп тұр. Сондықтан да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дөңгелеген дүниедегі барша халық «Қазақ халқы – Абай халқы» деп таныса деген ізгі ойын да жасырмайды. Бұл ой Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 90 жылдары айтқан «Абай – қазақтың бойтұмары» деген ұлы ойымен үндестік тауып отырғаны да рас. Өйткені Абай ілімін оқу арқылы ұлттық қоғамдық сананы жаңғырту мен Абай еңбектері болашақта саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін таптырмас құрал болары даусыз.
Елдегі бастау алған тағылымды іс-шаралардың ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын Абайдың 175 жылдық торқалы тойымен шоқтығы биік болары сөзсіз. Оның ішінде аса ірі көлемдегі халықаралық конференциялар, Абай шығармаларының он шет тіліне аударылуы, республикалық әдебиет және өнер саласындағы сыйлықтың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық болып өзгеруі, елшіліктер жанынан орталықтар ашу, деректі фильмдер түсіру, қасиетті Жидебайды абаттандыру мен «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу және Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүние есігін ашқан киелі Семей өңірін тарихи орталыққа айналдыру сынды іргелі істер тұр. Сондықтан да Абай тойы ел бірлігі мен ұлт тұтастығын нығайтып, береке-бірлігімізді арттыра түсетін айтулы іс-шараға айналарына сенемін.
Абай тойы аясындағы іс-шаралар танымның және ізгіліктің бастауы болары хақ. Ендеше елдігімізді айқындай, ынтымағымызды айшықтай түсетін Абайдың мерейлі мерекесі еселі еңбек пен ауызбіршілігімізді, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ғылымымыз бен өнерімізді, ең бастысы қазақ халқы мен егемен елімізді жаһанға көрсететін шежіресі шалқар шара болуына атсалысайық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тарихи маңызы зор мақаласында «Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады» деген сергек ойлары, барша қазақстандықтарды мемлекет тарапынан жасалатын ілкімді іске күмәнсіз қарауға шақырып отыр.
«Nur Otan» партиясының облыстық, Тараз қалалық және барлық аудандық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары, олардың «Jas Otan» жастар қанаты да Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізілетін өңірдегі қоғамдық-саяси және мәдени-танымдық іс-шаралардың басы-қасында болары анық. Өйткені болашақта ұлтымыздың мәдени капиталы мен жаңа Қазақстанның брендіне айналар Абай дүниетанымы – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сарқылмас қазынасы.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support