- Advertisement -

Ақын рухына тағзым

84

- Advertisement -

10 тамыз – қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлы-ның туған күні. Айтулы күнге орай өңірдің зиялы қауымы мен қаламгерлері, тіл мамандары және өзге ұлт өкілдері ұлы ақынның Тараздағы ескерткішін гүл шоқтарын қойып, кемеңгер рухына тағзым етті.

Мұнан соң ескерткіштің маңайында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты танымдық әдеби-сазды кеш өтті. Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова ашып, Абайдың даналығы мен кемеңгерлігіне тоқталды. Кеш барысында мемлекеттік тілімізді ерекше қадірлеп жүрген дүнген ұлтының өкілі, Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиева қазақ тілінің керемет құнарына, Абай Құнанбайұлы секілді дана сөз зергері бар халықтың тіліне деген құрмет өте жоғары болуы керектігіне көңіл аударып, тебірене сөйледі. Мұнан соң «Абай оқулары» республикалық байқауының бас жүлдегері, орыс ұлтының өкілі Светлана Бойко ағынан жарылып ой толғап, Абай өлеңдерін жатқа оқып берді. Осы тұста ол көпшіліктің құрметіне бөленгенін де аңғардық.

Мұнан соң облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ақбота Тұрсынбекова «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді оқыды. Сондай-ақ аталған орталықтың оқытушысы Айдана Жаманова хакімнің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Осы сәт Абай дана тура қазіргі ұрпақтарына да аспан биігінен ой толғап, жақсылыққа шақырғандай әсерге бөлендік. Сонымен қатар тіл маманы Снежана Тағабергенова өз кезегінде хакімнің бірнеше қарасөздерін жатқа оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Осындай мәні бөлек, мазмұны терең, сырға да, жырға да толы кешке жиналған көпшілік ерекше әсерге бөленді. Себебі Абай тағылымдары – соншалық терең, Абай жырлары – әр жүрекке анық жететіндей өткір де ойлы. Мұнда әлемге ой айтатындай, барша адамзатты тәрбиелейтіндей биік деңгей бар. Сол биік деңгей барша әлемнің тұғырлы тұлғаларына да ой салып, мойындатып тұрғаны шындық.

Себебі Абай – қазақ халқының бағына туған перзенті, нағыз мақтанышы. Абай жырларын жаттаған, Абайдың қарасөздерінен тағылым алған жастардың адаспайтыны, керісінше, өмірлеріне таусылмас бағыт, жүретін жолдарына ешқашан сөнбейтін жарық сәуле жинап алатыны шындық. Тағылым мен тереңдікке толы еске алу кешіне жиналғандар Абайдың ғажайып құндылығын тағы бір мәрте мойындап, бағалап, аса асқақ талантының алдында бас игені рас. Осылайша, Абай Құнанбайұлының туған күні облыс орталығында ғажайып іс-шарамен атап өтілді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support