- Advertisement -

«Ащыкөл» туралы ақиқат

199

- Advertisement -

немесе шөлейттегі жауһарымызға қашан көңіл бөлінбек?

Бұл су айдыны Ақкөл ауылының солтүстік-батыс беткейінде бар-жоғы 12 шақырымдай ғана жерде көлбеп жатыр. Ұзындығы – 10, ені 8 километрді, жалпы аумағы 25-30 шаршы километрді құрайды. Кейбір деректерге қарағанда, көлдің тереңдігі бұрын 4-5 метр көлемінде болған. Оған оңтүстік-батысынан «Қарашеңгел» арқылы Көктал, шығысынан Аса өзендері құяды. Аталған су айдынының солтүстік беткейінің биіктігі алты метрден астам түйетайлылау тік жарқабақты. Ал шығыс жағы жазық, құмдауытты, оңтүстігі сазды болып келеді. Әрі бұл беткейдің жағалауын қамыс, құрақ, жыңғыл басқан.Соңғы жылдары «Ащыкөлге» су жіберу мәселесі мүлдем сын көтермейтін деңгейге жетіп отыр. Соның салдарынан Ақкөл ауылының маңайы тұзданып, ақ сорға айналу үстінде. Аулалардағы бау-бақша, жеміс ағаштары жеміс бермей, тез қурап кетуде. «Жазғытұрғы жел жардай атаңды жығады» демекші, жаз айларында солтүстік-батыстан соққан күшті желдің әсерінен төңірек ақ боранға ұласып, көл табанынан көтеріліп, ауылға тонналап тұз «жауатыны» да бар. Оның табиғатқа келтіріп жатқан залалы өз алдына, ересектер мен балалар арасында буын сырқаты көп тарап отыр. Дәрігерлер бұл жағдай бүйрекке тұз бен құм жиналуына да әсер етеді дегенді айтады. Бізді алаңдататыны, осынау экологиялық жағдайдың алдын алуда мүдделі мекемелер тарапынан ешқандай да шаралар қолға алынбай келе жатқандығы. Олай деуімізге негіз жоқ емес. Айта кету керек, Көктал өзені арқылы келетіні – қардың, жауын-шашынның мол кезінде арнасынан асып-тасып сыймаған жасанды су қоймасының артық суы. Қуаңшылық жылдары бұл олқылықтың орны Ақкөл көлінен бастауын алатын Аса өзенінің суы есебінен толықтырылып тұрушы еді. 

Осы мақаланы жазбас бұрын «Ащыкөлге» құятын өзен арналарын арнайы барып, аралап көрудің мүмкіндігі туды. Бұрын бұл жаққа «Ұзынкөлден» бастауын алатын арна арқылы су жіберіліп отырған екен. 2001-2002 жылдары «Ащыкөлдің» экологиялық жағдайына ерекше мән берген облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетов ең алдымен «Ащыкөлге» су тастау жүйесі жобасын қайта қарап, оның жаңғыртылуына ықпал етті. Атап айтқанда, Аса өзеніндегі үлкен қақпадан «Ащыкөлге» тікелей арна тарттырып, су жіберткізген еді. Нәтижесінде бір-екі жылдың ішінде тұздың беті толық сумен жабылып, апатты жағдайдың біржола жолы кесілгендей де болған.
Сондай-ақ Үшарал ауылы мен көрші Сарысу ауданын ағын сумен қамтамасыз ету үшін сол бағытқа қарай ағатын ағын сулар жүйесіне де ішінара өзгертулер енгізілді. Облыс басшысы бұл ретте Талас өзенінің суын Ойық ауылы маңындағы «Бөрібай» каналын қаздыру арқылы, Аса өзеніне бұру жұмысын сәтті аяқтап та шықты. Ал Ақкөл көлінен Аса өзеніне тасталған су «Ащыкөлге» тек оны қалыпты күйде сақтап тұру үшін ғана жіберіліп тұрды. Іскер басшының бұл бастамасы жемісті нәтижесін берді. Кейін облыста ауыс-түйіс болды да, «Ащыкөлге» жоғары жақтан аса мән берілмей кетті. Ақкөл көлінде мол су болған жылдардың өзінде «Ащыкөлге» су жіберілмеді. Әредікте аз-маз су тастағансыды. Бірақ ол діттеген жеріне жетпей қалып жатты. Турасына келгенде, бұған бақылау жасайтын тиісті мекемелер тарапынан ешқандай да қозғау болған жоқ. 2000 жылдары осы тұстан қазылған каналдың өзінің сілем-ізін табуың қиындау. Аталған арна бойын тегіс жағалап көріп шықтым. «Бекен» шаруа қожалығының шабындығы мен жайылымдығы да осы жерде. Сол шабындықты ылғалдандыру мақсатымен каналдың біраз жері байланған сыңайлы. Әрі бұрынғы арнасының екі жағалауы тегістеліп кеткен. Міне, осындай жағдайда тұрған каналдан «Ащыкөлге» су қайдан барсын! Ал шабындық жердің қазіргі қожайыны шөп ору үшін арнаны бұғаттауға кімнен рұқсат алды екен, әлде «өзім білем» әрекетіне барып отыр ма деген ойға да қалдым.
Талас ауданының 2017-2018 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі ҚР 2017 жылғы 20 ақпанындағы Заңының 8-бабына сәйкес аудандық мәслихаттың шығарған шешімі бар. Онда: «Жер пайдаланушылар мен меншік иелері үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, оның тозуын болдырмау, жақсарту шараларын жүзеге асыру кезек күттірмейтін міндет» делінген. Осы шешімді оқып отырып, көңілімізде кейбір азаматтардың іс-әрекеттері заңға қайшы келмей ме деген сұрақ туындады.
Көпшіліктің есінде болар, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауыл-аймақты, табиғатты экологиялық зардаптардан сақтау мақсатында ең алдымен «Ащыкөлге» су жіберіліп тұратын. Ол тұрақты су жүйесі мекемесінің бақылауында болатын. Сол жылдары осы көлден «Рыбзавод» мекемесі мемлекетке тонналап балық та өткізгені ел есінде. Тұзды судың әсерінен болар, сазан балығы әппақ болушы еді…
«Су жүрген жер – шүлен» демекші, сол маңдағы «май» төбенің үстіне шығып, айнала-төңіректі шолдым. Бұл жерден бәрі де алақанға салғандай айқын көрінеді екен. Сол кезде жерге отыра қалып, су арналарының сызбасын сызғандай әсерге бөлендім. Егер, бұрынғы арнамен «Ащыкөлге» су құяр болсақ, онда бергі каналдарды тегістеп, «Ұзынкөлдің» аяғынан тоспа салуға тура келетін сияқты. Бұл істі қолға алар болсақ, қомақты қаржы қажет болатыны анық. Ал кезінде Серік Әбікенұлы қаздырған каналды қайта жаңғыртсақ, бұл жұмыстарды азын-аулақ қаражатпен де бітіруге болатынына көзім анық жеткендей болды. Кім біледі, осы айтылған мәселеге шынайы жанашырлықпен қарайтын, тиісті қорытынды шығаратын азаматтар арамызда әлі де бар шығар.
Ел ертеңін ойласақ, ең алдымен табиғаттың экологиялық тепе-теңдігін сақтауды жадымыздан шығармағанымыз да жөн-ау!

Сәбен ҚОЙШЫБАЙ,
ауылдық билер алқасының төрағасы.

Ақкөл ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support