- Advertisement -

Театрлар жұмысы жүйелі жүргізілуде

46

- Advertisement -

Облыстық «Аq jol» газетінің 11 шілде күнгі №75 (18725) санында «Халық театрлары қашанғы көлеңкеде қала бермек?» атты тақырыппен материал шықты.
Онда халықтық атаққа ие болған қос бірдей халық театрларының қолдауға зәру екендігі айтылған. Рас, мақала ішінде «Шу қаған» театрының режиссері мен «Шу» халық театры режиссерінің өз ауыздарынан шыққан сөздері келтірілген. Ал тұтастай алғанда жағдайдың қандай екендігін ауданның мәдениет саласына еңбегі сіңген, талай жылдардан бері осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған азамат ретінде өзім баяндап беруді жөн көрдім.
Жоғарыда аталған халық театрларының тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталған. Жарық көрген мақалада театр тарихы жайында бүкпесіз жазылған. Бұл саланы кезінде мен де басқардым. Халық театры менің басшылығым кезінде құрылғандығын да атап өткім келеді. Сондықтан осы саланы бүге-шігесіне дейін бақылап, бүгіні мен болашағына алаңдап отырғандықтан, мәселеге бейжай қарай алмадым. Сол себепті мақаладағы кейбір тұлғалардың пікірімен келіспейтін тұстарым бар.
Мәселен, «Шу қаған» халық театрының режиссері Ертай Мылқыбаев «театрлардың керек-жарағын түгендемек түгілі, «қандай да бір қолдау керек пе?» деп ешкім сұрап келмеді» деп, халық театрларына аудан басшылығы тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жүргенін айтады. Бұл қате пікір деп ойлаймын. Осы тұста, түсіндіріп өтетін жайт, театр «халықтық» болғандықтан, ондағы сахна сомдаушылары халық ішіндегі дарынды адамдардан құралады. Яғни халықтық театрдың мақсаты тұрғындар арасындағы өнерге құштар азаматтардың қабілетін оятып, оны одан әрі шыңдап, халықпен бірге жұмыс істеу болып табылады.
Шыны керек, біздегі «Шу қаған» және «Шу» халық театрларының режиссері осы күнге дейін тұрақты болмағандықтан, театрдың халықпен тығыз жұмыс жасауы расымен де ақсап келеді. Театрға бөлініп жатқан көңіл де, сахна киімі тағы басқасы жоқ емес, мүмкін кемшілік бар шығар, бірақ ол тек режиссердің тұрақтамауынан дер едім.
Атап өтерлігі, мәдениет үйіндегі әр қызметкердің бойында әншілік те, бишілік те, күйшілік те, тіпті актерлік қабілет те бар. Сондықтан халық театры көрерменге белгілі бір спектакль ұсынатын болса, ондағы образдарды театрға қабілеті бар мәдени қызметкерлер ұйымшылдықпен алып шығады.
Сол секілді «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің жұмысы да дәл осылай жұмыла атқарылып келеді. Мәселен, жуырда ғана өткен өнер додасы «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер конкурсының облыстық іріктеуіне қатысып, І жүлделі орынға ие болып, республикалық байқауға жолдама алған. Аталған республикалық байқауда «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазылар алқасының шешімімен «Әбдімомын Желдібаев» атындағы жүлдемен марапатталды.
Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінде «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль жанынан қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылған. Аталған өнер ұжымдарының барлығы да халық өнерпаздарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Сөзімді қорытындылай келе, көпшілік көкейінде аудандық мәдениет саласының жұмысы ақсап тұр екен деген пікір қалыптасып қалмаса екен деймін. Шын мәнінде ауданымызға жаңа тағайындалған басшы Жарылқасын Айтақов айтарлықтай көңіл бөліп, барынша қолдауы мен көмегін көрсетуден аянып қалмауда. Атап айтқанда, мәдениет үйінің ішінен дыбыс жазатын заманауи үлгідегі жаңа студия ашылуына, жаңа сахна киімдерінің тігілуіне, штат санының көбейіп, жұмыс сапасының одан әрі артуына өз ықпалын тигізуде. Ал аудан басшылығының тигізіп жатқан шарапатына аудан өнерпаздарының түрлі іс-шарада жұлдыздай жарқырай өнер көрсетулері білдірген алғыстарының дәлелі деуге болады.

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
«Құрмет», «Парасат»,
«Достық» ордендерінің,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің,
«Ұлт қайраткері» төсбелгісінің иегері, күйші-композитор,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support