- Advertisement -

Қаңғыбас иттер қайтсе азаяды?

21

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев үкіметтік емес ұйым өкілдері және бұқаралық ақпарат қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында басқарма басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарға сай белгіленген бастамалар туралы айтып, өзекті мәселелерге назар аударды.

Бүгінгі таңда тұрғындарды қаңғыбас иттер жайы көп алаңдататыны белгілі. Жиында сөз алған қоғам белсендісі Роза Мұсабаева мемлекет теңгеріміндегі қаңғыбас иттерге арналған панажайлардың сапасына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Ол осы ретте Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылында орналасқан «Ақтөс» панажайын мысалға келтірді. Жануарлар жанашыры Ирина Келлердің бастамасымен құрылған мекемеде 300-ден астам үй жануары бар.

Өз кезегінде Нұржас Нұрланұлы басқарма өз жұмысын ашық жүзеге асыратынын тілге тиек етіп, аудандарда орналасқан панажайлардың жай-күйімен танысуға шақырды.

– Бүгінде Байзақ және Жамбыл аудандарында қаңғыбас иттерге арналған панажайлар бар. Жануарларды ұстауға арналған орындар аудандық ветеринария бөлімдері мекемелерінің аумағында орналасқан. Мұнда үй жануарларының иелері табылғанға дейін немесе арнайы екпе шаралары жасалғанға дейін күтіп-баптайтын мамандар мен күзетшілер жұмыс атқарады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, Нұржас Құрмантаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас иттерді аулау ісі қалай жүзеге асатындығын айтты.

– Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмысы жүзеге аспас бұрын міндетті түрде жергілікті тұрғындарға бірнеше күн бұрын ескерту жасалады. Осыдан кейін ғана оларды қоршаған ортаға, адамдарға зиян келтірмейтіндей негізде аулау шаралары жүзеге асады. Аулау барысында тұрғындар үй жануарларын өз ауласында болуын қамтамасыз етуі қажет. Өйткені, бұл ретте көшеде иесіз жүрген иттің барлығы қаңғыбас иттер болып саналады. Ал ауланған иттер арнайы уақытша ұстау орындарында болып, олар туралы ақпарат әлеуметтік желі бойынша таратылады. Иесі табылған жануарлар тұрғындарға қайтарылып, одан өзгесі белгіленген талап-ережелер негізінде жойылады, – деді Н.Құрмантаев.

Бұдан бөлек, жиында ветеринария басқармасы реттейтін өзге де мәселелер қозғалып, дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары туралы екі жақты пікір алмасулар болды. Басқарма басшысы аталған мәселелер назарға алынып, бірлесіп шешу жолдары қаралатынын атап өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support