- Advertisement -

Қолдан жасалған қырғын

112

- Advertisement -

Қазақстанда үш дүркін, 1917-1918, 1921-1923, 1931-1933 жылдардағы нәубеттен 4 жарым миллионнан аса қазақ қынадай қырылды. 2 миллион қазақ шетел асып кеткен. 40 миллион малдан 3-ақ миллионы ғана қалған. «Халық әкесі» Сталин «Бұл пәледен тек осындай жолдармен ғана құтылуға болады» деп адам төзгісіз ашаршылықты қолдан жасаған.

Қазаққа қастық арыдан ойластырылған

Патшалық кезеңдегі II Екатерина: «Қазақтар өздерінің қайдан шыққанын білсе, дүниежүзін жаулап алар еді», – деген. Демек, сол кезден-ақ бізді жарты әлемді, Еуропаны жаулаған, орыстарды 300 жыл билеген Алтын Орда мұрагері санап, қысастық жасаумен келген.
Өткен тарихтан мол хабары бар Екатеринаның қазақтар туралы айтқанын жадында түйген Сталин ұлтты қырып-жою жоспарын ұзақ ойланып, зұлым жоспарын іске асырған.
Жалпы біреу білсе, біреу білмейтін мынадай да тарихи дерек бар: Сталин тарихшылар мен жазушыларды жинап алып, Шыңғыс ханның қазіргі ұрпағы кімдер екенін анықтауға тапсырма берген. Көп ұзамай олар Сталинге келіп, (Шыңғыс ханның қазіргі ұрпақтары – қазақтар» деп мәлімдеген. «Дәлел» дегенде, ең әуелі «хан» деген сөз қазақта ғана сақталып қалғанын алға тартқан. Өзбекті әмірлік, қырғызды бектер билегенін алға тартқан. Ал үлкен ұлы Жошының зираты Қазақстан жерінде (Ұлытауда) тұр.

Жер бетінен
жоюды көздеген

Қазақтарды құртудың әуелгі амалы олардың малын тартап алып, аштан қыру болды. Орысшыл «көсем» қазақ малын Мәскеуге жөнелтіп, орыстарды етпен қамтамасыз етті. Сталин өзін орыс санап, грузинмін деп есептемеген. «Должен быть единый советский народ и единый государственный язык, каковым должен быть русский», деген ол. Ленин де осы сарында, осы ниетте болған. Сөйтіп, «ұлы көсемдер» ұлы орыстық шовенизмге жол салып берген. Маңайындағылардың «Қазақтар аштан қырылып жатыр» деген хабарына Сталин шімірікпестен: «Этим желтым заразам так и надо», – деген. Оның осы пиғылын білген Қазақстанның бірінші басшысы Ф.И.Голощекин «Қазақстанға кіші Октябрь орнатып жатырмын» деп қазақтарды қойша қырғынға ұшыратты. Малдарын алып, өздерін қуғын-сүргінге салып, орынсыз айыптап, жала жауып түрмеге тоғытты. «Сондай-ақ РСФСР ҚК-нің баптары бұрмаланып қолданғандықтан «қылмыскерлердің» саны күрт өскен. Ал астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылғысы келмей, кеңес үкіметіне қарсы сөз айтқандардың іс-әрекеті «террористік акт» ретінде бағаланып, ҚК-тің 58-8-бабымен ату жазасына кесілген.
Мұндай үрдіс бүкіл Қазақстанды шарпыды. Тіпті Мойынқұмның бір Жаңатірлік (қазіргі Жамбыл) ауылындағы жантүршігерлік оқиғаларды әкем айтып отыратын.

Шет ауданындағы
шектен тыс жауыздық

Бір кездері (1867 жылы) патшалық Ресейдің Түркістан генерал-губерниясына бағынышты етіп құрылған Сырдария облысына қараған Шу өңірінің (1869-1870 жылдары) оң жақ беті Әулиеата оязына, ал сол жағы Пішкек оязына, тіпті Ақмола, Семей, Жетісу облыстарына қараған кездері де болған. Ал ұлы зобалаң-жаманшылық басталарда Жамбыл тауына дейінгі «Ақдала» болысы Қарқаралы оязының Шет ауданы ықпалымен «Сарбұлақ» болысы болып аталған. Қарағанды облысы Шет ауданы содырлары 1928-1930 жылдары партия шешімімен байларды тап ретінде жою науқаны тұсында өзгелермен қоса ілдәлдәп күнін көріп отырған үш старшыннан тұратын Жалайыр, Жаңабай, Көкірек, Шұбыртпалы-Уақ руларының малдарын қасқырдай талап, аз-маз астықтарын тартып алып, қаңғытып жіберген. Өздерін Өкіметтің талабын орындаушы ретінде «Қызыл Өкімет», «Қызыл Отау», «ГПУ» жасап, Жамбыл тауының «Сарбұлақ» аталатын бұлақ басынан штаб ашып, бекет құрады. Бірнеше киіз үй тігіп, ойын-сауық, қызойнақ отауына қыз-келіншектерді зорлап тоғытқан.
Жағдайларының бар-жоғына қарамастан тұрғын халықтың малдарын айдап алып, Қарағандыға жөнелтіліп жатты. Мыңдаған уақ мал мен ірі қара вагонға тиеліп, Ресейге жіберілді. Оның көбісі діттеген жеріне жетпей жолда қырылып, босқа рәсуа болды. Қара халықтың күнкөріс үшін ұстап отырған соңғы малы мен үнемдеп отырған ақырғы астығын тәркіледі. Қарсы келгендерді атты-асты, бұлаққа салып тұншықтырып өлтірді. Түрмеге жіберді. Онда да жағдай мәз емес еді. Мәселен, мұрағат құжаттарындағы «1933 жылы 65 орындық Әулиеата түрмесінде 1200 адам қамалған. Олар отырып ұйықтайды. Түрмеде аштан өлу жиі кездеседі. Аштан өлгендердің мүрдесі бірнеше күн камерада жатып қалады. Тұтқындар аштықтан бір-бірінің саусақтарын тістейді. Жергілікті әкімдер бұл жағдайға көңіл бөлмеуде» деген жантүршігерлік жолдар бар.
Бірде Шет ауданының қаныпезер содырлары орта ауқатты Айдосұлы Сембекті дегендеріне көнбегені үшін Сарбұлаққа тұншықтырып өлтіріп, көмусіз тастап кетеді. Тек бірер күннен кейін жақын туыстары ыстық күнде бүлінген мәйітті түйенің терісіне сап тігіп, ойға (Шуға) әкеп жерлеген.
Шет ауданы содырларының осындай ылаңын сол тұстағы көзі ашық, көкірегі ояу жалайыр Әбиболла Көшенов пен Әміребек Әжібаев қосаттылы екі жігітті Алматыға хабарға жібереді. Хат-хабар жетісімен Алматыдан 10 қарулы солдат келіп, бүлікшілердің соңына түседі. Алайда бұл жайды олар алдын ала біліп қойып, ізін суытып үлгереді. Ұзап қашып кетеді.
Мұндай жайлар бұл өңірде көптеп кездескен. Тіпті 30-40 адамнан топтап көмілген қойша қырылғандар қорғаны Сарбұлақта 1980 жылдарға дейін қалқайып тұрды. Сол тұстағы Шет ауданының хатшысы Зияда Айдаров, милиция начальнигі Қоңыр Шүмековтің таяз біліктілігі мен саяз саясаты салдарынан науқанды нәубет болды-ау дегенімізбен, жоғарғы жақтан қазақты жер бетінен жою туралы тапсырма болғанын қаперге алайық.

Қанша қазақ қырылды?

«Патшалық Ресей тұсында, яғни 1897 жылы Бүкілресейлік ресми санақ бойынша, әмбе Түркістан өңірінде тұратын өзбек, түркімен, қырғыз, тәжік, қарақалпақ – бәрін қосып есептегеннен қазақ екі есе артық болып шыққан, өз заманындағы саны мол отыз халықтың қатарынан орын алған қайран қазақ адам ақылы жетпес, қисынсыз апаттан соң аймақтағы алдыңғы орын не, өз жерінде азшылыққа айналды» делінген тарихи деректерде.
XIX ғасырдың соңына таман бар түркі халықтарын қосқандағы санынан екі есе көп болған қазақ қайда кетті? Әрине, геноцит, ұлт кемсіту; өткен ғасырларда өздерінен жоғары – үстем ұлтты көре алмау т.б. жалған намыстың салдарынан қазаққа сұрқиялықпен қырғынға ұшырады. Ғалымдарымыз соңғы ғасырдағы осындай және басқадай зұлматтарды бастан кешпегенде қазақтың бүгінгі саны 45-50 миллион шамасы болар еді дейді. Сондай-ақ қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді алып Қытай еліндегі Тарбағатай өңірінде 17 миллион халық тұратынын, оның жартысының қазақ екенін, бірақ олардың өздерін қазақпыз демейтінін өкінішпен айтады. Бұлар да – өткен ғасырлардағы әрқилы қуғын-сүргін салдарынан елінен ауып, жат елге сіңіп жұтылған, дінінен, тілінен әлдеқашан айырылған, қазақилық рухтан ада болған бауырларымыз.
Кейінгі жылдары айтылып жүргендей, ашаршылық пен қуғын-сүргін, репрессияның мазмұн-мағынасын екі бөліп қарап, әрқайсысына өзінше күн белгілеген жөн.
Не десе де, тарих ақиқатындағы мейлі өткен, мейлі бүгінгі болмыстың ағын-ақ, қарасын – қара, дұрысын – дұрыс, бұрысын – бұрыс деп жеткізу – әрбір ары таза адамның парызы деп ұғынғаны жөн. Әйтпесе, сатқындық, екіжүзділік, жәдүгейлік, жемқорлық біздің түбімізге жетеді. Жалған емес, адал отаншылдық керек! Сонда ғана қоғам рухани жаңғырады. Еліміздің егемендігі мәңгі сақталады.

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ,
еңбек ардагері.
Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support