Қабірінің асқақтығы қадірінің асқақтығын білдірмейді

Қабірінің асқақтығы қадірінің асқақтығын білдірмейді
ашық дереккөз
Қабірінің асқақтығы қадірінің асқақтығын білдірмейді

Біз – әлімсақтан мұсылманбыз. Дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран. Дегенмен кейінгі кездерде көрініс берген кейбір келеңсіздіктер ойландырмай қоймайды. Діни жоралғылардың маңыздыларының бірі – марқұм болған кісіні жерлеу. Міне, осы мәселе қазіргі кезде әртүрлі көзқарастың туындауына себепкер болып тұр. Қасиетті Рамазан айында көпшілік санасына сәулелі ой салып, дұрыс жағына шақырып қойғанды жөн санадық.

«тайы озсын» деп тілейтін көршінің көмегі қайда?

Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз бар. Көрші отырған отбасымен тату-тәтті болуды шариғат бұйырады екен. Әрине, тату көршілер өте көп. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Алайда оның жанашырлығы қазаның үстінде байқалады. Жаназаның кезінде сезіледі. Өмір болған соң, өлім де бар. Бұл жағдай ертелі-кеш жұрттың бәрінің басына келеді. Қазіргі таңда кісісі қаза болған отбасы ең алдымен жылқы, жыртыс, дастарқан іздеп кетеді. Марқұмды жоқтау, мұсылманның шартымен жуындырып, ертерек жерлеу екінші кезекте қалып қояды. Негізінен туысы қайтыс болған үйдің қонақтарын күтуді, молда шақыру, көлік әзірлеуді көршілер атқаруы тиіс. Ал туыс-бауырлары, ұл-қыздары марқұмды жоқтап, аза тұтады. Қайғырып, қара жамылады. Қазан көтеріп, ас әзірлеп жүрмейді. Мұхаммед пайғамбардың «Кісі қайтыс болған үйден үш күнге дейін тамақ ішкендер бізден емес» деген хадисі бар. Қатаң айтылған. Сондықтан кісі қайтыс болған үйде қазан көтерілмеуі керек. Барлық асты көршілер әзірлеп, солар қызметке жарауы тиіс. Бұл шариғат талаптарына да сай. Себебі дүние – кезек. Ал қонақасыға жайылған дастарқан мәзірінің қарапайым болуы керек. Облыстық зиялы қауым, дін өкілдерінің бастама көтеріп, айтып та жатыр. Бұл – барша көпшілік ойланатын мәселе.

«мазарлар жарысы» мәресіне жете ме?

Дін өкілдерінің айтуынша, шариғат қайтыс болған кісіні ертерек жерлеуді бұйырады. Исламның талабы бойынша мұсылман отбасы үш нәрсеге асығуы керек екен. Намазын уақтылы оқуға, бойжеткен қызды тұрмысқа беруге, кісісі қайтыс болса, ертерек жерлеуі тиіс. Осы үш нәрсеге асығу – мұсылманның міндеті. Өкінішке қарай бүгінгі таңда бұл үш талап та орындалып жатқан жоқ. Әсіресе қайтыс болғанда бірнеше күнге дейін мәйітті сақтап қою әдетке айналды. «Арқадағы қызы келсін, Оралдағы құдасы келсін, Қостанайдағы төркіндері жетсін» дегендей себептермен шариғат талабы орындалмайды кейде. Келесі мәселе – мазар салу. Марқұмды жерлеп бітпестен мазарды биіктету мәселесіне кірісетіндер көп. Солардың көбісі ата-анасына тірі кезінде құрмет көрсетпегендер деп ойлаймын. Ата-ана өз ұрпағынан тірісінде көрмеген жақсылықты қабірде қажетісіне ме? Дін өкілдерінің айтуынша, шариғатта үлкен үйдей, зәулім-зәулім мазар салудың түкке қажеті жоқ. Лай кесекпен қабірді қоршасақ та жетеді. Кейін жаңбыр, қардың суы шайып, әлгі қоршау жермен-жексен болып кетуі керек. Шариғат талабы солай екен, дінтанушылар да соны айтады. Бірақ қазір зәулім мазар салу жарысқа айналып, бәсекенің негізгі өзегі болып тұр. Өзіңіз ойлап көріңізші. Сәулеті жарасып, қоюшының дәулетін әйгілеп тұратын ерекше қабір кімге қажет, кімге пайда береді? Әлде әлдекімдер үшін зор мақтаныш па екен? Жер бетінде қанша адам бар, бәрі де марқұм болады. Сонда жердің бетінің бәрін мүрде басып кетпей ме? Онсызда ауылдарда «Анау атаның мүрдесі», «Мынау рудың моласы» деген қорымдар көп-ақ. Көзі тірісінде қорымын сайлап жүргендерге не дерсің? Қос-қос мазарды да көз көрді

Марқұмға бір қабір жетуші еді, қазір бірнеше қабір әзірленетін болды. Мысалы, қазасы жетіп, көлік апатынан көз жұмғандарға сол тас жолдың бойынан бір белгі қояды. Кейде марқұмның суретімен, тас қалап әуреге түседі. Бірақ ол жерде адам жерленбейді. Оның жерленген жеріне тағы тамдай биік мазар тұрғызылады. Осының бәрі, дін өкілдерінің айтуынша, шариғатқа қарсы тірліктер. Жол бойына марқұмдарға белгі қоюдың не қажеті бар? Ол тек сол жолмен өткендерге үрей туғызады. Содан кейін «Әр елдің салты басқа» дегендей, сырт облыстарда мазардың неше түрін кездестіресің. Пойызбен әрі-бері өткенде байқаймыз. Қызылорда жақта көлемді қабір тұрғызып, оған үлкен әріптермен марқұмның атын жазып қояды. Ол неге қажет? Кісісі қайтыс болған үйдің бейнекамера, суретші жалдап әуреге түсіп жатқанын талай көрдік. Той-жиынның жөні бөлек, қайтыс болған кісіні таспадан қайта-қайта көріп отырудың мәні бар ма? Біз бұл мәселеге қатысты маманнан пікір сұраған едік. Ержан Аманбаев, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы: – Елдің тұрмыстық әлеуеті жақсарған сайын адамдар дін тұрғысынан да түрлі тосын жағдайларды шығарып жатыр. Негізі, Ислам діні жеңілдікті қалайды. Қайтыс болған кісіні жылдам жерлеу – артындағы жақындарының парызы. Басқа қосымша жағдайлар шариғатта жоқ. Биік-биік мүрде салу да шариғатқа қарсы. Кісісі қайтыс болған үйдің көршілері барлық жағынан көмек бергені жөн. Шариғат мұны құптайды. Сондықтан дін мәселесінде әркімнің әрнәрсені ойдан шығара беруі дұрыс емес. Қандай жағдайды болса да, мешіт имамдарымен ақылдасып, білмегендерін сұрап алғандары ләзім.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар