- Advertisement -

Тұрғындар биыл да ыстық судан тарықпайды

93

- Advertisement -

Бүгінде шаһар тұрғындарының ыстық суды қыста ғана емес, жаз айларында да пайдалану мүмкіндігіне ие болып, бұл жағдай үйреншікті үрдіске де айнала бастағаны белгілі. Алайда қазіргі уақытта ыстық судың көп қабатты үйлерге үзіліспен берілуі, тіпті кей жерлерде мүлдем тоқтатылуы тұрғындардың алаңдаушылығын да туындатуда.Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында осы және басқа да мәселелер әңгіме арқауы болды.
Әуелі сөз кезегін алған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Князь Тұртаева сәуір айының алғашқы онкүндігінде орташа ауа температурасы күндіз 10-25, ал түнде 5-10 градус аралығында жылы болуына байланысты жергілікті атқарушы органдар шешіміне сәйкес жылыту маусымы биыл 7 сәуірде тоқтатылғанын, энергияны өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар магистральды және ішкі орамдық жылу желілерін жөндеу және қысыммен тексеру жұмыстарын жүргізе бастайтынын айтып өтті. Аталған жұмыстар 15-20 күнге созылады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бүгінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласы аумағындағы жылу желілерін қайта жаңғыртудың екі өтпелі жобасы мен қайта калпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты екінші (М-2) магистраль бойынша Жамбыл даңғылы, Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев және төртінші (М-4) магистраль бойынша Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойындағы тұрғын үйлердің 30 пайызына ыстық су беру уақытша тоқтатыла тұрмақ. Сондай-ақ «Таразэнергоорталық» АҚ көп қабатты 610 тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етеді. Дегенмен қаланың жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарында кезең-кезеңімен өшірулер орын алатын болады.
– Жалпы жылу құбыры жүйесінің ұзындығы 188 шақырымды құрайды. Біреуі ауыстырылып жатса, екіншісі істен шығады. Жалпы олардың 72 пайызға жуығы әбден ескіріп, тозған. Биылғы қысқы жылыту маусымы барысында, міне, осындай ақаулы құбырлардың су қысымына төтеп бере алмай, «сыр» беруінің 40-қа жуық дерегі тіркелді. Мысалы қазір құбырлары алмастырылып жатқан 5 шақырымдық екінші магистраль 1972 жылы, ал 4,1 шақырымдық төртінші магистраль 1981 жылы жүргізілген. Бұдан басқа ішкі орамдық жылу құбыры желілері де жаңғыртылуда, – деді «Таразтрансэнерго» МКК директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жогибаев.
«Таразэнергоорталық» АҚ-ның президенті Әбутәліп Серікбаев жылу тұтынатын тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қыс айларында үзіліссіз жылу беруді қамтамасыз ету мен жөндеу жұмыстарына кеңірек тоқталып өтті.
Алдағы уақытта «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының 1-АҚ жылу көзінен қаладағы көп пәтерлі 83 тұрғын үйге 1 мамырдан бастап 16 қыркүйекке дейін «Қаратау», «Қарасу» тұрғын алқаптарына, «Қант қалашығы» шағын ауданына ыстық су беру көзделген. Сондай-ақ «Темір Жол-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бойынша Байзақ батыр көшесіндегі «Газовка» қазандығы арқылы көппәтерлі 19 тұрғын үйді 1 мамырдан бастап 5 маусымға дейін ыстық сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы қала бойынша биыл көпқабатты 712 тұрғын үйге ыстық су беріледі деп күтілуде.
Басқосуда БАҚ өкілдері тарапынан қойылған басқа да сұрақтарға тиісінше жауаптар қайтарылды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support