- Advertisement -

Баға бағамы тұрақты бақылауда болады

40

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өңірдегі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған жұмысшы тобының отырысы өтті. Жиында өңірдегі әлеуметтік тұрақтандыру қорына жұмыс істеудің жаңа тәртібін енгізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ өңір басшысы бір ай мерзімде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Отырыс барысында сөз алған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері аталмыш өзгеріс аймақтағы негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақты ұстап тұру қажеттілігінен туындағанын айтты. Осыған орай қор жұмысын жетілдіру үшін арнайы ереже қабылданатыны мәлімделді. Корпорация өкілдерінің айтуынша, ереже қабылданған жағдайда баға саясаты әр жұма сайын қаралып, тұрақты түрде бақыланып отырмақ.
Жиында белгілі болғанындай, наурыз айында облыс көлемінде азық-түлік өнімдерінің бағасы 1,1 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде ет, ұн өнімдері де бар. Ал өңірлік тұрақтандыру қорының бағаны шарықтатпай, бір қалыпта ұстап тұруға шамасы келер емес. Қынжылтатыны, бұл – жылда қайталанатын жағдай. Басты себеп – азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігінен емес, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауында.
Асқар Исабекұлы бұл ретте бағаны тұрақты ұстау үшін әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша талдау жасау қажеттігін айтты. Мәселен, бір жыл көлемінде халық ең көп тұтынатын азық-түлікке жан-жақты зерделеу жасауға болады.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы мамандары көкөніс, жұмыртқа, қант секілді өнімдердің қымбаттауы уақытша құбылыс екенін айтады. Ал ұн, нан, қарақұмық, ет, күнбағыс майы бағасының өзгеруі маусымдық емес, тұрақты нарық құбылыстарымен байланысты. Тұрақтандыру қорына қатысты қабылданғалы отырған ереже іске қосылса, бұл олқылықтар да ретке келмек.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, аталған мәселе бойынша бір ай көлемінде зерделеу жұмыстары жүргізілген. Оның нәтижесінде белгілі болған жағдайға орай, басқарма тарапынан ұсыныс та айтылған.
– Сол ұсыныстарға сәйкес осы тұрақтандыру қорын қалыптастырудың өзіміздің облыстағы арнайы ережесі қалыптасатын болады деген шешім қабылданды. Бұл тұрғыда «Аталмыш ереже не бермек, тиімділігі қандай болмақ?» – деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Біріншіден, әлеуметтік тауарларды сатып алған кезде алдын ала сатып алу мәселесі және қаншалықты, қандай талап қойылатыны белгіленеді. Одан кейінгі мәселе, қазір баға өскен кезде төмендету шаралары бойынша ғана жұмыс басталатын болса, енді осы ереженің арқасында әр жұма сайын мониторинг жүргізіледі. Оған қоғамдық ұйымдар да белсене қатысады. Осылайша, біз тұрақтандыру қорының аясындағы жұмыстарды жандандырып, нақты ереже қабылдап, ол ережеде барлық жаңадан қабылданған шешімдер жазылып көрсетілетін болады, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Жиында бұдан бөлек, арзандатылған азық-түлік өнімдері сатылатын коммуналдық базардың жайы да сөз болды. Алайда, бұл сауда орнының жағдайы мәз емес болып шықты. Сонымен қатар мұндай базардың бар екенін көпшілік біле бермейтіні де айтылды. Әрі мұндағы бағаның өзге жерлермен салыстырғанда, арзан екендігіне де күмән бар екен.
Осы жайттарды ескере отырып, облыс әкімі коммуналдық базардың тиісті талапқа сай, халыққа қызмет көрсететіндей жер болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған сауда орнының қызмет ететінін халыққа жеткізу мақсатында жарнамасы жасалуы тиістігін атап өтті. Бұдан бөлек, азық-түлік бағалары қымбат сатылған жағдайда, хабарласып, шағым айта алатын сенім телефоны да жұмыс істеуі керектігін айтты. Ал қаланың өзге де аумақтарында қанша әлеуметтік дүңгіршектер қажет екендігін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Тараз қаласының әкімдігіне анықтау міндеттелді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, сондай-ақ аймақтағы ет бағытындағы шаруашылықтарға атқарушы билік тарапынан тиісінше қолдау көрсетіліп жатқандығына қарамастан, олардың облыс экономикасының дамуына тигізіп жатқан пайдасының шамалы екендігін сынға алды. Мәселен, Қордай, Меркі аудандарындағы мал бордақылаумен айналысатын кооперативтер өз өнімдерін Алматыға өткереді. Ал бұл – өзіміздің облыстың етке деген сұранысын қанағаттандырмайды деген сөз. Сондықтан келешекте осындай өз қалтасының қамын ғана ойлайтын шаруа қожалықтарына субсидия беруде бірқатар талаптар енгізілуі мүмкін екендігі айтылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support