- Advertisement -

41

- Advertisement -

Отағасы Мұрат Шәріпов екеуміздің қырдың
қызыл гүліндей құлпырған 8 қызымыз бар

Қазақ халқы «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді текке айтпаған. Отағасы Мұрат Шәріпов екеуміздің бүгінде қырдың қызыл гүліндей құлпырған сегіз қызымыз бар. Шүкір, өткен жылдың күзінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораз облысымызға келген сапарында бір бөлмелі пәтер алдық. Бұл іске облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті қызметкерлерінің қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері ретінде бізге қолұшын бергендері үшін ризамыз.
Анам Оразкүл Иманбаева да он баланы өмірге әкеліпті. Көп балалы отбасында өскендіктен, мен де сәби біткенді жақсы көремін. Қайын атам Алмаханбет Шәріпов Ұлы Отан соғысының ардагері болса, енем Сара Қонарбаева – алты баланы өмірге әкелген «Күміс алқалы» ана.
Қайын атамыз Берлинге дейін шайқасып қайтқан кісі. Мен жаңадан келін болып түсерде ол кісі өмірден озған. Ұзақ жыл қайын енемнің қолында тұрып, сол кісіні бағып-қақтым. Алғысын алдым. Өмірден озған сәтінде де барлық рәсімді жасап, әруағын ардақтадық. Одан жаман болған жоқпын. Бірнеше перзентті өмірге әкелдім. 2017 жылдың аяғында Тараз қаласына көшіп келдік, әуелі 40 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрдық. Жоғарыда айтқанымдай, былтыр күзде имандылық жолындағы жақсы ағалардың қолдауымен, кәсіпкерлер Бименде Сәдуақасов пен Эльмира Ыбыраеваның көмегімен Тараз қаласы, Қапал көшесінен бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Бір бөлмелі болғанмен, үлкен. Әзірше жетеді. Бұған да шүкір дедік.
Қыздарымның ішінде қара жаяуы жоқ. Барлығы оқу, білім, өнерге талпынып тұр. Үлкенім Жанар биыл Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін легопед-дефоктолог мамандығы бойынша грант жүйесімен бітіргелі тұрса, Анар аталған университетте биология мамандығы бойынша ақылы негізде білім алып жатыр. Шынар – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің бастауыш білім беру мамандығының студенті. Грантта оқиды. Әсемай, Ұлдана, Әйгерім – Тараздағы №23 орта мектептің озат оқушылары. Жадыра – 5, кішкентай Көркем – 2 жаста. Жанар мен Анар домбырамен күй тартуға құштар болса, Әйгерім сурет салады. Әсемай мен Ұлдана да өнерге ынтық. Ең бастысы барлығының көңілдері аппақ, жүректері таза.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барлық ақ жаулықты аналар мен аяулы аруларды мерекемен құттықтаймын. Жүректеріңіз жылылыққа толы болсын!

Айгүл ӘМІРЕЕВА,
«Алтын алқа» иегері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support