ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

48

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл – мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Нәтижесінде биыл жастарды жұмыспен қамтуда жаңа бастамалар қолға алынбақшы. Мәселен, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге «Жас кәсіпкер» жобасы –үлкен қолдау. Ал жас мамандар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында мүмкіндіктер кеңейе түсетініне қуанады. Дегенмен өскелең ұрпақ Жастар жылында басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін тапса екен деп күтеді.
Олар бұл ойын аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырған «Жастар – кемелді болашақ үшін!» атты жас мұғалімдердің форумында ашық айтты. Жастардың бойында қиындықтар мен кедергілерге мойымайтын ерекше күш-қайрат бар. Егер жігерін жасытпай, қолдау білдірсе, бұл түйткілдерді де өздері бірлесе шешуге дайын екендіктерін байқатты.
– Жастар жылында жас ұстаздардың басын қосып форум өткізудегі мақсатымыз – оларға барынша қолдау көрсету. Бүгінгі шарада жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруға жас педагогтеріміз де атсалысуға дайын екендіктерін көрсетті. Ой-пікірлерін іркіп қалған жоқ. Ұсыныстары да назар аударарлық екен, – деген аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова форум барысындағы «Еркін ой мінбері» бөлімінің ерекшелігін атап өтті.
Өзгеше форматта өткен форумда жас педагогтер өз ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірқатары – еңбек жастарының әлеуетін көтеруге септігін тигізу, инновациялық жобаларды түрлі байқауларға қатыстыру, стартаптарға гранттар бөлу, спорт кешендері мен бассейн салып, спорт түрлерін дамыту секілді әлеуметтік-экономикалық мәні бар бастамалар.

Т.Рысқұлов ауданы.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.