Ұлт құндылықтарынан сыр шерткен

24

«Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихтан сыр шертетін, әр тарауы ұлттық идеяға тұнып тұрған мақаланы оқыған әрбір қазақтың кеудесін зор мақтаныш сезімі кернейтіні ақиқат. Себебі бұл мақала Ұлы Даланы мекен еткен қазақ ұлтының бай тарихын, өмірлік ұстанымдары мен түбі бір түркі жұртының құндылықтары туралы жаңаша көзқарастағы ойларды қаузауымен құнды. Тарихи-пәлсапалық мақаланы оқып отырып, сан түрлі ойға шомасың, сартап дала, жусанды қырды мекен еткен халықтың рухани құндылықтарының аса мол екендігіне көзіңді жеткізіп, рухтана түсесің.

Даңқты бабаларымыз көшпелі дала мәдениетін қалыптастырып, табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. Соның нәтижесінде ұрпаққа мұра қылып, бай тарих, өшпес із қалдырды. Олар біздің ажырамас құндылықтарымыз. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты Президенттің мақаласы күллі қазақтың бойында ұлттық мақтаныш пен ұлттық намысты, ұлтжандылық пен отансүйгіштікті дамытатын құрал. Ұлттық идеологияның қайнар көзі.
Мемлекет басшысы «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру қажеттігін айтып, қоғамның, баршамыздың алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Бұл шын мәнінде де өте ауқымды жұмыс.
Елбасы өзінің жаңа еңбегінде Қазақстанды күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы» деп атап көрсетті. Ол шындығында да солай ғой. Мұны жалпы мойындалған, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін дәйек десек те қателеспейміз. Президент «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алуымыз қажет деген тың бастаманы айтып, осы жоба аясында Астанада түркологтердің дүниежүзілік конгресін өткізуді тапсырды. Бұл түркі халықтарының басын қосатын, рухани үндестікті өркендететін қадамдар екені тайға таңба басқандай аян.
«Архив–2025» атты жеті жылдық бағдарлама нақты іске асқанда төл тарихымыздың жаңа парақтары ашылатыны анық. Түсінген адамға архив ұлтымыздың жады әрі жаны саналады. Жалпы, шетелдерде жатқан ұлт тарихы жинақталса, одан қазақ халқының ұтатыны айқын.
«Ұлы Дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі мен «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын қолға алу, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жобаларының да біз үшін маңызы зор дер едім. Жоғарыда аталған жобаларды Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыру қажет деп атап көрсету арқылы екі мақаланың үндестігін дәлелдей түсті.
«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады». Елбасының осы бір сөздері – ұлы мұраттарды алға қойған ұлт азаматтарын жаңа биіктерді бағындыруға бастайтыны талас тудырмайды.
Мақаладағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты тарауы көпшілікті толғандыра түседі. Бұл кино өнерінің тарландарына аса зор жауапкершілік пен міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Өйткені төл тарихымызды көгілдір экранға шығарған кезде енді біз ұлылығымызбен, дала философиясын көрсете алатындығымызбен жаһанды мойындатуға күш салуымыз керек деп ойлаймын.
«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты бөлім түркі-қазақ халқының ауызша мәдениетінің терең де мәнді астарын қамтитыны аян.
«Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деу арқылы Елбасы біздің мемлекеттің табиғи байлығын да айшықтап тұр. Осы арқылы Қазақстанның тағы бір табиғи байлығына танымдық тұрғыдан баға береді. Көздің жауын алатын қызғалдақтарды бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Алайда соны өзіміздің байлығымыз ретінде қадірлей алмай жүрген шағымызда Мемлекет басшысының көрегенділік танытқаны қуантады.
Түгел сөздің түйіні сол, ұлт тарихының темірқазығы іспеттес болған мақала бізге бағдар болды. Қай бағытта жұмыс істеу керектігін көрсетті. Енді Елбасы айтқан баянды бастамаларды жүзеге асыру – парыз.

Меруерт КЕЙКІМАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті физика кафедрасының меңгерушісі.

Жібек СЫЛҚЫМОВА,
физика кафедрасының
аға оқытушысы.

Comments are closed.