- Advertisement -

Ел экономикасы еңбекпен еселенеді

92

- Advertisement -

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында аудан әкімі Досмаханбет Алиев тұрғындар алдында 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы қорытынды есебін берді. Алқалы жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты.
– Аудан бойынша өндіріліген өнімнің және қызметтердің көлемі 36 миллиард 308 миллион 200 мың теңгені құрап, 106,8 пайызға орындалды. 2018 жылы 18 миллиард 363 миллион 500 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл – өткен жылғыдан 4 миллиард 46 миллион 700 мың теңгеге артық. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 18 миллиард 211 миллион 700 мың теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылған. Олар – жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company», жылына 300 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы «Жамбыл-Недр» және 110 мың тонна мәрмәр тасын шығаратын «Қаратау-Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Алайда бүгінгі күні 3 жобаның біреуі — «Жамбыл Недр» ЖШС толық қуаттылығына шыға алмай отыр.
2018 жылы барлығы 10289 тонна цемент және 6473 тонна клинкер шикізаты өндірілді. Себебі зауытқа жүргізілген инфрақұрылым толық аяқталмаған, яғни орнатылған қосалқы станса электр желілеріне қосылмаған.

Ағымдағы жылғы зауыт жұмысын толық автоматтандыру және цементтің сапасын арттыру мақсатында қосымша цех құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауданға 1 миллиард 750 миллион теңге инвестиция тартылатын болады.
Сонымен қатар қуаттылығы 4,5 мВт-ты құрайтын жел электр энергиясын өндіру үшін «Wind Power city» және «Wind Electricity» ЖШС-на 21 гектар жер учаскесі бөлінсе, «Азмина-Мрамор», «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС кәсіпорындары іске қосылып, өнім шығара бастады. Алдағы уақытта «Амангелді Газ» ЖШС-ның «Айрақты» кен орнында ұңғымалар пайдалануға беріледі деп күтілуде.
2018 жылы «Меркі ет комбинаты» және «Оңтүстік халал ет тағамдары» ЖШС-на 264 тонна қозы еті өткізіліп, жоспар 100,4 пайыз артығымен орындалды. Сиыр еті экспорты бойынша 52 тонна ет өткізіліп, жоспар 104 пайыз орындалды.
Одан бөлек, өткен жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 3-ші және 5-мөлтек ауданындағы 6 көп қабатты тұрғын үй жөндеуден өтіп, 440 отбасы баспаналы болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында Қасқабұлақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалауға берілсе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сейілбек, Тұрымқұл елді мекендерінде 5 келушіге арналған медициналық пунктер бой көтерді.
Ауданның жер қорында егістік жер 21 мың 413 гектар болса, оның ішінде суармалысы 12 мың 193 гектарды құрайды. Өткен жылы осы суармалы жердің 5 мың 126 гектары игерілді. Қалған игерілмеген 7067 гектардың 6176 гектары Талас өзенінің төменгі бөлігінде орналасқан. Осыған байланысты, су беру маусымы кезінде өзендегі су мөлшері төмендеп, суармалы егістікті толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан алдағы уақытта Талас ауданы мен Байзақ ауданының шекарасынан «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда.
Суармалы жерлерді толық игеру мақсатында 2017-2018 жылдары 28 тозығы жеткен бетон каналдары «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының меншігіне өткізілген. Ағымдағы жылы аудандағы 14 су нысандары өткізіледі. Осы су шаруашылық нысандарын «Казсушар» кәсіпорны «Азия даму» банкі арқылы ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жөндеу жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеп отыр.
Сонымен қатар алдағы уақытта суармалы жерлерді толық игеру мақсатында өткен жылы облыста құрылған коммуналдық мехотряд қызметін пайдалану есебінен аудандағы каналдарды қайта қалпына келтіруіміз қажет.
Осыған байланысты Тамды су жүйесі алабындағы тозығы жеткен 6,1 шақырым магистральды темір бетон науаларын қайта қалпына келтірген жағдайда 1200 гектар алқапты толығымен және уақтылы сумен қамтуға болады.
Аудандағы 24 елді мекенге – Қаратау қаласы мен 14 ауылдық елді мекенге газ құбыры тартылған. Бұл – жалпы елді мекендердің санының 62,5 пайызын құрайды.
Талас ауданының 5 елді мекені Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр және Сарысу ауданының 4 елді мекеніне (Әбілдә, Тоғызкент, Майлыкөл, Досбол) тартылатын газ құбырын салуға 2018 жылы 2 миллиард 344 миллион 588 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2019 жыл, – деді аудан әкімі Д.Алиев.
Сондай-ақ 10 миллиард 834 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Яғни жоспар 102,3 пайызға орындалған. Есепті баяндамадан соң ауыл тұрғындарының талап-тілегін жеткізген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы:
– Кеңес ауылдық округіне қарасты «Бөлекқызыл» су қоймасын өткен жылдары су шайып кеткен болатын. 22 миллион текше метр су жинауға қауқарлы қойма қалпына келтірілсе, төңіректегі ауыл тұрғындарына көп көмек болар еді,– десе, Ә.Сағынтаев атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағынбек Тілеубердиев үшаралдық дихандардың су тапшылығынан ойдағыдай өнім ала алмай отырғандығын алға тартты.
Көтерілген мәселеге қатысты Досмаханбет Қасымұлы:
– «Бөлекқызыл» су қоймасы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде. Өткен жылдың соңында нысанды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев арнайы келіп көрген болатын. Мәселе нақты шешімін табады. Бүгінде «Киров» қоймасындағы су қоры жеткілікті. Алдағы маусымда су тапшылығы біліне қоймас, – деп жауап берді.
Жиында аудан тұрғындары А.Байділдаев, И.Алдабергенов, Қ.Әбдиев, Ғ.Жосыбеков, М.Мылтықбаев, С.Жұмаханова, Қ.Елгезекованың жол құрылысына, ауылға газ құбырын тартуға, ауызсу, пәтер кезегі және өзге де сауалдарына аудан әкімі жауап берді:
– Қасқабұлақ ауылын жалғайтын 12 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Сәтін салса, бұл мәселе реттеледі. Ал Ақкөл, Қызыләуіт ауылына газ құбырын тартуға қатысты бюджеттік өтінім берілді. Жобаның құны 3,2 миллиард теңгені құрайды. Бюджетті нақтылау барысында бұл жұмыс шешімін табады деп сенемін. Темір жолдың арғы бетіндегі көшелерді қалпына келтіруді кезең-кезеңімен іске асыратын боламыз.
Тұрғын үй кезегі арқылы алған пәтерін жалға беретін азаматтарды анықтап, тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз. «Көктал» су қоймасынан шығатын 32 шақырым құбырдың тозығы жеткендіктен, қала тұрғындары ауызсуды тұрақты тұтына алмай отыр. Көп ұзатпай оны да қалпына келтіреміз,– деді.
– Аймақта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Біз статистикалық мәліметтерге сүйенеміз, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов, – Индикатор орындалған соң міндетті атқардық дейміз. Алайда шешілмеген мәселелер шығып жатады. Бұл бюджет есебінен берілген тапсырманы бағалап, бақылау емес, алдымен ел экономикасын көтеруіміз керек. Халықтың 50 пайызы ауылда тұрады. Олардың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін тұрғындарды іске ынталандыруымыз қажет.
Кооператив құру – ауыл жағдайын жақсартуға бағытталған қадам. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Ауданда кооперативтің саны аз. Қаражат жағын біз шешеміз. Сіздер шаруа қожалықтарымен кездесіп, ұйымдастыру жағын қолға алыңыздар.
Өңір басшысының айтуына қарағанда, биылдан бастап ауыл әкімдерінің аудан әкіміне арналған жұмыс ережесі бекітілмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлердің даму жоспары жасалуда. Жаңа жоспарда кооперативтердің санын арттыру, суармалы жерлерді игеру сынды мәселелер қамтылмақ.
Асқар Исабекұлы сөз соңында: – «Тоған, каналдарды қалпына келтіріп, су көзіне қатысты сұрақтарды шешуіміз керек. Таластың басқа аудандарға қарағанда әлеуеті жоғары. Елдің экономикасын көтеру үшін мүмкіндіктерді толығымен пайдалануға тиіспіз», – деп түйткілдерді шешуді тапсырды. Өйткені өңірде шешімін күткен мәселелер аз емес. Бір ғана мысал, бүгінде аудан көлемінде ет бағытында бар-жоғы 4 қана ауыл шаруашылық кооперативі жұмыс істесе, сүт бағытында әлі күнге бірде-бір кооператив құрылмаған. Аудан аумағында 21 мың гектар егістік жер, оның ішінде 12 мың гектары суармалы. Десек те оның жартысына жуығы ескерусіз жатыр. Өткен жылы таластық 59 жас «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқытудан өткенімен, олардың ешбірі өз кәсібін ашуға арналған несиеге қол жеткізбеген.
Есепті жиынды қорытындылаған Асқар Исабекұлы аудандағы кәсіпорындардың әлеуетіне орай жүктемесін де арттыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ бұл орайда жергілікті басшыларға зор жауапкершілік арттырылатынын, алдағы уақытта аудан, ауылдық округ әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі бекітілетінін тілге тиек етті. Ал Досмаханбет Қасымұлы айтылған ұсыныстарды бақылауға алатындығын жеткізді. Жергілікті халық аудан басшысының есебіне оң бағасын берді.

Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support